• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Шілде, 2021

Елордалық полицейлер жасырын есірткі зертханасын тапты

182 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері синтетикалық есірткі өндіретін құпия зертхананы тауып, иесін қамауға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Есірткі зертханасы мефедрон және амфетамин сияқты синтетикалық есірткі өндірумен айналысқаны белгілі болды.

«Есірткі зертханасы мен оларды әрі қарай сату үшін ұйымдастырылған интернет-дүкен елорданың элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде жалдамалы пәтерде орналасқан. «Өндіріс» ұйымдастырушысы синтетикалық есірткіні өндіру және одан әрі сату үшін алған білімдерін пайдаланған 27 жастағы сертификатталған биотехнолог екені анықталды. Тінту барысында күдіктіден синтетикалық есірткілерді дайындау формулалары бар дәптер, электронды таразылар, психоактивті заттарды өндіруге арналған химиялық компоненттер, психотроптық заттар салынған колбалар, буып-түюге арналған полиэтилен пакеттер, есірткі дилері өткізген дербес компьютер, сондай-ақ салмағы 10 грамнан асатын сатуға дайын «синтетика» табылып, тәркіленді», деп хабарлады полициядан.

Ұсталған адам есірткіні өзінің интернет-дүкені арқылы адамдар көп жиналатын жерлерде, саябақтарда және ойын алаңдарында қалдырған бетбелгілер арқылы сатқан.

«Елорданың қалалық саябақтарының бірінде жедел-тергеу іс-шаралары барысында ұсталған азамат полиция қызметкерлеріне есірткі салынған қоқыс жәшіктерін көрсетті. Жүргізілген операция нәтижесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан синтетикалық есірткінің 60-тан астам бір реттік дозасын тәркіледі», деп толықтырды полиция.

Күдікті қамауға алынып, Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін айып тағылды.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, жыл басынан бері бұл екінші оқиға. Бұдан бұрын алты ай ішінде заңсыз айналымнан 45 килограмнан астам түрлі есірткі құралдары, оның ішінде героин, марихуана, гашиш және синтетикалық есірткі тәркіленген зертхана табылды. 12 қылмыстық іс қозғалды.