Синтетикалық есірткі дейтін дерт шықты. Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Полиция есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын айтып, «синтетика» саудасының белең алып бара жатқанын ескертіп, дабыл қағуда. Ал сарапшылар әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылатынын алға тартып, жасырын зертханалардың «көрігін қыздырып» жүрген психикалық белсенді заттардың таралу жолдарын іздеп бас қатыруда.
«Спайс» пен «снюстен» басталған заңсыз сауда
Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.
Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн арқылы ілігіп жүр. Себебі синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни сатып алушы мен саудагер бір бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып алынады, төлем де онлайн жасалады. Кейіннен сатып алушы мен саудагер түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша, барлық іс белгісіз ара қашықтықта жасалады.
Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны да түсінікті. Себебі бұл есірткі түрінің еркін саудасы, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, «синтетиканың» жарнамасы жалт-жұлт еткен сан түрлі сайттарға бақылаудың жоқтығы – осының барлығы онсыз да күрделі мәселені ушықтырып келеді.
Осыдан екі жыл бұрын сол кездегі Мәжіліс депутаты Қанат Мусин сайттарда есірткі жарнамасы ғана емес, оны дайындау жолдары да егжей-тегжей көрсетілетінін айтып, дабыл қаққан еді. «Интернетті шарлап жүрген түрлі сайттарда синтетикалық есірткіні саудалап қана қоймай, оны дайындайтын құрал-жабдығына дейін, тіпті жеке өндірісін ашуға үйрететін ашық бейнекурстар бар», деген мәжілісмен бұл кеселді жасырын таратуға жария түрде жастарды тартып жатқанын айтып, осы мәселеге құзырлы органдардың ғана емес, дүйім жұрттың назарын бұрған болатын. Қара нарықта «синтетиканың» саудасын қыздырып тұрған сайттарға содан кейін «соғыс» ашылды. Бірақ біреуі жабылса, көп ұзамай-ақ оның орнына екі жаңасы ашылады.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықпен есептік кездесу өткізу кезінде мұндай интернет ресурстарға үнемі мониторинг жүргізілетінін айтып, жыл басынан бері елімізде 740 есірткі сайты анықталып, бұғатталғанын хабарлаған болатын. ІІМ-нің дерегіне сәйкес, сондай-ақ биыл 6 ұйымдасқан есірткі тобының жолы кесіліп, 1700-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Соңғы жылдары «дәстүрлі» есірткінің орнын синтетикалық қоспалар қарқынды түрде алмастырып келе жатқанын полиция қызметкерлері де жоққа шығармайды. Ішкі істер министрі тіпті синтетикалық дәрі- дәрмектердің дені Қазақстанға Еуропа елдерінен келетінін де ашық мәлімдеді. «Осыған байланысты шетелдік әріптестермен өзара тығыз іс-қимыл жасауды қолға алдық. Осындай бірлескен іс-шаралар барысында 10 есірткі зертханасы жойылып, биыл «синтетика» екі есе көп тәркіленіп отыр. Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 2 тоннадан астам есірткі тәркілесе, оның 4 келісі – героин, 41 келіден астамы – синтетикалық есірткі. Бұл шамамен 100 мың есірткі дозасы. Ал оның қара нарықтағы құны 1,5 миллиард теңгеден асып жығылады», деді министр.
«Есірткіні қара күшпен жеңе алмаймыз»
Рас, «синтетика» аз ғана уақыттың ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстан да бұл «жаңашылдықтан» қалыс қалған жоқ. Ал мұның басты себебін ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов синтетикалық есірткі өндірісінің қарапайымдылығымен әрі арзандығымен түсіндіреді. «Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Қолдану әдістері де ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Себебі «синтетиканы» әдетте темекі секілді шегеді, дем алады немесе ішке қабылдайды. Сондықтан олар жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Ал бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ», дейді полиция полковнигі.
«Есірткі қылмысын тек қара күш қолдану арқылы шеше алмайтынымыз анық. Біздің батыстық әріптестеріміздің жиі айтатын бір сөзі бар. Есірткінің алдын алуға жұмсалған әр доллар болашақта денсаулықты қорғау, қылмысты ашу мен әлеуметтік шығындарға кеткен кем дегенде он долларды үнемдейді», дейді олар. Расымен де, болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған өте маңызды. Сондықтан да қазір синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып бірлесе қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бұрынғыдан да маңызды болып отыр», деді Бақытжан Әмірханов.
«Есірткісіз қоғам құру үшін күресте біз толық жеңіске жете алмадық. Оны мойындауымыз қажет. Алайда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында оң нәтижеге жетуге болады», деген басқарма басшысы есірткі қылмысы үшін жауапкершілікті күшейту де қажет екенін айтты.
Бүгінде полицияның «синтетика» саудасының алдын алуға ерекше мән беріп отырғанын айтқан ІІМ өкілі есірткі саудагерлерінің неліктен әдетте уыстарына психологиялық тұрғыдан толық жетілмеген жасөспірімдерді түсіретінін түсіндіріп өтті. «Осы арқылы «синтетика» сатушылар болашақта өздерінің тұрақты клиенттерін қалыптастыра бастайды. Яғни олар қара нарықтағы тұтынушыларының санын азайтпауға мүдделі. Есірткі саудагерлері оны таратудың заманауи әдістерін жетік меңгеріп алған. Олар интернет технологиясының барлық амал-тәсілдерін пайдаланады. Әсіресе, есірткіні түрлі сайттарда жарнамалауға ерекше назар аударады. Сол себепті де бізге оң-солын бағамдап үлгермеген балалар мен әр жаңашылдыққа ынтызар болып жүретін жеткіншектер арасында есірткіге қарсы сенімді иммунитетті қалыптастыру өте маңызды», дейді полковник.
Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты мәселе осы жылдың басында Сенатта да өткір көтерілген болатын. Сенатор Андрей Лукин есірткімен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, мемлекеттік мекемелер мен бүкіл қоғамның да күш-жігерін талап ететін айта келіп: «Синтетикалық психотроптық заттардың, әсіресе, жас буынның өмірін жалмайтын елеулі проблемалардың бірі екенін айқын түсінуге тиіспіз» деген еді.
Елімізде есірткіге қатысты заңнама жетілдіріліп, жаза қатайтылғанымен, нашақорлықтың алдын алуды жүйелі ұйымдастыру тетігі әлі де табыла қойған жоқ. Қазақстандағы есірткі ахуалын күрделендіріп тұрған мәселенің бастысы да осы.
«Адамды іштен жеп тауыспай қоймайды»
Кәдімгі шегетін немесе егетін «дәстүрлі» есірткімен салыстырғанда «синтетиканың» тартқызар зардабы ауыр. «Не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны тіпті ірітіп жібереді», дейді онколог дәрігерлер. Соңғы 2-3 жылда «Альфа-ПВП», «мефедрон», «фен», «спид», «кристал» дейтін түйіршіктер мен ұнтақтар күрт көбейіп, олардан төнген қауіп пен кесел де азаймай отыр.
Бүгінде бақылаудағы психикалық белсенді заттардың тізіміне 89 синтетикалық есірткі түрі енгізілген. Нарколог дәрігерлер бұл заттардың әрқайсысы «адам ағзасы мен психикасына ешқашан өшпейтіндей із қалдырады», дейді. Мәселен, синтетикалық есірткілер адамға марихуана мен анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді екен. Дәрігерлер тіпті «синтетиканы» тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады деген алаңдаушылығын да білдіріп отыр. Яғни «синтетиканы» тұтынушылар суицид жасауға бейім келеді деген сөз.
Елордалық психикалық денсаулық орталығының мамандары да соңғы кезде героин қолданатын нашақорлардың саны сиреп, керісінше синтетикаға тәуелділердің қатары көбейіп бара жатқанын жасырмады. Олар орталыққа келетін «синтетика» тұтынушылардың дені ауыр халде, терең психозбен және орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдалуымен түсетінін айтты.
Синтетикалық есірткіні қолданудың салдары өте ауыр болатынын әлеуметтік желілер арқылы жиі айтып жүрген Recovery қалпына келтіру және психосоматикалық медицина орталығының меңгерушісі Николай Малахов «оны емдеу одан да қиын» деген пікірде. «Мәселен, «синтетиканың» қазіргі таңда ең көп таралған әрі жастар арасында «тренд» болып жүрген «тұз» дейтін түрі бар. «Тұзға» мықтап отырған адамның бойынан, психикасынан бұзушылықтардың нақты тізімін жасау әлі де мүмкін емес. Алайда кейбір жалпы проблемаларды оқшаулауға болады. Бұл «синтетиканың» салдарына психикалық бұзылулар, ішкі ағзалардың патологиялары мен әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. «Тұзды» қолданған кезде адам бірте-бірте апатия мен депрессияға ұшырайды, бұрынғы хоббилерге, оқуға, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтады. Керісінше адамда ұйқысыздық, өз-өзінен дүрбелең туғызу, паранойя, есту галлюцинациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды», дейді нарколог дәрігер.
Ал «Адамның синтетикалық препаратты тұтынғанын бірден қалай анықтауға болады?» деген сұраққа психотерапевт-нарколог Талғат Қанафин: «Әдетте «синтетика» тұтынған адамның жанары шарасынан шығып кетеді, көзқарасы да «жабайы» болады. Мефедронға мас адамның жүрек қағысы жиілеп, жай жүрсе де ентігіп қала береді. Бұлшық еттері қақсап ауырып, тістері ыстық пен суыққа қатты сезімтал болып кетеді. Музыка мен жарыққа сезімталдығы жоғарылап, ұйқысы мен тәбетті бұзылады», деп жауап берді.
Соңғы уақытта, әсіресе, 16-дан 30 жасқа дейінгілердің арасында «синтетиканың» «кристал», «тұз», «меф», «мияу-мияу» секілді түрлері үлкен сұранысқа ие болып отырғанына алаңдаушылығын білдірген нарколог маман: «Синтетикалық есірткіні тұтынушылардың дені – өздерін жалғыз сезінетіндер. Махаббатта жолы болмағандар. Өздерін өте төмен бағалайды. Өмірге құлшынысы жоқ. Ата-аналары оларды түсінбейді.
Синтетикалық есірткіні пайдаланғаннан кейін нашақор келесі әсерлерді сезінуі мүмкін: күші тасып, эйфория, белсенділік пен энергияның жоғарылауы пайда болады. Тіпті өзіне деген сенімділік артып, әлдебір супер қабілеттеріне сене бастайды. Бұл әсерлер сөзсіз ұйқысыздық пен күш жоғалтуға әкеп соқтырады. Адам өзі үшін қатты қорқады, әсіресе, өлімге байланысты ой оны шошыта бастайды. Ол ашуланшақ болады, оның санасында әлдебіреулерге деген «қастандық теориясы» пайда болады, оған бүкіл әлем қарсы және айналасындағылардың бәрі қауіпті болып көрінеді», дейді.
Нарколог дәрігерлер синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болатынын айтады. «Адам ағзасы бұрын-соңды бұндай уды татып көрмеген. Сондықтан да оны шексе де, ексе де, иіскесе де әйтеуір бір жолмен ішке түскен жұлынқұрт уақыт өте ағзаны ірітіп, жеп тауыспай қоймайды», дейді. Өлімге тәуелділік пен азаптың пайда болуы осыдан басталады. Ал ең сорақысы – жас ағзаның бір тәуелділіктен кейін одан бас тартуы өте қиын. Сол себепті бұл тажалдың тырнағына ілінген жасты тез арада арашалап алып қалу керек», дейді мамандар.
Синтетикалық есірткінің әсері туралы кез келген дәрігерді сөзге тартсақ та бәрінің айтар ойы бір жерге келіп тоғысады. Ол – «барлық синтетикалық препарат адамның қайғы-қасіретінен пайда табу үшін жасалады» деген ащы тұжырым. «Себебі келесі дозаны қабылдау арқылы олар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін. Алайда есі мен етін улап алған тажал ішке бір кірген соң әбден жеп тауыспайынша тоқтамайды», дейді нарколог мамандар.
ТҮЙІН. Бүгінде 15 пен 64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам әлем тұрғындары тұрақты нашақорлар тізіміне алынған екен. Жыл сайын есірткінің кесірінен жер шарында 450 мыңнан астам адам ажал құшады. Дүниежүзілік сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалаған. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ, қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұрса, оның 1,5 мыңнан астамы – әйел, ал 43-і буыны қатпаған жасөспірім екен. Түсіне білген жанға халқының саны 20 миллионға да жетпеген біздің еліміз үшін осы сандардың өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қатер екендігі анық.