• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Шілде, 2021

Мәйітхана қызметкерлері марқұмдардың денесін ауыстырып жіберген

943 рет
көрсетілді

Медицина мекемесінің қызметкерлері марқұмның мәйітін басқа біреумен шатастырып, Таразға ұшақпен салып жіберген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада көпсалалы медицина орталығындағы қателіктің кесірінен қайғыда жүрген балалары өз әкесінің орнына басқа біреудің денесін жерлей жаздады. Медицина мекемесінің қызметкерлері марқұмның мәйітін басқа біреумен шатастырып, Таразға ұшақпен салып жіберген, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

«Ашсақ, басқа бір адам. Інісі болған, сол көрді. Екі баласы көрді. Мен көрдім, ол емес боп шықты. Бейнесі біраз ұқсайды. Ал енді қалғаны қайда десек, олар айтпайды. «Жоқ, осы» дейді. Өзіне әкеліп бұрынғы суретімен салыстырдық, міне, мына адам, мынандай болатын, анада мең бар, мынада мең жоқ дегеннен кейін мойындап, Таразға кетіп қалды деді», деп түсіндірді марқұмның туысы Кәкен Жантайұлы.

Таңертең Таразға кетіп қалған марқұмның денесі түс ауа ұшақпен елордаға қайта жеткізілді. Әкелген бойы балалары мен туыстары әуежайдан көлікке салып жерлеуге алып кетті. Айтуларынша, жетпіс жастағы кісі екі апта бойы коронавируспен ауырып, ақыры беті бері қарамай о дүниеге аттанған. Дәрігерлердің айтуынша, екі мәйіт кеше инфекциялық ауруханадан жеткізілген.

Кеше кешке екі мәйіттің бірінің баласы келіп, 63 жастағы әкесін танып, Таразға әкететін болған. Сол тәртіппен бүгін таңертең сол мәйіт Таразға жіберілген.

Алайда, Таразда жерленуі тиіс болған кісінің баласы жағдайды басқаша түсіндірді. Айтуынша, кеше өзі келіп әкесінің денесі қайсы екенін көрсетіп кеткен. Осы былықтың кесірінен өз әкесінің денесі Таразға бүгін кешке жеткізілейін деп тұр. Сондықтан дәрігерлерді салғырттығы үшін сотқа беруге бекінген. Ақ халаттылар кінәсін мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Сондай-ақ шатасқан мәйітті Тараздан қайтарып әкелу шығынын да өз қалтасынан төлеген.