Шілде айы Орталық Азия елдері үшін тыныш басталған жоқ. Әсіресе, шекарадан ши шығып, аймақ күрделі ахуалға тап келді. Біріншіден, Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында қақтығыс болып, бір сарбаз қаза тапты. Екіншіден, Ауғанстандағы жағдай күрделене түсіп, көршілес жатқан Орталық Азия елдерін алаңдатып отыр.
Тәжік-қырғыз шекарасындағы кезекті қақтығыс салдарынан 27 жастағы қырғыз шекарашысы Хуснидин Хожиев қаза тапты. Баткен облысының басшысы шекаралас Соғды өңірінің басшылығымен телефон арқылы сөйлесіп, тұтқынға түсіп қалған қырғыз прапорщигі З.Умаровты қайтару мәселесін талқылаған. Нәтижесінде, тәжік тарапы шекарашының денесін, тұтқын болған сарбаз бен үш қызметтік жылқыны әбзелдерімен қайтарып берген.
Қырғыз тарапының мәліметіне сүйенсек, Лейлек ауданының Наумин асуының маңында қызметтік міндеттерін атқарып жүрген атты шекарашылар тәжік сарбаздарының күтпеген шабуылына тап болған. Тәжіктер жағы мұны жоққа шығарып отыр. Олар Соғды облысының Деваштич ауданының Росровут ауылына әскери және азаматтық киім киген қырғыз шекарашылары елді мекен тұрғындарының 9 жылқысын заңсыз айдап әкетпекші болған деген уәжді алға тартады.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары тәжік тарапынан да қайтыс болған шекарашылар болуы мүмкін екенін айтып отыр. Алайда ресми Душанбе бұған қатысты ақпарат таратқан жоқ.
Жалпы, кейінгі кезде жиі талқыланып жатқан қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы 970-980 шақырым. Қазіргі кезге дейін 519 шақырым бөлігі ғана демаркацияланған. Биылғы дау-жанжалдан соң қырғыз президенті Садыр Жапаровтың Душанбеге сапары барысында тағы да 32 шақырым шекараның түйіні шешіліп, нақтыланған. Әлі де екі ел арасындағы шекара дауы толық шешілуі үшін қалған 419-429 шақырымның мәселесі толық қаралуы тиіс. Бұл мәселеге қырғыз-өзбек шекарасындағы түйткілді проблемалар мен анклавтарды қосқанда қырғыз-өзбек-тәжік шекарасына қатысты шешілуі тиіс біршама жұмыс тұрғаны анық.
Дәл осы уақытта Түрікменстан ауған елімен шекаралас Серхетабад қаласына әскерлері мен ауыр техникаларын шоғырландыра бастады. Мары уәлаятындағы түрікмен офицерлері соғыс жағдайы болып кетер деген қауіппен отбасыларын елдің ішкі аймағындағы туыстарына жаппай жіберуге кірісті. Себебі түрікмен еліне соңғы күндері жаппай атыс пен жарылыс дауыстары жиі естіле бастаған. Одан бөлек, «ауғандық» деп аталатын құрғақ жел тұрып, әскерилер әуеге авиация ұшырудан қалған. «Талибан» қозғалысы өкілдерінің екі күнге созылған Мәскеу сапарының барысында олар өз елдеріндегі соғыс салдарын Орталық Азия елдеріне жеткізбеуге уәде еткен.
Серхетабад (бұрынғы Кушка) қаласынан оңтүстікте орналасқан Полтавка ауылының тұрғындары ұрыс қимылдарының жаңғырықтарын естіген. Кей дереккөздерге сүйенсек, әзірге қорқатын жағдай жоқ.
Түрікмен тарапы осылайша шекара маңына әскер жинап жатқан тұста талибандар тәжіктермен шектесетін Пяндж өзеніндегі көпірде орналасқан бекетке өз жалауларын тіккен. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының біріккен штаб бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоровтың мәліметінше, талибан қозғалысы бүгінде Тәжікстанмен шекараны жүз пайызға жуық өз бақылауына алған.
Өңірдегі ахуалдың осылай өзгеруіне байланысты Ауғанстанмен шекаралас елдер қамдана бастады. Мәселен, Тәжікстан президенті 5 маусым күні елдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қорғаныс министрлігіне тапсырма берді. Ховар агенттігінің хабарлауынша, шекарадағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысында шекаралас аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мемлекеттік шекараны нығайту мәселесі талқыланған.
«Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы шекарадағы саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты ел президенті Эмомали Рахмон Тәжікстанның Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен күш құрылымдарының басшыларына мемлекеттің қауіпсіздігі мен Ауғанстан және Тәжікстан шекарасында қауіпсіздікті нығайту бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды», дейді агенттік.
Ховар таратқан мәліметке сүйенсек, ел президенті мемлекеттік шекараны қорғау үшін елдің шекараны қорғау әлеуетін арттырып, қажетті аймақтарға қосымша әскери күштер жіберуді тапсырған. Соған байланысты Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы шекараны нығайту үшін 20 мың адам әскерге шақырылмақ.
Айтпақшы, Ташкентте Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің конференциясы өтпек. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен 15-16 шілдеде Ташкентте «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Тәуекелдер мен мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылмақ.
Ауғанстаннан АҚШ әскері шығысымен белсенділік танытып, үкіметтік күштерден басым түсіп жатқан талибан қозғалысының белсенділігі артқан тұста Әмудария арқылы ресми Кабулмен шектесетін көршілес өзбек билігінің осындай ауқымда іс-шара өткізуі заңды секілді. Себебі Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, халықаралық конференцияға Ауғанстанның мемлекет басшысы мен Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі қатысуы мүмкін. Одан бөлек, бұл іс-шараға Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің сыртқы істер министрлері де шақырылған.
Екі аймақтың өзара ықпалдастығы мен байланысына негізделген екі күндік конференцияда талқыланар негізгі тақырыптардың бірі – қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда Оңтүстік Азия елдеріне 8 мемлекет кіреді және жалпы халық саны
1 миллиард 700 миллионға жуық. Шекаралық шиеленістері шешілмеген Үндістен мен Пәкістанның арасындағы Кашмир бұл аймақтағы ыстық нүктенің бірі болса, жүздеген жылдардан бері азаматтық соғысты бастан кешіп отырған Ауғанстан тек қана Оңтүстік қана емес, Орталық Азияның да бас ауруына айналуы мүмкін. 5 мемлекет пен 70 миллионға жуық халқы бар Орталық Азияның 3 мемлекеті Ауғанстанмен шектесіп жатыр. Сондықтан да көршілес өзбек елінде өтетін конференция барысында ауған тақырыбы пленарлық және секциялық талқылаудың айналасында шектелмей, кеңінен талқыланады деп сенеміз.
Қазіргі кезде Ауғанстанның 40 пайызын басып алған талибан қозғалысы ел аумағын түгел алса, Оңтүстік Азиядан бөлек, Орталық Азияда мигранттар дағдарысы, сондай-ақ теріс бағыттағы түрлі діни ағымдардың белең алуы мүмкін дейді сарапшылар. Жуырда ғана АҚШ билігі Орталық Азияның үш елі – Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан 9 мыңға жуық ауғандық босқынды уақытша паналата тұруды өтінді. АҚШ әскерінің биылғы жылдың қыркүйек айына дейін ауған жерінен толық шығатынын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де өсе түсуі ықтимал. Оған шілде айының басынан бері шекара бойындағы талибан әскерімен болған тайталаста шыдай алмай тәжік жеріне өтіп кеткен 1500-ге жуық ауған шекарашыларын қоссаңыз, алдағы уақытта Оңтүстік Азия мен Орталық Азия көші-қон дағдарысына қатар түсуі мүмкін.
Сондықтан да алдағы аптада Ташкентте өтетін Оңтүстік және Орталық Азия елдерінің байланысына арналған саммит аймақ үшін маңызды. Қорыта айтқанда, Орталық Азиядағы биылғы жаз екі мағынасында да ыстық болмақ.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
журналист