Сиыр жылы сырбойылықтар үшін қиын жыл болып тұр. Соңғы уақытта арнасы төмендеп келе жатқан дарияның көктемде толып ақпайтыны қыстың күні-ақ белгілі болған. Мұндайда жауын-шашынның да көмегі көп еді. Алайда синоптиктер осы жылы ылғал жылдағыдан аз түсетінін жиі ескертіп отырды. Шынымен де, көктемде қылтия бастаған шөп шықпай жатып күйіп кетті. Арал ауданында күн жылына көлдер жағалауы ұйыққа айналып, су ішуге барған мал батып өле бастады.
Көктемнің соңғы айында осы ауданда қыстан күйсіз шыққан мал шығыны көбірек тіркелді. Аудан әкімдігінің есебі бойынша бүгінге дейін 553 малдың өлексесі актіленіп, жойылған. Аудандағы төрт түлік қайта түгенделіп, белгіленген нормативке сәйкес алдағы қысқа қажетті жемшөп мәселесі пысықталды. Қазір қажетті 9 095 тонна шөптің 22 пайызы тасымалданыпты. Қысқа шөп дайындайтын ерікті бригадалар жасақталып, көршілес Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарынан арнайы аралдықтарға бөлінген шабындық жерлерді оруға дайындық үстінде.
Жалпы аудан аумағы шөп шығымына байланысты үш аймаққа бөлінді. 13 елді мекен «қызыл», 6 ауыл «сары», ал 4 ауыл «жасыл аймақта» тұр. Аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдап, бұл облыстық және аумақтық мемлекеттік органдардың келісімдері негізінде Әділет министрлігінің ашық НҚА порталында 24 маусымда жарияланды. Жоспар бойынша министрлік оны бекітуі тиіс.
Әкімдік мәліметінше, дария бойындағы каналдарды тазалау, тоспалар салу, мен елді мекендер аумағындағы су ұңғымаларын іске қосу қолға алынады. Ең бастысы, шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымал шығындары өтелмек. Сонымен қатар Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы шаруа қожалықтарынан тегін шөп әкелу келісіліп отыр екен.
Қам жасамаса алдағы қыста қай ауданға да оңай тиейін деп отырған жоқ. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда арнайы штабтар құрылып, шабындық жерлердің нақты көлемі айқындалуда. Жеке шаруашылықтарға тиімді бағада мал азығын сатып алатын жағдай жасау үшін әр елді мекендегі ауыл шаруашылығымен айналысатын ірі кәсіпкерлермен меморандумдар жасалды. Бүгінде аудандарда шөп жинайтын бригадалар жасақталып, науқан басталып кетті. «Жасыл ел» жастар қозғалысы арқылы күріш атыздарының, арықтар мен жаптардың басынан шөп оратын бригадалар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 3 шаруашылық «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ арқылы 490 тонна арпа сатып алуға келісімшарт жасасып, біртіндеп шаруашылықтар жемді қабылдап жатыр. Сонымен қатар биыл мал азықтық дақылдардың көлемі былтырғыдан 5,4 мың гектарға артық егіліп, 66,4 мың гектарға жетті.
Облыс бойынша биылғы қысқа 961,2 мың тонна мал азығы қажет. Өңірдегі жоңышқалық алқаптардың бірінші орымы 119,8 мың тонна болды. Жыл аяғына дейін 220,2 мың тонна жоңышқа жиналып, қалған 741,9 мың тоннасы табиғи шөппен және күріш сабанымен толықтырылатын болады. Бұл қуаңшылыққа ұшыраған жұрттың жайы жергілікті биліктің назарында тұрғанын көрсетеді. Одан бөлек, жуырда облыстық кәсіпкерлік палатасы өкілдері қиналған елдің ортасына барып, жағдайларымен танысып қайтты.
– Қазір қуаңшылық қай өңірде де байқалып тұр. Бірақ Аралдағы ахуал тым ауыр. Жүздеген мал опат болып, ауыл адамдары аман қалғанын арзанға болса да сатуға көшкен, – дейді кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков. – Қолы ұзын кәсіпкерлер шүйгінді жер іздеп көшіп кетсе, ауылда қалғандары да қолдан келген қарекетін жасап жатыр. Сондықтан да шағын шаруашылықтарға жемшөп субсидиясын беруді кешіктірмей қолға алған жөн.
Ендігі мәселе, төрт түліктің нақты санын анықтау. Аудан бойынша өлді деген 553 бас ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің деректер базасына енгендері ғана. Сырғаланбаған, құжаты жоқ малдар бұл есепте жоқ. Өтемақы төленген жағдайда да оның иесіне ештеңе тимейтіні анық. Мал санын жасыру жалғаса берсе ертең ауданға жеткізілетін жемшөп жетпей қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайда кімнің қорасынан қанша түлік өріп шығатынын жақсы білсе де, ауыз ашпай келген ауыл әкімдері мен ветеринар мамандар да жауап беруге тиіс. Жыл сайын жұрттың қорасындағы малын есебіне енгізіп, «бізде биыл мал басы бәлен пайызға өсті» деп жалындатып сөйлеуге құмар әкімдер енді сол түлікті сақтап қалуға қарекет жасауы керек.
Палата мамандары ұңғыма қазу Аралдан өзге аудандарда да қолға алынуы керек деп есептейді. Олар биыл көктемде облыс әкімдігі мен орталық органдарға мал азығы қорын құру жөнінде ұсыныс жолдапты. Жемшөпті арзан кезде сатып алып, қыста шаруашылықтарға сол бағамен тарату арқылы ет бағасын тұрақтандыруды көздеген бұл ұсыныс Премьер-Министрдің орынбасары Р.Скляр мен «Атамекен» ҰКП тарапынан қолдау тауып еді.
Қазір облыста мал азығын дайындауға еріктілер тобы да жұмылдырылып жатыр. Мысалы, Арал ауданында қиналған елдің қажетіне жараймын деген 30 жас Жетес би, Қаратерең ауылдық округтерінен шөп орып, шаруаларға жеткізіп беруге дайын. Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округіндегі «Мәді қажы» серіктестігі де қуаңшылықтан қиналған жұртқа алғаш қол ұшын созған құрылымның бірі. Шаруашылық басшысы Сейіткамал Сұлтановтың айтуынша, бұлар аралдықтарға 5 мың бау жоңышқаны көмек ретінде жеткізген. Жақында осы серіктестікке барған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұрт болып жұмылғанда ғана қиындықтан шығуға болатынын айтты.
– Арал, Қазалы аудандарында қуаңшылыққа байланысты мал азығының жетіспеушілігі орын алуда. Осы ретте, аймақтағы шаруа қожалықтары шөпті басқа облыстарға сатпас бұрын осы екі ауданға қолжетімді бағада ұсынуы керек. Біз осындай бірлік танытқан жағдайда ғана бұл қиын кезеңнен шығамыз, – деді облыс басшысы.
Облыс әкімінің тапсырмасымен жемшөптен тарыққан шаруаларға жәрдемдесуге еріктілер күш жұмылдыруда. Жаңақорғанның тау беткейіндегі шаруалар үшін «Түгіскен» тұқым шаруа қожалығына қарасты аумақтан тегін шөп оруға мүмкіндік берілді. Бұл бастаманы қолдай жөнелген Қыраш және Қосүйеңкі ауылдық округтері жастары іске кірісіп кетті. Шиелінің «Ақмая» шаруа қожалығында 7 480 бау шөп жиналып, оның 2 500-і ауыл тұрғындарына таратылып берілді. Жалпы, «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен жүзеге асырыла бастаған «Жастардан жәрдем» акциясы аясында аудандардағы ерікті жастар осылайша игілікті іске жұмылды.
Қиындықты жеңуге жұмылып, қуаңшылыққа қарсы қарекетке кіріскендердің тірлігі алғашқыда абдырап қалған ауылдағы ағайынның көңілінде үміт отын оята бастағандай.
Қызылорда облысы