Қазақ жазушылары Нобель сыйлығын қашан алады деген сауал осы күні жауыр болуға айналды... Әгәрәки бұл турасында әңгіме айтыла қалған күннің өзінде самарқау ғана Әмірхан Балқыбектің «Шамарханға хатын» оқыған боларсыңнан әрі аспаймыз. Я болмаса осы күні сыйлықта сән қалды ма, мән қалды ма деп сауалдың соңын саясиландырып, енжар есінеп, тіпті бір басқа дүниелерді әңгімелеп кетуіміз ғажап емес. Әрине, бұл сауалдың жауабы бүгін-ертең табыла қоюы екіталай. Жалпы, айтпағымыз басқа. Осы тақырып ойымызға неге түскендігін айту үшін де қазақ қаламгерлерін қажап кетіп отырған жоқпыз ба?
Нобель сыйлығы 2015 жылы тұңғыш рет журналистке берілгенін білеміз. Белорусь қаламгері Светлана Алексиевич аталған сыйлыққа лайық деп табылған хабар шығысымен гу-гу әңгіме де қарша борағаны есімізде болуы керек. Алдымен орыс сыншылары, әдебиетшілері, саясаткерлері аталған бәйгенің бұрмаланып берілгенін айтып даурыға сөйлеп кетті. Уәждері әр алуан. Біріншіден, нағыз әдебиетке берілуі керек сыйлықтың журналистика қанжығасында кетуі көпшіліктің ызасын келтірді десе, екіншіден Алексиевичтің үздік шығармасы («Соғыстың сұрқы әйелге жат») бастан-аяқ Кеңес Одағының озбыр саясатын әлем алдында әшкереледі деп қитығады.
Жә, кім не десе о десін, бізді елең еткізген мына бір жайт еді. Атақты Алексиевич аталған сыйлықты алып тұрып: «Сталиндік репрессияның, Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарын идея тартқан жоқ, миллиондаған жазықсыз жандар тартты. Магаданда, Воркутада іріп-шіріген, қарақұстарына кеңестік НКВД-ның жендеттері атқан оқ тиіп өлген бейкүнә тағдырлардың жанайқайлары дәл қазір менімен бірге осы мінберде тұр. Кеңес империясының қанқұйлы озбырлығын орыстар да, белорустар да, қазақтар да әлі күнге дейін тартып келеді», деді. Бағанадан айтқымыз келіп отырған сөз осы, бүкіл әлем көз тігіп отырған мінберден қазақ деген сөздің айтылуы, жай ғана айтылып қоймай ол шеккен қайғы-қасірет, мұң мен нала, қиянат пен қастандық, бәрі-бәрі бізді толқытпай қоймауы. Бірақ айтпағымыз бұл да емес.
Айтпағымыз, Алексиевич жазған шығармада еді. Қаламгер өзі жүлделі шығарманың жанрын «сезімдер тарихы» деп атапты. Шынымен де бүкпесіз шындықпен баяндалған жантүршігерлік түрлі оқиға оқырманды тебірентпей қоймайды. «Соғыс біздің санамызда мәңгі жүріп жатыр», дейді автор.
Соғыс аяқталған бетте Теодор Адорно «Освенцимнен кейін өлең жазу дегеніңіз – барып тұрған тағылық» деген екен. Расымен де адамзат жаралғалы бері сана иесі делінетін біздердің соғыс тақырыбында сойылымыз ешқашан қолымыздан түспегені ащы да болса шындық. Әрине, соғыс – сананың жемісі. Яғни адам интеллектісі жоғарылаған сайын ол соғысқа дайындала бастайды. Сәйкесінше, инстинкт те соғысқа әр кез дайын сезім. Бізді бұл ойға Алексиевичтің мына бір кейіпкері айтқан сұмдық оқиға жетеледі.
Соғыста санинструктор болған әйел кейіпкер қыстыгүні көппен бірге Ладога көлінің бетімен келе жатыпты. Қарсыластар байқап қалып, оқ жаудыра бастайды. Аттар да, адамдар да мұздың астына кетіп жатыр. Бұл оқиғаның бәрі түнде болған, әрі оған әлдебір жарақаттанған жауынгерді мықтап ұстап алып, жағаға қарай сүйретіп келе жатқандай көрініпті. «Әбден шылқылдаған, әрі жалаңаш, киімін жұлып кеткен бе деп ойладым – сүйретіп келемін, жағаға жеткенде аңғарсам, жарақат алған дәп-дәу ақсерке балықты сүйретіп келіппін», дейді.
Шынымен мына оқиғаны оқығанда бойыңды ток ұрып өткендей болады. Әйел адамның инстинкті ұрпақ өрбіту, жалпы тіршілік атаулыны қорғау, сақтау екені белгілі. Әлгі әйел қап-қара түнде оқ пен оттың ортасында жүріп өзінің аналық миссиясын атқаруды ұмытпайды. Ол әлгі жаралы балықты сасқанынан я болмаса адам екен деп сүйремеген болуы да мүмкін. Ол бейсана түрде тіршілік иесін қорғауды мақсат етуі ғажап емес. Не десек те соғыстың осындай сұмдықтары қаламгер жанын қақыратып кеткені рас.
Майдан даласындағы инстинкт пен интеллектінің (ақылдың) қақтығысы Алексиевичтің тағы бір кейіпкерінің басынан былай өтеді. Бұл оқиға да оқырманның жан дүниесін тас-талқан еткеніне сенімдіміз.
Жазушы айтады: «Және бір кездескенімде атты әскер эскадроны санинструкторының айтқанын тыңдадым. Ол шайқас кезінде шұңқырға оқ тиген немісті сүйретіп әкеліпті, бірақ мұны ұраға жеткенде ғана аңғарыпты – аяғы сынған, қаны бұрқырап ағып жатыр. Бірақ бұл жау ғой! Не істеу керек? Жоғары жақта өз жігіттері қырылып жатыр. Бірақ ол әлгі немістің жарақатын таңады да, тағы еңбектей жөнеледі. Есінен танған орыс солдатын сүйреп әкеледі, ал ол есін жиған бетте немісті өлтіргісі келеді, ал анау да есін жиысымен автоматына бас салып, орысты өлтіруге ұмтылады».
Міне, әйел затының майдан даласындағы жанқияр ерліктері осылай. Оларда ең алдымен инстинкт жұмыс істейді. Әйтпесе, әлгі кейіпкер жараланып жатқан немісті өздерінің ұрасына кім екенін танымастан сүйреп әкелген жоқ. Оны соншалықты үлкен қадамдарға оның ішкі түйсігі бастады. Ал енді керісінше жараланып жатқан неміс пен орыстың өздерін қорғап қалған құтқарушыларының алдында бірін-бірі өлтіргісі келуі – ол енді барып тұрған қасірет. Міне, инстинкт пен интеллектінің (ақылдың) арасындағы майдан осы тұрғыдан біздің санамызда әр кез жүріп жатады.
Алексиевич өзінің бұл оқиғалар тізбесін еш әсіресіз, бүкпесіз баяндауын жоғарыда Теодор Адорноның сөзімен жалғап былай деп ақтап алады: «Менің ұстазым Алесь Адамович «ХХ ғасырдың сұрқия сұмдықтары туралы проза жазу қорлаушылыққа жатады деп есептеймін» дейді. Бұл жерде ойдан шығарылған ештеңе де жоқ («Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасын айтып тұр). Ақиқатты сол тұрпатымен, сол қалпымен алға тарту керек. Ол үшін «әсіре әдебиет» қажет болмайды. Бұл жерде куәгерлердің сөйлегені ғана жөн. Ницшенің бірде-бір суреткер шынайылықты белімен көтере алмайды деген сөзін де еске алуға болады».
Қайткен күнде де Алексиевич бізге – жаңа әлем. Оның қаламынан тамған қанда ешкім көтеріп тұра алмас ауыр зіл бар. Оның қаламындағы жанайқайды басуға ешкімнің қауқары жете қоймайды.
Алексиевичті оқып отырып, біз шынымен де әлі күнге дейін кеңестік жүйе тәсілімен ойлаудан арыла аламай келе жатқанымызды еріксіз мойындайтындаймыз. Олай етпегенде ше? Қаламгер жазып отырғандай, біз әлі күнге дейін әскери ойлайды екенбіз. Біз үнемі соғыс туралы айтып, одан келетін үрейдің ішінде қамалып өмір сүреміз.
Біз қайда барсақ та соғыс адамдарын кездестіреміз. Біз қайда барсақ та алдымыздан соғыстың керек-жарақтары шығады. Бізді соғыс уақыты әлдилеп келеді.
Бұл, әрине, саналы адам үшін ауыр күйзеліс.
Қазіргі адамдардың енжар, шаршаңқы, ештеңеге көңілі тоғаймайтын күйреуіктігіне де осы соғыс фобиясы әсер етпей қоймайды. Бізді соғыспен байланыстырып жатқан детальдар шексіз. Ойлар, сөздер, адамдар, киімдер, заттар, уақыт...
Демек, біз бәріміз соғысқа қатысқан адамдармыз.
Алексиевич айтқан сөз – жалпыадамзаттық жанайқай деуге болады. Оның туындысына берілген баға жалпылай алғанда осыған саяды.
Бізге Алексиевич әлемін қазақша тәржімалап, алғаш таныстырған лауреаттың әріптесі, өмірін әдебиет пен журналистикаға тең арнаған қаламгер Марал Хасен болатын. М.Хасен аудармашы ретінде жалғыз С.Алексиевичті ғана емес, Нобель сыйлығын иеленген қаншама классиктің шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Саналы ғұмырын саф өнерге бағыштаған бұл есімді зерделі оқырман еш ұмытпауы керек. Жары Рымбала Смаилова да бұл тұрғыда әдебиетке үлкен қызмет етіп келе жатқан жанашыр жан. С.Алексиевичтің «Мырышқа айналған қыршындарын» тәржімалаған Р.Смаилованың еңбегін де ерекше атап кеткіміз келеді.