Коронавирус пандемиясы елімізге көлеңкелі бизнестің тағы бір түрін алып келді. Ол – вакциналау паспортын сату және ПТР тестінің теріс нәтижесі туралы жалған анықтама жасап беру. Ең сорақысы – таразы басында халық денсаулығы тұрған бұл заңсыздықтың бел ортасында ақ халаттылар жүр.
Жасаушыға да, қолданушыға да жаза қатал
Өкінішке қарай, жақында бұл тізімге киелі Меккеге қажылықты ұйымдастырып жүрген туристік фирма қызметкерлері де ілікті.Күні кеше еліміздің үш өңірінде вакциналау паспортын сатқан дәрігерлер туралы ақпарат жарияланған болатын. Араға күн салып, Алматы қаласында коронавирусқа қарсы вакциналау туралы жалған анықтама берген турфирма туралы дерек пайда болды. Бұл компания Сауд Арабиясына кіші қажылыққа барып келген 143 қажының барлығына жалған вакциналау паспортын жасап берген.
ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтің мәлімдеуінше, жыл басталғалы бері ішкі істер органдары ПТР тестінің теріс нәтижелері мен вакциналау паспорттарын қолдан жасау және осы құжаттарды пайдалануға қатысты 30 деректі анықтаған.
Алматылық турфирмаға қатысты анықталған жайт – сол деректердің бірі. Қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, компания ғимаратын тінту кезінде қажетті техника, мөрлер, бланк өнімдері алынған. Бұл айғақ заттардың барлығына тиісті сот сараптамалары тағайындалған.
«Жалған құжаттарды дайындағаны немесе сатқаны үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал жалған құжатты пайдаланғандарға қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», дейді департамент қызметкері.
Жалпы, елімізде екпе салу науқаны басталғалы бері ішкі істер органдары жалған вакциналау паспортын жасау бойынша 4 қылмыстық іс қозғаған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакциналау екенін атап айтты. Алайда осы науқанды заңсыз жолмен айналып өткісі келетіндер мен жағдайды пайдаланып, қалтасын қалыңдатып алатындар да соңғы кезде жиі бой көрсетіп жүр. Осыған орай министрлік жалған ПТР тестілеу нәтижелері туралы анықтама мен вакциналау паспортын жасау деректерін әшкерелеуге ерекше ден қойып отыр. Себебі бұл жайт елдегі індеттің таралуына әсер етеді», деген ІІМ өкілі қазіргі уақытта халықтың денсаулығын сақтау – Үкіметтің ғана емес, еліміздегі әрбір азаматтың мойнындағы міндет екенін алға тартты.
Вакциналау паспорттарын қолдан жасау алаяқтықтың бір түрі екенін ескертіп өткен Қ.Нұрмағамбетов сөзін: «Интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде біз деректер базасында ресми тіркелген анықтамаларды немесе вакциналау паспорттарын дайындау туралы жалған ұсыныстарды анықтаймыз. Қазірдің өзінде уәкілетті органға бұғаттауға жататын осындай 35 хабарландыруды жолдадық. Ішкі істер министрлігі осы қатерлі індетке қатысты барлық қылмыстық көрініске ерекше назар аударады. Сол себепті әрбір азаматты ең бірінші өзін осындай қылмыстық процеске тартуға жол бермеуге және туыстары мен жақындарын осындай заңсыз іс-әрекеттерден қорғауға шақырамыз», деп түйіндеді.
Қажылыққа бару үшін нені білу қажет?
Қажылық дейтін қасиетті сапарды осындай қитұрқылықпен атқарған отандастарымыздың ниеті қабыл бола ма? Меккеге бару жай ғана жолаушылап қайтатын әдеттегі сапар емес екенін ескерсек, осының барлығын ұйымдастыруға ұйытқы болған турфирма қандай жауапқа тартылады? Індеттің беті әлі де қайтпай тұр, ал биылғы қажылық кезінде қандай талаптарға баса мән берілді? Біз осы сұрақтарымызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітовке қойған едік.
Ол пандемияға байланысты Сауд Арабиясы Корольдігінің қажылыққа қойған басты талаптарының бірі ресми бекітілген вакцина түрлерінің екі дозасын қабылдау болғанын айтты. Сондай-ақ екінші дозаны қажылыққа баратын адам Корольдікке барудан 14 тәулік бұрын қабылдауға тиіс. «Бұл вакциналар – Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson&Johnson және Moderna деп аталады және бұл вакциналар Қазақстанда жоқ. Әр қажы жоғарыда аталған вакциналардың бірін қабылдағаны туралы өз елінің құзыретті органдарынан анықтама алуы және оны Сауд Арабиясының шет мемлекеттердегі елшіліктерінде заңдастыруы керек. Бұған қоса, әр қажыдан Корольдікке келген кезде 72 сағатқа жарамды теріс нәтижелі ПТР-тест анықтамасын да көрсету талап етіледі. Алматыдағы турфирма Сауд Арабиясы талап еткен вакциналардың бірі Pfizer-дің жалған паспортын жасатқан», деді ҚМДБ өкілі.
Ж.Бекжігітов сондай-ақ ҚМДБ қажылықты ұйымдастыруға қабілетті деп танылған турфирмаларға квота бөліп беретінін, қажылықтың атқару барысын ұйымдастырып, оған жауапты компаниялардың жұмысын қадағалайтынын жеткізді. «Егер турфирма қажылыққа барған азаматтардың құқықтарын бұзса, міндеттелген тапсырмаларын орындамаса, оның барлығын азаматтардың өздері талап ете алады. Себебі әр азамат пен фирма арасында қажылыққа бармас бұрын міндетті түрде келісімшарт жасалады», деген ол турфирмалардың қандай да бір заң бұзушылықтарына ҚМДБ жауапты емес екенін алға тартты.
«Қажылық – дініміздің бес парызының бірі, ал умра – сүннет амалы. Сауд Арабиясы көптеген ел секілді Қазақстан азаматтарына да умра жасауға уақытша тыйым салған болатын. Сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау ұйымдарының талаптарын ескере отырып, қажылық рәсімін жасаушылар үшін Мекке мен Медине қалаларын жапты. Бұл жағдай барша мұсылман үшін ауыр болғаны анық. Сондықтан биыл індеттің қарқыны сәл бәсеңсігенде кіші қажылыққа баруға ниеттенгендер турфирмалардың кез келген ұсынысына бас шұлғып, келіскендері анық. Тіпті сол 143 қажының дені вакциналау паспортының қолдан жасалғанын білмеуі де мүмкін. Бұл жерде бірнеше адами фактор бар екенін ескергеніміз жөн», деген ҚМДБ қызметкері біздің «Осы оқиғадан кейін кім, қандай жазаға тартылады?» деген сұрағымызға төмендегідей жауап берді.
«Умраны ұйымдастыратын турфирмалар Мәдениет және спорт министрлігінен тиісті лицензия алып, Сыртқы істер министрлігі арқылы Сауд Арабиясынан рұқсат алған компаниялардың біріне тапсырады. Осылайша, екі елдің жеке фирмалары өзара келісімшартқа отырып, умра қажылықтарын ұйымдастыра алады. Яғни қазақстандық компанияларға умра визасы беріледі. Алматыдағы турфирманың заңсыздығы әшкере болғаннан кейін Сауд Арабиясы ол компанияға депорт жасады. Бұл дегеніңіз жалған құжат жасатқан бұл турфирма енді қажылықпен айналыса алмайды деген сөз. Сауд Арабиясының індет кезінде алаяқтыққа барған қазақстандық компанияға қолданған жазасы осы. Ал кіші қажылыққа барып, бастары дауға қалған 143 отандасымызды Сауд Арабиясының жеке бір фирмасы Бішкек арқылы ұшақпен алып кеткен. Ал ол кезде қажылықта біздің отандастарымыздан басқа шетелдіктер болмаған», дейді мән-жайды толығырақ түсіндіріп өткен басқарма қызметкері. Ал Саудия әлем мұсылмандары қажылық парыздарын өтеу үшін елге кіруге қойылған шектеулерін биыл наурыздан бастап алып тастаған болатын.
ҚМДБ өкілі жұртшылыққа туристік компаниялардың қажылық сапар туралы жарнамаларына бірден сеніп қалмауды да ескертті. «Ресми түрде жарияланған талаптар да әлі талай өзгеруі мүмкін. Сондықтан қосымша ақпарат пен мәліметке жете мән берген жөн», дейді Қажылық бөлімінің меңгерушісі.
Екпе салдыру – пайда табу көзі ме?
Еліміздің үш өңірінде – Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Алматы облыстарында вакциналау паспортын сатқандар медицина қызметкерлері болып шыққан. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша 9 шілдеде өткен алқа отырысында мәлімдеді.
Вакциналауды бизнеске айналдырған кейбір дәрігерлердің заңсыз іс-әрекеттерін қатаң сынға алған агенттік басшысы: «Олар іс жүзінде вакцина алмаған адамдарға қажетті құжаттарды рәсімдеп, вакцинаның өзін жойып жіберіп отырған. Басқаша айтқанда, кей дәрігерлердің өздері халық денсаулығын тез баюдың бір нысанына айналдырып алған. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін ақша да желге ұшып, жоқ болды деген сөз. Мұндай жалған паспорт алған адамдар бізбен бірге жүріп-тұрады, бір көлікке отырып, бір ұшақпен ұшады», деген алаңдаушылығын да білдірді. Ол сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратынын да атап өтті.
Шыны керек, елімізде вакциналау науқаны қарқын алған сайын жер-жерден жалған құжат рәсімдеп, препаратты жойып жіберуге қатысты түрлі дақпырт шыға бастады. Қайсысының рас, қайсысының өтірік екенін ажырату да қиын. Естеріңізде болса, қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы вакцина егу науқаны 1 ақпанда басталды. Бірінші кезекте медицина, қауіпсіздік қызметкерлері мен мұғалімдер екпе салдыра бастады. Ал сәуір айының екінші жартысынан бастап вакцина алмай-ақ қажетті құжаттарға қол жеткізуге болатыны жайлы түрлі ақпарат пайда болды. Тіпті мұндай құжатты 5 мыңнан бастап, 25 мың теңгеге дейін сатып алуға болатыны ашық айтыла бастады. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 21 сәуірде брифинг өткізген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерлан Қиясов вакциналау паспортын қолдан жасау мүмкін емес екенін айтып, ілуде бір факті тіркелген күннің өзінде бұл жайттың «жекелеген қызметкерлердің өз ісіне салғырт қарағандығына» сілтей салған еді.
Ал басты ұраны «Денсаулықты бірге сақтайық!» болып табылатын Medsupportkz медициналық жобасының негізін қалаушы әрі құқық қорғаушы Ақмарал Тұрсынова қазақстандық ауруханаларда вакциналаудың жалған паспорттарын сатудың «жолға қойылған» екі схемасы бар екенін алға тартты.
«Біріншісінде вакцина алуға келген адамдарға дәрігерлердің өздері екпенің қауіптілігі туралы айтып, райынан қайтара бастайды. Кейіннен олар «Біз сізді вакциналанған адам ретінде базаға енгізейік» деп ақысына келісіп, шығарып салады. Екінші жолы – тіпті жеңіл: екпе салу кабинетіне барудың да қажеті жоқ. Тек белгілі бір чатқа аты-жөніңізді, ЖСН-ны жазып жіберсеңіз болды. Нақты бір уақыттан кейін сіздің вакцина алғаныңыз жөнінде мәлімет базада тұрады. Бұл екі схема – елімізде ең көп таралғандары», деді ол.
Қазақстанда вакциналау паспортын сату бизнеске айналған ба? Бұл сауданың салдары еліміз үшін қандай болмақ? Елдегі эпидемиялық ахуал күрделеніп, «Дельта» штамы өршіп тұрған қазіргі кезде көптің көңілін күпті еткен бұл сұрақтарға нақты жауап беру қиын. Ал өткен тәулікте елімізде 3 мыңнан астам адамнан вирус анықталған...
ТҮЙІН. Вакциналау кезінде көзбояушылық пен алаяқтыққа жол бермеу үшін енді еліміз бойынша екпе салатын кабинеттердің барлығына бейнекамералар орнатылып жатыр. Емхана басшылары камералар «медицина қызметкерлерінің жұмысын қадағалауға қолайлы» десе, құқық қорғау органдарының мамандары «жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндерге тоқсауыл болады» деген пікірде. Бейнебақылау қызметінің арнайы алгоритмі де жасалған. Бейнежазба бір айға дейін сақталады. Алайда кім білсін, адамнан айла артылған ба?..