Сенатқа депутат болып келгеніме 10 айдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде 119 заң жобасын қарауға қатыстым. Олардың мақсаты – қоғамды демократияландыру, жергілікті өзін өзі басқаруды күшейту, экономиканы дамыту, пандемия жағдайында халықты әлеуметтік қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, экологияны қорғау және басқалар.
Осы заңдардың көпшілігі Президенттің тапсырмасы бойынша және тікелей Парламент депутаттарының ұсынысымен әзірленгенін, яғни мәжілісмендер мен сенаторлар бірлесіп дайындағанын айта кеткен жөн.
Заңды қабылдау жауапты іс және мұнда қателесуге болмайды. Себебі заң қабылдауда бір осалдық болса, соңы елдегі күрделі проблемаға айналуы мүмкін. Сондықтан заң жобаларының «тазалығына» жауап беретін Сенатқа әр уақытта үлкен жауапкершілік жүктеледі.
10 ай ішінде толықтырулар мен өзгерістер енгізілген 15 заң жобасы Сенаттан Мәжіліске қайта қарауға жіберілді. Олардың екеуін нақтылауға тікелей өзім бастамашы болдым.
Мен еліміздің ірі қалаларында су қорғау белдеулерінің көлемін қысқартуға қарсы болдым, өйткені бұл елдің су ресурстарын сақтауда елеулі мәселелерге әкеп соқтырар еді. Сондай-ақ қоғамда алаңдаушылық тудырған орман өсіру үшін шетелдіктерге жер учаскелерін 25 жылға жалға беру туралы Жер заңнамасының нормаларына қарсы пікір білдірдім.
Әрине, Мәжіліс қабылдаған және Үкіметпен келісілген заң жобасына қарсы шығу оңай емес. Егер өз ұсынысыңның себеп-салдарын дәлелдей алмасаң, «ақ қарға» атануың ғажап емес. Бұл үшін, әрине, соқырға таяқ ұстатқандай нақты дәлелдер қажет.
Депутаттардың келесі маңызды миссиясы – атқарушы билік жұмысының тиімділігін бақылау. Парламенттің бірнеше отырысы аясында Премьер-Министрге және оның орынбасарларына, Есеп комитетінің төрағасына 7 депутаттық сауал жолдап, онда билік тарапынан шешілмеген ауыл тұрғындарының жекеменшік малдарын жайылыммен қамтамасыз етуге, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға, мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне, АӨК-ті статистикалық есептілікке тіркеуге, жоғары оқу орындарын басқаруды демократияландыру қажеттігіне, ветеринариядағы дағдарысқа, аграрлық ғылымды қаржыландырудағы іркілістерге, шетелдік тұқымдарды субсидиялауға мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына қатысты мәселелерді көтердім.
Бұл сауалдарды жазбаша жолдап қана қоймай, Премьер-Министрдің, оның орынбасарының, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрлерінің жеке қабылдауында болып, оларға өз ұсыныстарымның мәнін түсіндіріп бердім.
Сонымен қатар Сенат отырыстарында, Парламенттік тыңдауларда ЕАЭО, инфляция, азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару, экологияны қорғау, ғылымды дамыту және басқа мәселелер туралы 11 рет өз ұстанымдарымды алға тартып, сөз сөйледім.
Көтерілген мәселелерге назар аударту үшін, басты газеттерде 12 мақала жариялап, экономика, білім беру, аграрлық ғылым, жер және су ресурстары мен мемлекеттік басқару жүйесінің проблемалары бойынша телеарналарға 21 рет сұхбат бердім (бұлар веб-сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған көптеген материалымды есептемегенде). Осы мүмкіндікті пайдаланып, журналистерге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтқым келеді.
Енді осы жұмыстардың нәтижесі туралы айтып өтейін. Өкінішке қарай, менің көптеген ұсынысым «қағаз күйінде» қалды, көптеген депутаттық сауалыма үйреншікті «сырғытпа» жауаптар алдым. Әрине, бюджетте проблема көп екенін, уақытты қажет ететін шешімдер де барлығын түсінемін. Бірақ тіпті депутаттар ұсынған заңға тәуелді актілерге (министрдің бұйрығына) өзгерістер енгізу бірнеше ай бойы қажет етіледі екен... Дамыған елдерде Парламент депутаттарының ұсынысына осындай селқос көзқарасты көру екіталай шығар.
Президент бастамашылық еткен заңдармен жұмыс істей отырып, Мемлекет басшысының халықаралық тәжірибесі мол көшбасшы ретінде мемлекетімізді заңнамалық негізде дамытудың жаңа моделін қалыптастыруға бағыттап келе жатқанын, қоғамды демократияландыруға, экономиканы дамытуға арналған жаңаша басымдықтарды көрдім.
Енді осы стратегияны жүзеге асыру маңызды. «Заң әлсіз болса да, жақсы шенеуніктер арқылы елді басқаруға болады, ал шенеуніктер әлсіз болса, ең жақсы заңдар да көмектеспейді» дегендей, бізде қазір жұмысты сапалы, жақсы орындаушылар жетіспейді. Ал мұндай басқару жүйесін қалыптастыру үшін Елбасы мен Мемлекет басшысы айтқандай, ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметтің болуы өте маңызды.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы