• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Шілде, 2021

Ауыз су мәселесі қашан шешімін табады?

5789 рет
көрсетілді

Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеп, тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Себебі отыз күн Оразада күні бойы нәр татпай жүретін адамдар ауызашар сәтінде алпыс екі тамырына ағылған судың сылдыры естіліп, дәмі сезілетінін айтады. Қара судың қадірі қалалықтар үшін де маңызды. Әсіресе қабат үйде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен астаналық деген аты болмаса, ауылдағыдай күн кешіп, ауыз суды тасып ішіп отырғандар елордада да аз емес. Ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар жаңалықтар бар ма? Соған тоқталып көрсек.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға қа­рай мемлекет халықты сумен жаб­дықтау қызметтерімен 100% қам­тамасыз етуге тиіс. Бұл – 2020-2025 жылдарға арналған «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағ­дар­­­­лама­сы бағыттарының бі­рі.

Үш өңірде, атап айтқанда Сол­түстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқының 100%-ы ор­талықтандырылған сумен қам­тамасыз етілген. Ауылдық жерлерде сумен жабдықтаудың ең көп қамтылуы Алматы (98,3%), Атырау (98,5%) және Қызылорда (97,6%) облыстарында байқалады. Еліміздің кейбір өңірлерінде артта қалушылық байқалады. Ауызсумен қамтудың ең төмен деңгейі Қостанай (64,7%), Жамбыл (82,2%) және Павлодар (88,4%) облыстарының ауылдарында байқалады. Биыл сумен жабдықтаудың сапалы қызметтерімен қамтамасыз ету үшін 151,4 млрд теңге көзделген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 200 мыңға жуық қазақстандықты сапалы сумен қамтамасыз ету қосымша жос­парлануда, бұл жалпы 17,86 млн адамды немесе республиканың барлық халқының 95%-ын құрайды, оның ішінде қалаларда – 98%, ауылдарда – 92%.

Ақпарат құралдарындағы жа­ңалық­тардан елорда ірге­сін­дегі елді мекендерде әлі күн­ге дейін су мәселесі шешімін тап­паға­нын аңғару қиын емес. Сол себеп­ті Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министр­лігінің  Құрылыс және ТКШ комитеті, Сумен жабдықтау және су бұру басқармасының бас сарапшысы Бексұлтан Бегалиевке хабар­ласып, мән-жайды білген едік.

«Нұр-Сұлтан қаласына ір­гелес жатқан елді мекендерді дамыту бойынша кешенді жоспар бар. Бұл ауылдарға негізінен Талапкер, Қоянды, Қажымұқан, Бозайғыр сияқты басқа да ауылдар енген. Бүгінде министрліктің бюджеттік бағдарламалар шең­берінде Талапкер ауылын сумен жабдықтау жобасы жү­зеге асырылуда. 2019 жылы республикалық бюджеттен 300 млн теңге қаражат бөлінді. 2020 жылға 1 млрд теңге қаражат бөлінді және биыл 1 млрд теңге қаражат көзделген. Жобаны аяқтау 2023 жылға жоспарлануда. Бұған қоса Төңкеріс ауылын сумен жабдықтау жүйесі өткен жылы аяқталды. Қажымұқан ауылында да аяқталды. Жалпы, жоспар бойынша жобалар іске асырылуда. Ал негізгі мәселе – Талапкер және Қажымұқан ауылдарының айналасында жерасты су көзі­нің болмауы. Бізге әкімдік ұсын­ған жерасты суын растайтын хаттамаға сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында бұл жерасты су кен орындарында су жоқ болып шықты. Сондықтан қазір әкімдік топтық су құбы­рын тарту бойынша жоба әзір­леуде. Жоба Экология, геоло­гия және табиғи ресурс­тар ми­нистрлігінің бюджеттік бағ­дар­ламалары арқылы жүзеге асырылады. Қажымұқан мен Талапкер ауылының судан тап­шылық көруінің себебі осында. Осы жоба іске асырылмай, атал­ған ауылдарға су берілмейді. Индустрия министрлігі Су коде­к­сінің 37-1-бабына сәйкес елді мекендердің шегіне ғана сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізеді. Ал елді мекендерден тыс жерлердегі сумен жабдықтау мәселесі су кодексінің 37-бабына сәйкес Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретіне жатады. Одан кейінгі айта кететін мәселе, жаңағы жо­ғарыда айтып кеткен кешенді жоспарға сәйкес әр ауылдың сумен жабдықтау бойынша өзінің мерзімдері бар. 2018, 2019, 2020, 2021 жыл деген сияқты. Кейбір ауылдардың іске асыру мерзімі 2020 жыл болса да, 2021 жыл бол­са да әкімдік әлі күнге дейін министр­лікке әзірленген жобаны алып келмеген», деді Б.Бегалиев.

Сонымен қатар маман Қосшы ауылында да үлкен мәселе барын айта келіп, бұл шамамен 2023 жылдың соңына дейін шешілетінін жеткізді.

«Мысалы, Қоянды ауылының жартысында су бар, жартысында су жоқ. Әкімдік әлі күн­ге дейін жобаны әзірлеу үстін­де. Жоба әзірленіп біткен соң министрлікке ұсынған жағдай­да біз оны бірінші кезекте қаржы­ландырамыз. Одан кейін мына Қос­шы ауылында да үлкен мәсе­ле бар. Қосшы ауылының хал­қы күн санап артуда. Бұл жерде министрліктің бюджеттік бағдар­ламасы арқылы 2016-2018 жылдары жоба жүзеге асырылды. Әкімдіктің сол кездегі есебі бо­йынша осы жоба іске асырылған жағдайда Қосшы ауылының хал­қын толық көлемде сумен жабдықтау жоспарланған еді. Алайда Қосшы халқын толық көлемде қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан, қазіргі кезде басқа жоба жүзеге асырылуда. Осы жобалар іске асырылған соң Қосшы ауылының сумен жабдықтау мәселесі толық шешіледі. Бұл шамамен 2023 жылдың соңына дейін шешіледі», деді Құрылыс және ТКШ комитеті, Сумен жабдықтау және су бұру басқармасының бас сарап­шысы.

Б.Бегалиев елордада жалпы сумен жабдықтау деңгейі жоғары екенін жеткізді. Ол кейінгі жылдары Вячаслав су қоймасының суы сарқылып, Нұр-Сұлтан қа­ласы үшін басқа су көзін іздеу мәселесі туу ықтималдығын, бұл ретте жерасты су көзіне, болмаса топтық су көзіне жауапты министр­лік тиісті жұмыстар жүр­гі­зіп жатқан болуы керек деп топшылады.

«Астана су арнасы» МКК мамандарына хабарласқанымызда, олар Нұр-Сұлтан қаласында ауыз­ су тапшылығын болдырмау үшін бірнеше жобаны іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, «2030 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» нысаны бо­йын­ша бұған дейін бекітілген тех­никалық-экономикалық не­гіз­демеге сәйкес Вячеслав су қоймасынан сорғы-сүзу стансасына (ССС) дейін берілетін магистралдық техникалық су құбырының құрылысы жал­ғасуда. «Интернациональный тұ­рғын алабында тәулігіне 105 мың текше метр жаңа ССС салу» жобасына мемлекеттік сараптама алынды. Бүгінгі таңда құрылысқа дайындық жүріп жатыр. Тап­сырыс беруші – Нұр-Сұлтан қала­сының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы. «Астана су арнасы» МКК 2020 жылы пандемия басталған кезеңде «Индустриялық парктің ССС-нан бастап ЖЭО-2-ге Д-800 мм су құбырына дейін А-184 көшесінің бойындағы техни­калық су құ­бырының құрылысы» жобасын әзірледі. Бұл техникалық су резервуарын сорғы-сүзу стансасының тех­никалық су резервуарын Нұр-Сұлтан қаласындағы ауыз су резервуарына ауыстырды. 2021 жылдың сәуір айында біздің кәсіпорын құрылысқа кірісті, ал бү­гінде жоғарыда аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа су тарат­қыш Индустриялық парктің тех­никалық суының жаңа сор­ғы стансасының қуатын іске қосады, ол өз кезегінде Есіл өзенінен (Тельманның техни­калық ССС) суды тікелей айдайды, осылайша ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 сияқты соңғы стратегиялық нысандардың, сондай-ақ Индустриялық парк­тің көптеген зауытының қажет­тіліктерін өтейді. Бұл ретте, Вячеслав су қоймасынан суды пайдаланбайды. «Астана су арнасы» МКК бұрын әзірленген «Астана қаласында көше су құбыры желілерінің құрылысы, 1-ші және 2-ші кезеңдер (30 учас­ке)» жобаларының негізінде Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және ком­муналдық шаруашылық басқармасы Сарыарқа ауда­нының (Көктал т.а.) жеке секторында сумен жабдықтау желілерінің құрылысын жүр­гізуде.