• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2021

Тілсіз жау жалаңдап тұр

857 рет
көрсетілді

Биыл өрт жиілеп тұр. Өткен жылдың сәйкес мер­зі­мімен салыстырғанда орман өрті 34 оқиғаға көбей­ген. Өліқаудың тұтануынан және адамдардың бейқам­дығынан орын алған дала өрті бір жарым есе ұлғайған.

Күні кеше ғана облыс орталығының шығыс жақ беткейі қою түтінге бөкті. Көкшетау-Щучинск бағытындағы жол бойы, Подхоз елді мекенінің төңірегіндегі 20 гектар жер жалынға оранып, қаулаған өрттің бір шеті 0,5  гектар орманды шарпыды. Өрт сөндіруге жүзден астам өрт сөндіруші мен орман шаруашылығы қызметкері жұмылдырылды. Абырой болғанда, жалынның салдарынан жарақат алғандар жоқ.

Биыл күн ересен ыстық болып тұр. Өткен демалыс күн­дері облыс аумағының кей жерлерінде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілді. Соңғы бір аптаның ішінде 8 орман өрті болды. Келімді-кетімді кісісі көп Зе­ренді ауданының курортты аймағында 4 оқиға орын алса, Ақ­көл ауданында 3 мәрте орман-тоғай өртеніп, Ерей­меннің етегін де жалын шарпыды. Алапат өрт Біржан сал ауданында болды. Тілсіз жау 1480 гектарды қамтыды. Крас­но­флот елді мекенінің тұрғыны өрт салдарынан қаза тапты. 

Негізінен, табиғи өрт Біржан сал, Ерейментау, Ақкөл аудандарында жиі шығып тұр. Мамандардың айтуына қарағанда, даланың таңдайы кеуіп, қурап тұрғандықтан, абайсызда ойланбай тастай салған бір тал темекінің тұқылы жетіп жатыр. Тіпті қау шөптің үстінде жатқан әйнектің сынығы да қураған шөптің тұтануына себепші.

Өрт салдарынан табиғат зиян шегіп жатыр. Орманның қалпына келуіне ұзақ уақыт қажет екені белгілі. Ал дала өртінің кесірінен жып-жылмағай болған жайылымдар мен шабындықтар биылғыдай қуаңшылық жылы алтын жамылған атыраптан да қымбат еді. Қалай болған күнде де даланың дидарын, табиғаттың иен байлығы – орманымызды ойсыратпай сақтап қалу үшін әркімге де мұқият болу керек. 

 

Ақмола облысы