• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Шілде, 2021

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайы жоспарлануда

1010 рет
көрсетілді

«Отандастар» қоры шетелде тіркелген 250 қазақ мәдени орталығының 71-імен меморандум бекітті. Бұл туралы «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Отандастар қоры» өз жұмысын 2018 жылы бастады. Қор құрылғанға дейін ауқымды іс-шараларды Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы атқарған.

«Бүгінде қоғам 4 бағытта жұмыс атқарады. Бірінші, шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау мақсатында мәдени-гуманитарлық жобалар ұйымдастыру. Екінші, елімізге көшіп келген қандастарымызға қоғамға бейімделуіне жәрдем ету. Үшінші, шетелдегі қазақтардың әлеуметтік ахуалы мен отандастарымызбен жұмыс жасаудың халықаралық озық тәжірибесін зерттеу. Төртінші, шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнату, оларды Қазақстанға тарту»,  деп түсіндіріп өтті Мағауия Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Мағауия Сарбасовтың айтуынша, келесі жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 30 жылдық мерейтойы өткізілмек. Оның аясында үлкен құрылтай өткізу жоспарланып отыр.

Әртүрлі деректер бойынша, қазіргі кезде шет елдерде 5-7 млн қазақ тұрады. Олардың нақты санын айқындау үшін зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар бүгінгі күні Үкіметтің қаулысы бойынша «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» қабылданды.

«2018 жылы «Отандастар» қоры құрылған сәттен бастап, шетелдегі қазақтарды біріктіретін ұлттық мәдени орталықтарды түгендеу жұмыстарына белсене кірісті. Ол жұмысқа Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктері де үлес қосты. Соның нәтижесінде әлемде 250-ге жуық қазақ мәдени орталықтары бар екені, оның 150-і белсенді жұмыс істейтіні анықталды. Бүгінде олардың барлығымен байланыс орнатылып, 71 орталықпен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды», деді М. Сарбасов.