Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында жаңа туған нәрестесін өлтірген 21 жасар қыз түрмеге отырмайтын болып жазаға кесілді. Бұл туралы Ras.kz хабарлады.
Бұл сұмдық жантүршігерлік оқиға өткен жылғы 23 қыркүйек күні орын алған болатын. Облыс орталығының 21 жасар тұрғыны, екінші топтағы мүгедек үйінде өз толғағының мерзімінен бұрын келуіне әрекет жасайды. Сосын жарыққа шыққан шақалақтың даусын көрші бөлмедегі басқа туыстары білмеуі үшін оны сол бойда тұншықтырып өлтіреді. Оның денесін полиэтилен пакетке салып, көшеге лақтырып жібермекші болады. Алайда, әйелдің жағдайы кенет нашарлап кетеді де, ол үйдегілерді көмекке шақыруға мәжбүр болған. Артынша «жедел жәрдем» жетіп келеді.
Полицейлердің айтуларынша, анасы қызының екіқабат екенін де, оның өз бөлмесінде туып жатқанын да білмепті.
Желтоқсанның соңында бала өлтіру ісі бойынша сот процесі өзінің мәресіне жетті. Облыстық сот баспасөз қызметінің ақпарында 21 жастағы тұрғын жаңа туған қызын өлтіргені үшін айыпты деп танылғаны туралы жазылған.
Сайт тілшісінің мәлімдеуінше, Өскемен қалалық №2 соты айыпкерге Қылмыстық кодекстің 97-бабына сәйкес, бас бостандығын үш жылға дейін шектеу деген жаза қолданды. Бұл жаза бола алмай қалған ананы қоғамнан оқшауламайды, ол бұрынғысынша өз үйінде бола береді. Алайда, әйел енді арнаулы қызмет органдары қызметкерлерінің ұдайы бақылауында болады екен.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: Ras.kz
Фото: Ras.kz.