• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Шілде, 2021

Алматыда айқасты

307 рет
көрсетілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтті. Асқар Салықбаев жетекшілік ететін MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясының ұйымдастыруымен өткен айтулы жарыстың басты жекпе-жегінде қазақстандық Сұлтан Зәуірбек пен шотландиялық Ронни Кларк жұдырықтасты.

Екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген айтулы бокс­шылар Алатау бөктерінде WBO European нұсқасының чемпиондық бел­беуін сарапқа салды. Сұлтанның есімі жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде әуесқойлар рингінде біраз белесті бағындырған 25 жастағы қандасымыз қазіргі кезде кәсіпқойлар арасында тәуір нәтиже көрсетуде. Анықтап айтсақ, ол осыған дейінгі 10 кездесуінің барлығын жеңіспен аяқтап, жеті қарсыласын есінен тандырды. Қарсыласы – Ронни Кларк. Кезінде Еуропа чемпионы атанған 36 жастағы Шотландияның өкілі 25 рет шаршы алаңға көтеріліп, 21 рет басымдық та­нытты. Қос саңлақ арасындағы 10 раундқа созылған жекпе-жекте Сұлтан Зәуірбектің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Біздің жігіттің мықтылығын барлық төреші бірауыздан мойындады. Осылайша, Сұлтан Алматыда алтын белбеуді иеленді.

Көпшілік аса ауыр салмақтағы Иван Дычко мен Денис Бахтов арасындағы бәсекені тағатсыздана күтті. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілген 30 жастағы жерлесіміз кәсіпқой рингтегі өзінің тоғыз кездесуін АҚШ-та өткізіп, барлығында жеңіс тойын тойлады. Бұл – Дычконың Қазақстандағы алғашқы жарысы. 41 жастағы Денис Бахтовты да жанкүйерлер жақсы біледі. Қарағандыда туып-өскен ол кейіннен Ресейге қо­ныс аударды. Денистің кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүргеніне табаны күректей 22 жылға жуықтады. Сол аралықта ол 58 мәрте рингке көтеріліп, 39 рет басымдық танытты. Кезінде даң­қы дүркіреп тұрған Бахтовтың «бол­дырып қалғанын» бұл жолы анық бай­қадық. Иван оны бірінші раундта-ақ ауыр нокаутқа жіберді.

Қазақтың мықты боксшылары – Дәурен Елеусінов пен Арман Рыс­бек арасындағы өзара кездесу де кө­рермендердің ерекше қызығу­шы­лы­ғын тудырды. Әуесқойлар арасында елеулі табыстарға қол жеткізген екі қандасымыз кәсіпқойлар ретінде де «қара жаяу емес» екендерін байқатты. Бұл бәсеке барысында олар барын салды. Десек те Дәурен қарсыласына қарағанда әлдеқайда алымды көрінді. Бесінші раундтан соң Арман жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Кәсіпқойлар арасында жұдырық­тасып жүргеніне аса көп уақыт болмаса да, миллиондаған жанкүйердің назарын өзіне аударып үлгерген Тұрсынбай Құлахметтің де қарқыны қуантарлық. Бұл жолы ол 35-тен аса кездесу өткізген Ре­сейдің сақа спортшысы Алексей Ев­ченконы 10-раундта нокаутқа ж­іберіп, бірінші орта салмақтағы WBC Interna­tional нұсқасының алтын белбеуін иеленді.

Сондай-ақ Алматыдағы бокс ке­шінде Сағадат Рахманқұлов, Нұрбол Сұл­танбай, Талғат Шәйкен, Айдос Медет, Рахат Сейітжан, Ержан Залилов, Рай Сейітжанов, Қанағат Манаұлты өз­дерінің кезекті жеңістеріне қол жеткізді.