«Egemen Qazaqstan»-ның биылғы 19 мамырдағы нөмірінде біздің «Шикі бұйрықтың шырғалаңы» мақаламыз шыққан еді.
Онда Білім және ғылым министрлігінен түскен бұйрық нақты болмағандықтан, мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне модераторлығы, педагогикалық шеберлігі, зерттеушілігі, сарапшылығы үшін төленуге тиісті қосымша ақылар төленбей отырғаны туралы сын айтылған. Петропавл қалалық білім бөлімінің бас бухгалтері Н.Бижігітова бұйрық анық жазылмағандықтан, қосымша ақыларды төлеуге бата алмай отырғандығын жеткізген-ді.
Газет сынынан кейін министрлік бұйрыққа түсінік беріп, аталған атақтары үшін мұғалімдер мен тәрбиешілерге қосымша ақылар төлене бастапты.
Бұл қомақты қосымша ақылар білім саласы қызметкерлерінің өз мамандығы бойынша кәсіби шеберлігін арттыруға деген ынтасын оята түсері сөзсіз. Мысалы, «Педагогикалық шеберлік» дәрежесін қорғаған әрбір ұстазға ай сайын 88 200 теңге қосымша төленеді. Ондай ұстаздар Петропавл қаласында әзірге төртеу екен. Ал енді «Педагог-зерттеуші» дәрежесін алғандар 95 адам. Бұлардың қосымша ақысы ай сайын 62 847 теңгеден. Ал модераторлығы үшін ұстаздар 41 983 теңгеден алады. Олардың саны да 80-нен асады. Осындай атақтар алған балабақша тәрбиешілері де қомақты қосымша ақыға қол жеткізіпті.
Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына да тиісті санаттары болса қосымша ақы төленетін болған.
ПЕТРОПАВЛ