Қырғызстан мұсылмандары улемі кеңесі Рахматулла ажы Эгембердиевке муфти орынтағынан өз еркімен кетуді ұсынды. Бұл туралы Ras.kz хабарлады.
Қырғызстан телеграф агенттігінің ақпары бойынша, 7 қаңтарда Қырғызстан мұсылманлары улемінің ресми емес отырысы болып, онда муфтиге орынтағынан өз еркімен кету ұсынылды. Ол бұған келісіп, енді ресми түрде өз шешімін жариялайтын көрінеді.
Агенттіктің мәлімдеуінше, жаңа муфтидің орнына Бішкек қаласының қазысы қызметін атқарған, қазір «Таблиги Джамаат» қауымдастығының басшысы Мақсат Толомушов тағайындалуы мүмкін.
Муфтиге қатысты жанжал Жаңа жылдың алдындағы күндерде интернетте оның қатысуымен болған интимдік сюжетті ұсынған видео пайда болғаннан кейін көтерілді. Онда ажының бір жас әйелмен әмпей-жәмпей болып жатқаны түсіріп алыныпты. Шу көтерілгеннен кейін Эгембердиев кадрдағы келіншектің ислам заңы бойынша алған өз әйелі екенін мәлімдеді.
Айта кететін жайт, Қырғызстан заңнамасында көп некелілікке тыйым салынған. Алайда, кейбір еркектер заңды айналып өтіп, мұсылман жолымен деген желеумен басқа қосымша әйелдер алып жатады. Олардың некелері мешіттерде қиылады.
Қырғызстан мұсылмандары улемі кеңесі Рахматулла ажы Эгембердиевті 2012 жылғы желтоқсанда Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы басшысы салық төлеуден жалтарғаны үшін қызметінен алынған кезде сайлаған еді.
Жалпы, соңғы төрт жылда Қырғызстанда жемқорлық жанжалына байланысты 5 муфти ауысып үлгерді.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Ras.kz
Фото: Tengrinews.kz