• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Шілде, 2021

Әлімханұлы Мунгиямен жұдырықтасуы мүмкін

711 рет
көрсетілді

Маусым айының соңында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлының америкалық Роб Бранттан басым түскені белгілі. Әлемнің экс-чемпионын сабап тастағаннан кейін «Қазақтың қайсар ұлы енді кіммен жұдырықтасады екен?» деген сауалдың туындауы заңды. Осы орайда Жәнібектің алдағы уақыттағы қарсыласы ретінде мексикалық Хайме Мунгияның есімі аталуда. Өзгелерді айтпағанда, тіптен АҚШ-тың атышулы промоутері Боб Арумның өзі айтулы қос мықтының бір-бірімен күш сынасқанын аттай қалап отырған көрінеді.

Хайме Мунгияның мықтылығы еш дау туғызбайды. Биыл күзде 25 жасқа толғалы отырған Мексиканың батысындағы Жаңа Калифорния штатына қарасты Тихуана қаласының тумасы әуелде әуесқой рингте айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, жастар мен ересектер арасында ел чем­пионы атанып, түрлі халықаралық турнирде топ жарды. Десек те оның аңсары кәсіпқой рингке ауды. 2013 жылдың жазында өткен тұсаукесер кездесуінде 16 жасар өрен өзінің отан­да­сы Мануэль Мораны оңдырмай сабап тастады. Бәсеке екінші раундта тоқтатылды. Содан бергі сегіз жыл ара­лығында Хайме 37 жекпе-жек өт­кізіп, барлығында жеңіске жетті. 30 бәсеке мерзімінен бұрын аяқталды. Бір айта кетерлігі, алғашқы 26 кездесуін ол тек өзінің жерлестеріне қарсы өткізген екен. Тек содан кейін барып қана өзге мемлекеттердің өрендерімен қолғап түйістіре бастады.

2018 жылдың 12 мамырында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ұйым­дас­тырылған бокс кешінде Мунгия бірін­ші орта салмақтың теңдессізі Садам Әлимен күш сынасты. Сол күнге дейін 27 кездесудің тек біреуінде ғана же­ңілген америкалық боксшы осы бә­секе барысында тым дәрменсіз күй кешті. Бірінші және төртінші раундтар аралығында Хайме оны төрт рет нокдаунға жіберіп, ақыры есінен тандырып тынды. Осылайша, Хайме 21 жастан асқан шағында WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.

Хайме Мунгия чемпиондық тәжін бес мәрте сәтті қорғады. Осы орайда, ол ұлыбританиялық Лиам Смит (26-1-1), канадалық Брэндон Кук (20-1), жа­пониялық Такэси Иноуэ (13-0-1), ирландиялық Деннис Хоган (28-1-1) және ганалық Патрик Аллоти (40-3) сынды танымал былғары қолғап шеберлерін жақсылап тұрып сабады. Былтыр орта салмаққа ауысқан мек­сикалық сайыпқыран әуелі Ирлан­дияның өкілі Гари О’Салливанды (30-3) сан соқтырды. Бұл бәсекенің «мәселесі» 11-раундта шешілді. 30 қазанда бага­малық Туреано Джонсонды (21-2-1) жеңді. Ал 19 маусымда польшалық Камил Шереметаның (21-1) сілікпесін шы­ғарды. Соңғы рет кездескен бокс­шылардың екеуі де бәсеке бел ор­таға жеткен тұста жекпе-жекті жал­ғас­тырудан бас тартты.

Иә, бір кездері Мунгияның қазақ­стандық боксшылармен кездесуі мүмкін деген әңгімелердің де өрбігені рас. Алғашында Қанат Исламның, кейіннен Геннадий Головкиннің есімдері атал­ды. Тіптен қос тарап арасында келіс­сөздер жүргізіліп жатқаны жайында да айтылды. Расында да, бұл жекпе-жек­терді жанкүйерлер тағатсыздана күткен еді. Өйткені есімдері аталған бокс­шылар шетінен мықты. Ондай кез­десулердің аса қызықты әрі тартысты өтетініне ешкімнің күмәні жоқ. Бі­рақ бұл бәсекелерді көру бақыты біз­ге бұйырмады. Жоғарыдағы жоспарлар жүзеге аспады. Барлық әңгіме сөз жүзінде қалды.

Міне, енді Мексиканың мақтан тұтар боксшысы қазақтың жаужүрек жігітімен күш сынасуы бек мүмкін. Бұл әңгіменің шетін шығарып отырған Боб Арумның өзі. Әйгілі Top Rank Promotions ком­паниясының негізін қалаушы БАҚ өкіл­деріне берген сұхбаттарының бірінде Мунгия мен Әлімханұлы арасында жек­пе-жек өткізуге айрықша ықы­лас білдіріп отырғанын сөз арасында ай­тып қалды. Егер Арумның ойы жүзеге ассса, сан миллион көрермен аса қызықты жекпе-жектің куәсі болатынына күмәніміз жоқ. Себебі Хайме Мунгияның жүріп өткен жолы жайында біз жоғарыда егжей-тегжейлі баян­дадық. Жәнібек Әлімханұлының да бе­­делі күн өткен сайын артып келеді. Бү­гінгі таңда ол WBO нұсқасы бойынша әлемдік рейтингте екінші орынды иеленуде. WBC пен IBF-тың ТОП-10 боксшысының қатарына еніп отыр. Ring журналының тізімінде жетінші сатыға жайғасты. Бұл – өте жақсы көр­сет­­кіш. Ал ең бастысы, осы жекпе-жек өтіп, Жәнібек жеңіске жеткен жағ­­­дайда қандасымыздың әлемдік тәж үшін таласуына тамаша мүмкіндік туады.

Қазіргі кезде WBO нұсқасы бойын­ша орта салмақтың тізгіні 33 жас­тағы АҚШ боксшысы Деметриус Ан­драденің қолында. 2007 жылы Чи­кагода әлем чемпионы атанған ол 2008 жылы Рио Олимпиадасында өнер көрсетті. Алайда ғаламдық додада Деметриустың жолы болмады. Содан ол кәсіпқойлар арасында күш сынасуды құп көрді. Сол кезден бері 30 кездесу өткізген америкалық апай­төс барлығында жеңіске жетіп, 18 қарсыласын есінен тандырды. Әр жылдары түрлі салмақ дәрежесі мен түрлі нұсқалардың алтын белбеуін иеленді. Бірақ одан қазақтың ұлы қаймығып отырған жоқ. Керісінше, сан мәрте жекпе-жекке шақырып, «мен сені ұрып жығамын» деп қоқан-лоққы да көрсетті. Әзірге чемпион үнсіз. Қалай болғанда да, Жәнібектің Андрадемен айқасатын күні жақындап келеді. Түбі бір бұл кездесудің куәсі болатынымыз анық.