Баяғыда-а-а, бала кезім ғой, Тамабай көкемнің үлкен ұлы Тимур үйленді. Көп ұзамай сол үйге келін боп түскен Пернеш атты жіңішкелеу келген, ұзын бойлы, қара торы келіншек мектепке қызметке орналасып, оқушыларға сабақ бере бастады. Сабақтан соң оқушылардың дүкенге бір соғып кететін әдеті бар. Ал Тамабай көкемнің үйі дүкеннің дәл түбінде.
Баяғыда-а-а, бала кезім ғой, Тамабай көкемнің үлкен ұлы Тимур үйленді. Көп ұзамай сол үйге келін боп түскен Пернеш атты жіңішкелеу келген, ұзын бойлы, қара торы келіншек мектепке қызметке орналасып, оқушыларға сабақ бере бастады. Сабақтан соң оқушылардың дүкенге бір соғып кететін әдеті бар. Ал Тамабай көкемнің үйі дүкеннің дәл түбінде.
Бір күні дүкеннен тәтті-пәтті ап, талдың көлеңкесінде соларды ал кеп жәукемдеп жатыр ек, көшенің бойымен жайлап басып келіп, үйіне қарай бұрыла берген Тамабай көкемнің келіні кілт тоқтай қалды. «Не боп қалды?» дегендей біз де жеңгемізге ошарыла қарап қалыппыз. Жас келін болса төмен қараған күйі әлі тұр. Ал уақыт өтіп жатыр. «Кенет жүрегі шаншып, ауырып қалған жоқ па екен?» деп қауіп те ойлап үлгердік. Жоқ, сөйтсек жеңгемізді кілт тоқтатқан күш жүрек те, шаншу да емес екен. Оның сырын анадай жерде газет-журнал толы қоржынын қара есегіне теңдеп ап, «шүу-шулеп» келе жатқанын пошташы көкем Махамбетті көргенде түсіндік. Тамабайдың келіні болса мамыр мен маусымның тоғысар тұсындағы ми қайнатар ыстықтың астында пошташы атасының алыста келе жатқанына қарамастан жол беріп, ізет сақтап тұр. Және сол тұрғаннан өгіз аяңдары бізге бір ғасырға созылғандай көрінген пошташы мен қара есек алдынан қашан өтіп кеткенше күтіп тұрды.
Үйге келген соң «жаңалығымды» бірден дастарқан басында отырғандарға жеткіздім. Бірақ менің «сенсацияма» ешкім таңғалған жоқ. Атам ғана:
– Тәрбиелі шаңырақтың қызы екен ғой, айналайын. Көргенді бала үлкен кісінің алдын ешқашан кесіп өтпейді, – деді сүйсініп.
Бүгінде біз де сол пошташы көкеміздің жасына жетпесек те, өкшелеп қалдық. Көңілімізде жастардан сәлем дәмететін, ізет күтетін, жүздеріне үңіле қарап иман мен инабат іздейтін сезім пайда бола бастаған. Бірақ қалалық жастардың көбісі сіздің көңіл-күйіңізге, сезім-пезіміңізге пысқырмайды да екен. Көше бойындағы таспадай жолмен келе жатсаң да, мекемеге кіріп немесе шығып бара жатсаң да қарсы жолыққан қызы болсын, ұлы болсын үлкен екен демей жолыңды кесіп өтіп, тіпті, иығымен қағып-соғып өтіп кете барады. Өкінішке қарай, онысына қысылып, кешірім де сұрамайды. Сол кезде Тамабай көкемнің тұңғышы Тимур ағайымның үйіндегі жеңгемнің үлкенге деген баяғы қайран да қайран ізетін іздеймін. Ибасын сағынамын. Мына бәсекеге толы өмір жастардың жүрегін қарайтып, сезімін мұздай ғып жіберді ме деп әлденеден сескеніп, бірдеңеге алаңдағандай боламын.
Бүгінде бір қолын соғысқа беріп келсе де қара есегіне мініп алып, ауылға дүниенің жаңалығын жеткізіп жүретін Махамбет көкем де жоқ, ауыл-аймаққа ибалы келін атанған Пернеш те жоқ өмірде. Айтыңыздаршы, пошташы көкемнің жолын кесіп өтпей именіп тұрған Ұлы мәртебелі ізет қайда кетті? Іздейік те. Біржола жоғалмаған шығар. Сіз боп, біз боп жабыла іздесек, мұзға айналған жүрек атаулы жібіп, тас боп қатып қалған ұят-аят, ізет, иба деген сезімдер адамдардың қанына нұр болып, жүздеріне шуақ болып қайта оралар...
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.