Арқалық қалалық қазақ жасөспірімдер драма театры жазушы Жұмагүл Солтының «Жынды көбелек» пьесасын сахналады. Республикалық байқауда жүлде алған бұл шығарма өзіміз өмір сүріп отырған бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселесін қозғайды.
Арқалық қалалық қазақ жасөспірімдер драма театры жазушы Жұмагүл Солтының «Жынды көбелек» пьесасын сахналады. Республикалық байқауда жүлде алған бұл шығарма өзіміз өмір сүріп отырған бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселесін қозғайды. Спектакльдің премьерасын көрермендер жылы қабылдады. Әсіресе, қаладағы студент жастар тайлы-таяғына дейін қалмай келіп көрді. Кейіпкерлердің барлығы да айналамызда жүрген адамдар. Дәурен қайтыс болған сыныптасы Дариғаның ата-анасының сеніміне кіріп, солардың арқасында маңдайы тершіп еңбек етпей, ішіп-жегеніне мәз болады. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» өмір сүру ұстанымын ұстаған қос жігіт Дәурен мен Ермек ақырында өздерінің өмірге деген жеңіл көзқарасының, арам пиғылының құрбаны болады. Бұл өмірде ар тазалығы және еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді. Дәуреннің әйелі Сәбира нақ осындай адам. Дәурен балаларымен жылатып тастап кеткенде, ауылда қалған Сәбира барлық қиындықтарды жеңіп, оларды аман-есен өсіреді. Ақырында машина қағып кетіп, мүгедек болып, қайыршы дәрежесіне жеткен Дәуренді де далаға қалдырмай, ауылға алып кетеді. Автор еңбек пен ар-ұят бар жерде мейірім де болады деген ой тастайды. Сонымен қатар, қазақ қыздарының емендей мықтылығын тағы бір қырынан көрсетіп, қайран қалдырады. Бірі мүгедек, бірі нашақор болып тынған Дәурен мен Ермек секілді жаны таза емес, жұрттың адал сенімін аттағандарды уақыттың өзі-ақ жазалайды. Дариғаның үш інісі Сағат, Минут, Секунд осыны ескертетіндей.
– Бұл қойылым – әлеуметтік драма. Шығарма халқымыз аялап келген бар жақсы қасиет қазақтың алтын бесігі – ауылда екенін айтады. Пенденің барлығына дүние есігі ашық. Онда адамның бәріне бірдей жақсылық та, қиындық та көлденең тұрады. Сол тұста біреу шығар жолды көреді, біреу көре алмайды. Автор өз ой-ниетінің тұманына адасқандарды жарыққа қарсы ұшқан жынды көбелекке теңейді. Өмірде олардың өздері де орнын таппайды, қалыптаспайды, қоғамға да бір тиын пайдасы тимейді. Жалпылдап ұшып жүріп, өздерін өздері жояды. Қойылымда адамның қандай болуы оның өзіне байланысты деген ой тастадық, – дейді режиссер Сәлима Тасеменова.
Дәуреннің рөлін халықаралық «Шабыт» байқауының лауреаты, талантты актер Нұрлан Байшин сомдады. Сәбираны облыстық «Меценаттар клубы» сыйлығының лауреаты Күләй Ахметова, Ермекті Әлібек Маметов орындады.
– Айтары тұшымды қойылымды көрерменге жеткізген актерлердің барлығы да тамаша ойнап шықты, суретшіміз Еркін Мергеновтің сахналық декорациясы да сәтті шықты, –дейді режиссер Сәлима Бексұлтанқызы.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
АРҚАЛЫҚ.