«Ортопрот» серіктестігіне қарасты протездеу-ортопедиялық орталығында болғанда мүгедектердің құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанына көз жеткіздік. Бұрындары мүгедектерге мүгедек деп оларды қоғамнан тыс өмір сүретін адамдар деп қараған да уақыт болғанын несіне жасырамыз.
«Ортопрот» серіктестігіне қарасты протездеу-ортопедиялық орталығында болғанда мүгедектердің құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанына көз жеткіздік. Бұрындары мүгедектерге мүгедек деп оларды қоғамнан тыс өмір сүретін адамдар деп қараған да уақыт болғанын несіне жасырамыз. Жерімізде орналасқан әскери полигондардың зардаптарын тартып, осы күнге дейін ауылдарда тұрып жатқан қаншама мүгедектің тағдыры арбаға, төсекке байланды. Заман өзгерісіне сай келген өркениет талаптары мүгедектерге деген осындай көзқарасқа нүкте қойдырды. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру жағдайын дені сау адамдармен теңестіру жөніндегі жалпыға ортақ мақсатты қолға алдық. Өйткені, мүгедек жандарға орталықтың қаншалықты керектігін түсіндік, дейді протездік-ортопедиялық орталық директоры Айгүл Хамиева.
Айгүл мамандығы бойынша медбике екен. 80-жылдардың соңында Польшада әскери борышын атқарып жүрген кеңес әскерлерінің қатарында сол жердегі госпитальдарда медициналық-дәрігерлік көмек көрсеткен екен. Өндірісті өңірге оралған соң, Ақсудағы ферроқорытпа зауытының емханасына орналасады. Осы жерде медбике бола жүріп, жұмыс барысында кенеттен өндірістік жарақат алып қалатын немесе жұмысқа жарамсыз деген мүгедектік санатқа қосылатын кейбір жұмысшыларды көріп жүрді. Айгүлге қазіргідей ортопедиялық протездік орталық ашу идеясы, яғни жұмыстан шеттеп қалған адамдарға жасанды аяқ-қол жасау арқылы көмектесу, өмірге қайта оралту мақсаты осы кездерде ойына келсе керек. Сөйтіп, 2003 жылы Ақсу қаласында «Ортопрот» деп аталатын орталық ашады. Сол кезде 7 протез жасаушы дәрігер қызмет жасап, екі-ақ түрлі бұйым жасайды.
Шағын ғана Ақсу қаласын айтпағанның өзінде республикалық көлемде ол кезеңдерде жасанды аяқ-қол жасайтын протезші мамандар сирек еді. Ол үшін Ресейге аттандырып, оқытып дайындайтын.
– Біздің орталық мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Жылына 1 мыңнан астам протез жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бір протезді аяқты немесе бір жасанды қолды жасауға бір аптадай уақыт кетеді, – деді Айгүл бізбен әңгімесінде.
Айгүл басқаратын орталықтың жасанды қол-аяқтарын тұтынатын мүгедек жандар өмірдің әр саласында қызмет істеп жүрген көрінеді.
– Дәтке қуат деген осы. Жасанды аяқ-қолы бар адамдарды біз ешкімге жариялап айтпаймыз. Құпия сақталады. Біз жасаған аяқ-қолдарды «киіп» жүріп те өмірге бала әкелген аналар бар. Жол апатына түсіп қиындық көрген жандар да біздер жасаған аяқ-қолдарды «киіп», әрі қарай өмір сүріп, тіршілік етуде. Бұған да шүкіршілік, – деді Айгүл бізге жасанды аяқ-қолдарды көрсетіп.
Орталықта дәрігері бар, техник протез жасаушылары бар 30 адам жұмыс істейді. Олар мемлекеттік тапсырыс бойынша мүгедек жандарға протез, яғни жасанды аяқ-қол жасаумен және арнайы ортопедиялық аяқ киімдер тігумен айналысады. Сонымен бірге, «Ортопрот» серіктестігі протезді-ортопедиялық бұйымдар шығарады, медициналық қызметтер көрсетеді. Негізгі өндіріс 8 цех пен медициналық стационардан тұрады. Ортопедиялық аяқ киім, жамбас протезін және 40-тан астам бұйым түрін шығарады. Ауылдардан келетін мүгедек жандарға арналған стационарлық бөлмелерінде барлық жағдай жасалған.
– Біз әр мүгедектің жеке медициналық көрсеткіштеріне қарап отырып, протездің, яғни жасанды аяқ-қолдың дәлдігін сақтауға, шын аяқ-қол секілді дәл орнығып түсуіне баса мән береміз. Жасанды аяқ-қол нағыз шынайы түрдегі аяқ-қол сияқты мүгедек жан оны пайдалана алатындай жоғары сапалы болуы қажет, – дейді протезші яғни жасанды қол-аяқ жасаушы Владимир Копынов.
Орталықта Владимирмен бірге жасанды аяқ-қол жасаушылар Гүлжан Мұстафина, Виктор Курганек, Гүлжан Құсайынова, Әмина Елониналар және Айгүлдің жолдасы, осы жұмыстағы көмекшісі Сергей Нестерев те бірге еңбек етуде. Олардың басты мақсаттары – мүгедектерді оңалтып, қатарға қосу.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.