Астананың «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Татарстанның «Ак Барс» клубымен кездесіп, сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Астананың «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Татарстанның «Ак Барс» клубымен кездесіп, сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл матчта бірінші кезеңнің үшінші минуты жақындағанда өз қақпасына шайбаны жіберіп алғанымен, «Барыстың» хоккейшілері ойын соңына дейін барын салып, айдын иелеріне екі шайбаны соғып, Қазаннан маңызды үш ұпайды әкетті. Кездесуде «Барыстың» қақпашысы Ахонен тіптен жарады. Ол матч басталысымен алаң иелерінің талай рет қақпаға соққан шайбаларын қайтарып, «Ак Барсқа» есеп теңестірудің өзіне ешқандай мүмкіндік бермеді. Ал ойында біздің командадан Михаил Рахманов есепті ашса, одан кейін Николай Антропов екінші шайбаның авторы атанды. «Ак Барстан» жалғыз шайбаны Тим Стэплтон соқты.
Осы жеңістен кейін «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының «Шығыс» дивизионында бірінші орында тұрған «Ак Барсқа» бір ұпайға жақындады. Қазір Татарстанның командасы 44 ойыннан кейін 86 ұпай жинап, турнир кестесінің көш басында тұрса, «Барыс» 43 кездесуде 85 ұпай иеленіп, екінші орында қалды. Одан кейін біздің команданың өкшесін Магнитогорскінің «Металлургы» басып келеді. Олар 43 ойыннан кейін 84 ұпай жинап отыр.
Енді «Барыс» келесі матчын тағы да сырт алаңда өткізеді. Бұл жолы отандастарымыз 9 қаңтар күні Нижний Новгород қаласында жергілікті «Торпедо» командасымен кездеседі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».