Елорданың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин талаптарын бұзғандарды анықтау және жолын кесу жөніндегі мониторингтік топтар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өткен тәулікте, 13 шілдеде қалада карантиндік шектеулерді бұзған 4 кәсіпкерлік нысан анықталды.
Есіл ауданының мониторингтік тобы жұмыс режимін бұзғаны, сондай-ақ қызметкерлерінің бетперде тақпағаны үшін «Bariton» караоке-клубын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ал «Aura club Alanya» түнгі клубы есіктерін жауып алып жұмыс істеген.
Сонымен қатар белгіленген уақыттан кейін Алматы ауданында орналасқан «Особа» кафесі, «Respawn» компьютерлік клубы, сондай-ақ Сарыарқа ауданында «Bariton» караоке-бары жұмысын жалғастырды.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, қаладағы эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз болып отыр. КВИ инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді. Мәселен, елордада өткен тәулікте 1000-нан астам адам коронавирус жұқтырды. Жағдайға байланысты қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды, шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.