Ғарыш саласы жаңа кезеңге аяқ басып, аспан әлеміне туристік сапар жасаушылар қатары қалыңдайтын кез туған сияқты. Таяуда миллиардер Ричард Брэнсон өзі негізін қалаған Virgin Galactic компаниясының Unity ғарыш кемесімен жеті қат көкке көтерілді.
«Мен бұл сәтті бала кезден армандадым. Бірақ Жерді ғарыштан көруге ештеңе тең келмейтіні анық. Мұның бәрі ғажайып түс секілді», дейді миллиардердің өзі.
Unity ғарыш кемесі 85 шақырым биікке көтерілді. Оны екі ұшқыш басқарса, кемеде Брэнсоннан бөлек Virgin Galactic компаниясының үш қызметкері болған. Бұл – тәжірибелік саяхат. Жоспар бойынша, келесі жылдан бастап компания туристерді ғарышқа тасымалдамақ.
Қазірдің өзінде 600-ге жуық адам ғарыш сапарына қаражат салып қойған. Әр билеттің бағасы 250 мың долларға жетіп тұр.
Жалпы, аспан әлеміне саяхат бір сағатқа созылды. Бәрі жоспардағыдай жүзеге асып жатса, туристердің бәрі бір сағаттық саяхатқа шығып, 5 минут бойы салмақсыздық күйде иллюминатордан Жерді тамашаламақ.
Бұл сапар Брэнсонның өмірлік мақсаты болғанын айта кеткен жөн. Ұлыбританиялық кәсіпкердің компаниясы 17 жылдан бері осы сапарды жобалаумен айналысып келген. Алғаш рет 2004 жылы өз жоспарымен бөліскен-ді. Кейінірек 2007 жылы жобалауға кірісті. Бірақ түрлі қиындықтарға тап келгендіктен, жоба бертінге дейін созылып кетті. Ақыры ұзақ уақыт төккен тер жемісін берді.
Бұл сапардың маңызы мынада. Ғарышқа туристер көптеп сапарға шықпақ. Осы бағытқа Брэнсоннан бөлек SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск пен Amazon-ның басшысы Джеф Безос та басымдық беріп отыр.
Ғарышқа сапар тұрғысынан алғанда, Virgin Galactic-тің әзірге басқалардан шоқтығы биік болып тұр. Компания туристерді жібермес бұрын тағы бір сынақ өткізбек. Содан кейін ғана жолаушылар жеті қат көкке саяхаттайды.
Джеф Безос бірнеше күн бұрын ғана суборбиталық ғарышта кеме ұшыру туралы мәлімдеме жасады. «Амазон» компаниясының негізін салушы зымыран көтергіштерді қайта қондыруға талпынып жатыр. Сондай-ақ ол ғарышқа туристер апару жөніндегі жоспарын жетілдіру үстінде. Бұл мақсатта «Амазон» компаниясының акцияларын сатуды жоспарлап отыр.
Маусым айында Amazon компаниясы Безоспен бірге ғарышқа ұшу орнын сатты. Аталған билет 28 миллион долларға өтті. Осылайша, әлемдегі ең қымбат билет 7 минуттың ішінде сатылды.
Аукцион жеңімпазы Безос және оның інісі Маркпен бірге Батыс Техастағы Blue Origin ғарыш айлағында үш күндік дайындықтан өткеннен кейін ғарышқа ұшады. Blue Origin компаниясы алғашқы сапарды шілденің үшінші жартысына жоспарлап отыр.
New Shepard кемесінде жолаушыларға арналған капсула бар. Сапар барысында жолаушылар 10 минут аспан әлемінде болады. Капсула жерден 104 километр биіктікке дейін көтерілмек. Ал жалпы сапардың ұзақтығы 40 минутқа созылмақ. Толығымен автоматтандырылған капсулаға 6 жолаушы сыяды. Жоспар бойынша, New Shepard ғарыш кемесі алғаш рет аспан әлеміне адам алып шықпақ болған. Бірақ Virgin Galactic олардың алдын орап кетті.
Бұрын АҚШ-та НАСА-ның дәурені жүрсе, қазір SpeceX-тың айдарынан жел есіп тұр. Илонға иланғандар 15 жыл ішінде компанияны әлем танитын деңгейге жеткізді. И.Масктың ғарышқа қатысты өзіндік көзқарасы қалыптасқан. Ол АҚШ-та өткен конференцияда «Бізге қайтадан ғарышты игеруге жарысу қажет», деп мәлімдеген. И.Масктың пікірінше, мұндай қадам адамзатты түрлі апаттардан жойылып кетуден қорғап, Марс пен Айға қоныс тебуге мүмкіндік береді.
SpaceX компаниясы Falcon Heavy деп аталатын зымыранын сынақтан табысты өткізіп, біртіндеп қолданысқа енгізе бастады. Оның көтергіштерін қайта пайдалану зымыран жасауға жұмсалатын шығынды азайтады. И.Маск енді ракетаның екінші деңгейлі көтергішін басы бүтін күйінде жерге қондыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ол Марсқа экспедиция жіберіп, планетаға қоныс аударуды мақсат еткен.
Илон Маск бұл бағыттағы жұмысты да бастап кеткені мәлім. Оның жоспары бойынша, SpaceX компаниясы 2024 жылы бір не екі ғарышкерді қызыл планетаға үкілеп аттандырмақшы. Олар 2025 жылы межелі жерге жетуі тиіс. Жоспарға сүйенсек, ғарышкерлер Марстағы тұңғыш базаның іргетасын қалауға кіріспек.
Кейінгі уақытта ғарыш саласы үлкен қызығушылық туғызып отыр. Мәселен, биыл НАСА ұшырған «Персеверанс» ровері Марс планетасының бетіне қонды. Роботтың міндеті – «Қызылжұлдыз» бетінен тіршілік көзін іздеу.
Персеверанс алдағы уақытта «Езеро» кратерінің маңында басты миссиясын орындауға кірісті. Ғалымдардың пайымдауынша, 3-4 миллиард жыл бұрын қызыл планетада су болған. Ал судың тіршілік нәрі екені белгілі. Ендеше, сол кезеңде Марста қандай да бір тірі организм өмір сүруі мүмкін. Ровер кратердің маңайында тіршілік көздерінің қалдықтарын іздемек.
Қызыл планетаға кейінгі бірнеше жылда үш «сәлемдеме» жетті. Бұған дейін планетаның орбитасына Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытайдың ғарыш кемелері ұшып жеткен-тұғын. Үш аппарат та Жерден 2020 жылдың шілдесінде аттанған. БАӘ-нің спутнигі Марстың атмосферасына кірмей, айнала ұшып жүріп зерттеу жасамақ. Ал Қытайдың Тяньвэнь-1 аппараты планетаны тереңірек зерттемек.
Өкінішке қарай, Марсты игеру қиын мақсатқа айналатыны сөзсіз. Оған жету үшін кемі 225 миллион шақырым жол жүру керек. Мұндай қашықтыққа екінің бірі төзе бермейді. Әрі осыншалық алыс жолды жалғыз ұшып өту кез келген ғарышкерге оңай емес. Оның үстіне, ашық кеңістіктегі радиация да үлкен қауіп төндіреді. Бұдан бөлек, қызыл планетаның қаһарлы суығы мен қолайсыз ауа райына да бейімделу қиын.
Ғарышты игеру талпынысының белсенділігін мынадан да байқауға болады. 2017 жылы осы саладағы стартаптардың көлемі 2,8 миллиард долларға жеткен екен. Ал Айға аппарат қондыруды жоспарлаған iSpace жобасы бір жыл ішінде 90 миллион инвестиция тартқан.
Әрине, Марсты да, ғарышты да игеру оңайға соқпайды. Бірақ аспан әлеміне адам тасып, жеті қат көктен жерді тамашалау бұған жасалған көп қадамның бірі болмақ. Қорыта айтқанда, ғарыш саласы да, адамзат та үлкен өзгерістің алдында тұр.