Осыдан сегіз жыл бұрын 1000 теңгелік «Күлтегін» банкноты естелік ретінде шығарылған еді. Бірақ оны сатып алушылар банкнотты төлемнің бір түрі ретінде де пайдалануға тиіс болатын. Алайда соңғы кезде Қазақстанның Ұлттық банкіне бұл купюраны дүкендерге өткізе алмаған азаматтар жиі хабарласатын болған.
«Kүлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 теңгелік банкнот 2013 жылдың 12 желтоқсанында айналымға енген. Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналысы департаменті басқармасының басшысы Динара Даутованың айтуынша, бұл банкнот – заңды төлем құралы. Оларды басқа да естелік банкноттар секілді банк операциялары мен аударымдар кезінде және төлемнің кез келген түрі бойынша қабылдауға міндетті. «Мұндай банкноттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайда кәсіпкерлер алдымен ескерту алады. Бұл «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 206-бабымен реттеліп, заңды бұзғандар әкімшілік жауапкершілік арқалайды. Егер атаулы жағдай жыл ішінде қайталанса, 5-тен 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер сізден бұл банкноттарды қабылдамаса, Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш білдіруіңіз қажет. Банкнотты қабылдаудан бас тарту фактісін бейнежазбаға түсіріп алуға немесе жазбаша негіздеме талап етуге кеңес береміз», дейді Д.Даутова.
Жалпы айналымда «Күлтегін» банкнотынан басқа да атаулы күндер мен оқиғаларға арналған естелік банкноттардың түрлері бар. Олардың бәрін естелік ретінде сақтап қоюға да, төлем түрі ретінде пайдалануға да болады дейді мамандар.
Естелік банкноттарды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ-тың барлық бөлімшесінде, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкі филиалдарында ауыстыруға және айырбастауға болады. Бұл купюралар тозығы жеткенде ғана айналымнан шығарылатынын естеріңізге саламыз.