Білім және ғылым министрлігі мектеп педагогтері үшін тегін цифрлық курс әзірледі. Оған педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері де қатыса алады, деп жазады Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Пандемия жағдайында мұғалімдердің рөлі, қоғамдағы орны мен еңбегі одан әрі айқындала түсті. Цифрландыру заманында мұғалімдердің ІТ құзіреттілігін арттыру қажет. Курс педагогтердің цифрлық дағдысын жетілдіруге бағытталған. Бағдарлама Еуропалық білім қорымен бірлесіп әзірленді. ЕБҚ сарапшысы бейнепедагогика негіздері бойынша сессия өткізіп, бейнематериал жасау бойынша әдістемесін бөліседі. Курс білім және ғылым министрлігінің www.edu.kz платформасында орналастырылады. Сондай-ақ Microsoft Kazakhstan, Bilim Media Group және Kundelik оқыту курсы аясында педагогтерге арналған бейнедәрістер әзірледі», деді ҚР БҒМ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы Әсел Мұхаметжанова.
Қазақстандық мұғалімдер Финляндия мен Оңтүстік Кореяның білім беру процесіне инновациялық технологияларды интеграциялау тәжірибесімен танысады. Курста цифрлық білім беру технологияларын пайдалана отырып, педагогтерге сабақты жобалау әдістемесін үйретеді. Сондай-ақ ұстаздар ActivStudio, Pictochart, Jamboard, Prezi, Flippity сандық бағдарламаларын кәсіби түрде меңгеріп, ұлттық білім беру дерекқорының ресурсын пайдалануды үйренеді.
Онлайн-курстар 2 тамызда басталып, 31 қазанға дейін жалғасады.