Атырау облысында ғарыштық түсірілім арқылы 130 қоқыс үйіндісі анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰҚ» АҚ-ның түсірілімдері нәтижесінде Атырау облысында 130 қоқыс үйіндісі анықталып отыр. Оның 128-і Атырау қаласында болса, екеуі Махамбет ауданының аумағында орналасқан.
«Ғарыштық мониторинг нәтижелерімен анықталған қоқыс қалдықтарының орнын жою үшін арнайы кесте жасақталды. Аталған кестеге сәйкес стихиялық қоқыс үйінділерін жоюға 1 ай мерзім белгіленді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент мамандары қалалық әкімдік, полиция өкілдерімен бірге тұрмыстық қалдықтарды тастаған тұлғаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара кезінде Атырау қаласының Жұмыскер шағын ауданында анықталған стихиялық қоқыс орындарына бақылау жүргізіліп, сол аумақтың тұрғындарымен кездесу өткізді.