“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы мен еліміздің Қаржы полициясы бірлесіп жемқорлыққа қарсы күрес акциясын бастады. “Сенің жемқорлыққа қарсылығың өте маңызды” атты республикалық ақпараттық-насихаттық акцияның басталғандығы туралы “Нұр Отан” ХДП-ның Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Биыл екінші рет өткізіле бастаған шара еліміздің барлық аймақтары бойынша 2010 жылдың мамыр айы ауқымын қамтиды. Жемқорлықпен күрес үдерісіне азаматтық қоғам институттарын кең көлемде тарту, қазақстандықтардың індетке қарсы көзқарасын қалыптастыру көзделген. Осыған байланысты “Нұр Отан” ХДП мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арасында бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліпті. Олардың қатарында “Өзіңнен баста” деп аталатын жемқорлыққа қарсы аймақтық қоғамдық кеңестердің кеңейтілген отырыстары, кәсіпкерлермен кездесу, жастардың пікірсайыстары, агенттік басшылары мен партия филиалындағы аймақтық құрылымдар жетекшілерінің азаматтарды қабылдауы, журналистік зерттеу, әлеуметтік сауалдамалар, ақпараттық үнқағаздарын тарату сияқты іс-шаралар бар.
Баспасөз мәслихатында Елбасы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл әлеуметтік кеселмен белсенді күресу қажеттігін ұдайы айтып, тапсырма беріп келе жатқаны атап көрсетілді. “Сондықтан жемқорлықпен күрес партиямыздың негізгі бағыттарының бірі деп айтуға болады. Осы мақсатта “Нұр Отанның” бастамасымен көптеген шаралар ұйымдастырылып, бүгінгі күні олар өз нәтижелерін беріп отыр. Әрине, жемқорлықпен күрес бір адамның, бір мекеменің жұмысы емес. Бұл індетпен халық болып, қоғам болып күресуіміз керек”, деді Н.Нығматулин.
Ел азаматтарының жемқорлыққа қатысты ақпараттарды, кез келген фактілерді 8 800 080 3000, 144 телефондары арқылы тегін қоңырау шалып жеткізулеріне болады.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.