• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Шілде, 2021

Cпорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы спортшыларға үндеу жасады

326 рет
көрсетілді

Мен ғұмырымда он ересектер және бір жасөспірімдер Олимпиадасына куә болдым. Әрине, көргенім көп, жазғаным да аз емес. Бірақ Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындары басқа бірде-бір Олимпиадаға ұқсамайды деп айта аламын. Айтуға міндеттімін де. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар.

Біріншіден, жазғы Олимпиада көпшілікке ерекше қуаныш сыйлап, жанкүйерлерді тағатсыздандырып, орнында отыр­ғызбайтын ғаламат жарыстардың бірі болатын. Уақытынан бір жыл кейін өткелі отыр­ған Токио Олимпиадасы адамдарға, жанкүйерлерге шын мәнінде қуа­ныштан гөрі, сәл болса да қор­қыныш, үрей әкел­гені жа­сырын емес. Оның бас­ты себебі – әлем­ді буып тұрған індет. Бұл індет­тің қаталдығынан дүние жү­зінің барлық елі, оның ішінде қа­зақ халқы да талай марқасқа ұлы мен қызынан айырылды. Жұрт індеттің барысына, бала-шаға­сы­ның, азаматтарының амандығына алаң­даулы. Шынын айтқанда, қазір халықтың көзінде болайын деп жатқан Олимпиадаға деген қызығушылықтан гөрі, кә­дімгі қас­қыр көргендей үрей ба­сым. Мұны жасырмай айтуымыз керек. Неге десеңіз, ертең, Олимпиададан кейін тағы да ел­дің, ха­лықтың алдында жауап бе­руге тура келеді. Оның үстіне, Олимпиадаға дайындық барысы өз дәрежесінде өтпеді. Оған да кінәлі сол ‒ індет.

Бұрын оқу-жаттығу жиындары спорттық құрылыстары бүкіл әлемдік дәрежеде аңыз болып айтылатын елдерде өтетін. Өкінішке қарай, бұл жолы олай болмады. Бапкерлер мен спортшылар барамын, жаттығу өткіземін деген жеріне бара алмады. Оған да атың өшкір індет кедергі. Сол себепті әркім шамасы келгенше, қашып-пысып жүріп, тығылыпж үріп дайындалды. Ал мұның әсері болмай қоймайды.

Жапония бір жылға кешіктіріп болса да Олимпиаданы өткізуге бел буғанымен, Токио халқының жартысынан көбі бұл доданың өтуіне қарсы. Өйткені олар жарыстан кейінгі елінің болашағын ойлайды. Қазірдің өзінде Олимпиадаға барып, індетпен ауырып жатқан спортшылар бар екенін естіп жатырмыз. 16 күн ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 10 мыңнан аса спортшы мидай араласқан соң не қалады?

Бұл мәселені айтпай кете алмадым. Себебі спортшыларымыздың нәтижесіне көз салған кезде, «бұ­ған не болды?» деп сұрақ қоятын, көңілі толмай жататын жан­күйерлер көп. Олардың басым бөлігі – жарысты тек теледи­дардан көріп, радиодан тыңдап жүрген жан­күйерлер. Ал істің мәніне барып, болып жатқан барлық оқи­ғаны зерттеп, ғылыми тұрғыдан қа­рай алатын жанкүйерлер, менің ойым­ша, көп емес.

Әрине, себеп айтумен іс біт­пей­тінін білеміз. Сондықтан осы Олимпиадаға Қазақстаннан аттанып бара жатқан жүзге тарта спортшының аяқалысына бүгін өздеріңіз сұраған соң, алыста отырып ой білдіргіміз келеді.

Токио Олимпиадасына әлем­нің мықты деген спортшылары келмей қалуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, әр елде әртүрлі саясат. Олимпиада бүкіл әлемдік жарыс болғанымен, бүгінде әр елдің болашағы қыл үстінде тұр десек те болады. Бұған ойлы көзбен қа­райтын басшылар көп. Күні кеше ғана аяқталған футболдан Еуропа чемпионатының өзінде жеңімпаздар қуанып жатқанымен, жалпы өткен жарыс, одан кейінгі қалған нәтиже, әсіресе, ел арасында тараған аурудың барысы бүгінде жер сабалатып отыр. Сон­дықтан Олимпия ойындарына әлемнің барлық мықты спорт­шылары жи­налады деп айта алмаймын. Соған қарамай, өткізген жарыстың барлығы ұмытылатынын, тек қана нәти­жесі сақталатынын естен шығар­мауымыз керек. Енді ақыры атқамініп, Токиоға бет алғаннан кейін барлық себепті жиып қойып, спорт­шыларымызға Олимпиадада жеңімпаз атану үшін жаннан басқаның бәрін беру керек.

Бізде үміт артар спортшылар көп емес. Дегенмен, сеніп отыр­ған саңлақтарымыз бар. Әрине, бірінші кезекте Қамшыбек Қоңқа­баев, Бекзат Нұрдәулетов бастаған боксшыларымыз тұрады. Өйткені Тәуелсіздік алғаннан бері қатысқан барлық Олимпиададан олар алтын жүлдесіз оралып көрген емес. Сол дәстүр биыл да сақталып, Олимп төрінде Көк туымызды жоғары көтерсе екен дейміз.

Жүзуден Рио де Жанейро Олим­пиадасының жеңімпазы Дмитрий Баландинді, дзюдодан күміс медаль алған Елдос Сметовты елдің үміті деп бағалаймын. Бұл спортшылар осы жолы да алтынға ла­йық. Алтыннан сәл төмен болып жатсада, оларға ешқандай өкпе жоқ. Бастысы, Олимпиада медалін тағып, елге аман-есен оралса деген тілегіміз бар.

Тағы бір көп адам біле бермейтін спортшымыз бар. Спорттық гимнастикадан Милад Карими деген ұлты басқа болғанымен, өз елімізде туған азамат кеше ғана аяқталған Әлем кубогында жүл­делі орындардан көрінді. Тіпті жеңім­паз болуға тиіс еді. Сол азаматымызға қамқорлық жасап, арқадан қағып, бар мүмкіндігімізді аямасақ, Токиодан жүлде алып ке­ле­­тін­дердің бірі сол болады деп топшылаймын.

Төртінші Олимпиадасына қатысып отырған Ольга Рыпакова секілді жеңіл атлетімізді төбемізге көте­руіміз керек. Бұған дейін Ольга бірде-бір Олимпиададан жүл­десіз оралған жоқ. Ол сөзсіз аты алтын әріппен жазылатын спортшылардың қатарына кіреді.

Сонымен қатар елімізден шық­қан үздік велошабандозымыз Алексей Луценконы жеңім­паздардың қатарынан көргіміз келеді. Алексей оған толық лайық. Тур де Франс велобәйгесінде жер­лесіміз алғашқы ондықтың қатарынан ойып тұрып орын алды. Мұндай жетістікке жету оңай емес. Себебі бұл көпкүндік – кез келген әлем чемпионатынан кем түспейтін атақты жарыс. Алексей Луценко Олимпиадада Александр Винокуров секілді биік тұғырға шығып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Басқа да спортшылардан үміт мол. Кіл мықтылар жинала­тын спортшылардың арасынан суырылып шығу оңай емес. Дегенмен өрендеріміз өздеріне лайық өнерлерін көрсетіп, бұрын жеткен биік белестерден сәл де болса нәтижесін жақсартса деген арман бар. Өзіміз бармасақ та, біз де соларға үйде отырып қол соғатын жанкүйеріміз.

Осы Токио Олимпиадасына дайындық барысында Тимур Құлыбаев басқарып отырған Ұлттық Олимпиада комитетімаңдай терін төкті-ақ. Өйткені жан-жақта орын алған қиын жағдайға қарамастан, спортшыларды дайындау, оларға оқу-жат­тығу жиындарын өткізу, өзде­ріне лайықты спортшылармен кездесетін жа­рыс­тарға жіберу керек болды. Тіпті арнайы киім дайында­тып, спортшыларға барлық қа­жет-құ­ралдарын берудің өзі үлкен күш-жігерді қажет ететіні сөзсіз. Сон­дықтан да Ұлттық Олимпиада комитетінің төккен тері далаға кетпесе екен деп үйде тақымымызды қысып отырған жайымыз бар.

Ең бастысы, үмітсіз емеспіз. Жо­ғарыда айтқан, қос қолдың сау­са­­ғымен санайтындай спортшы­лар­дың өзін топ басына қойған­да, Қа­зақстан бұрынғы өзі жеткен биік­терге шыға алады. Әмсе, сол биік­терден еңсеміз түспей, жа­рыс­тың ашылу салтанатында жел­біреп шыққан Көк туымыз елге қай­тарда да желбіреп қайтсын деген тілек білдіремін.