Таяуда Еуропалық комиссия климаттың өзгеруіне қарсы тұру мақсатында қабылданатын шаралардың жаңа легін жариялады. Қазіргі таңда бұл бастама қарт құрлықта қызу талқыланып жатыр.
Еуропалық одақ елдері 2050 жылға қарай парникті газдар шығару көлемінің деңгейін нөлге түсіруге уәде берген. Соған сәйкес, 2030 жылға дейін көміртегі газдарының шығарылымын 55 пайызға азайту керек.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ЕО тарапы ауаны ластайтын жанармай құнын көтеріп, мүше мемлекеттерден өмір сүру сапасын жақсартуды талап етіп отыр. Мәселен, көлік жүргізу, үйді жылыту, болат және цемент сияқты заттарды өндіру, ормандар мен жерлерді басқару секілді мәселелер қайта қаралуы қажет.
«Қазіргі таңда қазба отын пайдалану бойынша шегіне жеттік. Еуропа – өз міндетіне алған климат мақсатына сай кешенді жоба ұсынған тұңғыш құрлық», деді Еуропалық Комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен.
Fit for 55 деп аталатын құжатқа сонымен қатар 2035 жылға дейін бензин және дизельмен жүретін автокөліктерді сатуға тыйым салу енгізілген. Бұл қадам электр көліктерінің дәуірлеуіне жол ашпақ.
Сондай-ақ Еуропалық одақ энергияны тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беріп отыр. Көміртегі нарығын бақылауға теңіз тасымалын да қоспақ. Яғни кемелердің қаншалықты парникті газдар шығаратыны да жіті назарда болады.
Бұдан бөлек, энергетика мен өнеркәсіп секторына қойылатын талаптар күшейтілмек. Автомобиль көлігі мен құрылыс саласына парникті газдар шығару бойынша жеке сауда жүйесін құрмақ. Шетелден келетін, бірақ өндіруге көміртегі газы жұмсалған тауарларға арнайы салық салынады.
Жаңа жоспардың тағы бір парасы халықтың тұрмысына байланысты. Брюссельдегі шенеуніктер арнайы әлеуметтік қор құрады. Мұндағы қаражат аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларды жанармай бағасының өсуінен қорғау мақсатында жұмсалады.
Әйтсе де, Еуропалық комиссияның ұсынысы қазірдің өзінде Одаққа мүше мемлекеттер тарапынан сынға ұшырады. Мәселен, мүше елдердің басшылары жанармай бағасының өсуі тұрғындардың наразылығын туғызуы мүмкін деп алаңдайды.
Польша, Словения, Латвия, Люксембург премьер-министрлері Матеуш Моравецки, Янез Янша, Артурс Кришьянис Кариш, Хавьер Беттель құжатқа сын көзбен қарап отыр. Олар бұл жоспар табысы төмен тұрғындарға қатты әсер етеді деп есептейді. Франция да қаупін жасырған жоқ. Өйткені 2018 жылы бензин бағасының өсуіне байланысты аталған елде жаппай наразылық акциялары өткен.
Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті, «Жасыл келісім» басшысы Франс Тиммерманстың айтуынша, Брюссель бастаманың тиімділігін дәлелдеуі тиіс. «Егер мұны дәлелдей алмасақ, онда қарсылық күшейе түседі», дейді ол.
Әзірге Еуропалық комиссия ұсынған құжат толық қабылданған жоқ. Бүкіл қарт құрлық бетке ұстайтын заңға айналуы үшін оны Еуропалық Парламент пен Еуропалық Кеңес мақұлдауы тиіс. Ал бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін.
Fit for 55 көпшілік үшін тосын болғаны рас. Өйткені мұнда айтылғандардың біразын орындау оңайға соқпайды. Мәселен, 2035 жылы бензин және дизель арқылы жүретін көліктерді сатуға тыйым салуға қол жеткізу жеңіл шаруа емес.
Рас, қазіргі таңда Volkswagen, Volvo секілді Еуропадағы жетекші компаниялар электр қуатымен жүретін көліктерге ерекше назар аударып, оның өндірісін арттырып келеді. Бірақ қарт құрлықтағы автокөліктерді құрастыруға қажетті басқа бөлшектерді шығаратын компаниялар жанармаймен жүретін қозғалтқыштың орнына электр қозғалтқыштар өндіруге ықыласты емес. Әрине олар амалсыз бұл қадамға барады. Бірақ бұған біршама уақыт керек.
Кейінгі кезде Еуропа елдері көліктен бөлінетін парникті газдарды азайтуға белсене кірісе бастады. Мәселен, Еуропа қоршаған орта агенттігінің мәліметіне сай, 2017 жылы Еуропа одағы елдері шығарған парниктік газдардың 27 пайызы көліктерге тиесілі. Соның ішінде 72 пайызы автокөліктерден келеді.
Осыған байланысты құрлықта халықты жанармаймен жүретін «темір тұлпарларға» емес, электр қолданатын көліктерге бейімдеу басталды. Мысалы, Португалия қоғамдық көліктерге, соның ішінде трамвай қызметіне басымдық бермек. Бір Лиссабон қаласының өзі шаһардағы осы көлік түрін жаңартуға 43 миллион еуроны санап беруге әзір.
Германия да осындай желіні қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Берлин қаласының әкімшілігі қаладағы қоғамдық көлікке бөлінетін қаражаттың біразы трамвай қызметіне жұмсалатынын хабарлаған. Атап айтқанда, алдағы 15 жылда 70 шақырым желі салынып, оған 28 млн еуро жұмсалады.
Страсбург қаласының билігі 2017 жылы Рейн арқылы өтетін трамвай желісін қайта іске қосты. Аталған жүйе 1945 жылы жабылып қалған еді. Ұлыбританияның Ноттингем қаласында да 70 жыл бойы тоқтап тұрған трамвай желісі қайта жүре бастады.
Мұндай бастама Италияның Милан және Рим қалаларында да жалғасын тауып отыр. Ал Испания билігі таяуда Севилья қаласындағы трамвай қызметін қайта жаңғыртуға 20 млн еуро бөлінетінін хабарлады.
Алаңдататын тағы бір мәселе мынада. Еуропалық комиссия темір, болат, цемент, алюминий, тыңайтқыштар мен электр энергиясының импортына салық салмақ. Оның көлемі Еуропалық одақ өндірушілері төлейтін көміртегі тарифінің құнына сай келеді. Жоспар бойынша салық 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен жүзеге асады.
Көміртегімен күресудің бір бағыты – оның бағасына да қатысты. Еуропалық одақ «қара отынның» бағасын арттыру арқылы парникті газдар шығарылымын азайтуды көздейді. Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Ляйеннің айтуынша, ЕО осыған басымдық беріп отыр.
«Көміртегі шығарылымының бағасын бақылау жасыл энергияға инвестиция салуда маңызға ие. Біз көміртегін бизнес жоспарымыздан сызып тастауымыз қажет», дейді Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мичел.
Қарт құрлықтың бұл мәселеге екпін беріп, сырттан келетін тауарларға көміртегі тарифін енгізуінің өзіндік себебі бар. Германия, Ұлыбритания және Франция секілді Еуропа елдері парниктік газды шығару көлемін айтарлықтай азайтты. Осылайша, Тұманды Альбионнан тұман тарқап, Эйфель мұнарасын түтін баспай, немістер таза ауамен тыныстай бастаған.
Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Қарт құрлық тұтынатын тауарлар әлемнің басқа бөлігіндегі көмірқышқыл газының артуына сеп болып отыр. Мәселен, 2015 жылғы Париж келісімінен кейін Батыс Еуропа елдерінің Қытайдан сатып алатын тауарлары күрт артқан. Бұл өз кезегінде Қытайдың парниктік газды көп шығаруына жол ашты. Сондықтан елдің географиялық шекарасынан ғана шығатын көмірқышқыл газын ғана емес, сол мемлекет тұтынатын бүкіл тауарды өндіруден шығатын парниктік газдың көлемін бақылау өте өзекті.
Әлемдегі ауаға таралатын парникті газдардың басым бөлігі көмір жағудан шығады. Оның үстіне, электр энергиясын өндіруге қажетті зат та осы – «қара отын». Бүгінде Азия мен Еуропаның дамушы елдері, тіпті АҚШ та әлі күнге көмір жағып отыр. Жыл өткен сайын аталған мемлекеттер одан бас тартып, тұтыну көлемін азайтып келеді. Мәселен, 2007 жылы АҚШ-тың көмір тұтыну көлемі 1 миллиард тоннаны құраса, 2018 жылы 700 миллион тоннаға дейін азайған.
Қазіргі таңда көмірді ең көп тұтынатын ел – Қытай. Ол жыл сайын 4,3 миллиард тонна «қара отын» жағады. Бұл әлемдік көмір тұтыну мөлшерінің шамамен жартысына жуығын құрайды. Оның үстіне, Қытайдың көмірге деген құмарлығы бәсеңдер емес.
Еуропалық комиссия ұсынған құжатта импортталған тауарларға салынатын салық туралы айтылса да, оның Қытайға қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Өйткені қарт құрлыққа келетін импорттың басым бөлігі осы елге тиесілі. Ендеше, Еуропалық одақ Бейжің билігін қаншалықты ырқына көндіре алады?
Қорыта айтқанда, Еуропалық комиссия ұсынған Fit for 55 жобасы бүкіл Одақты дүр сілкінтіп тастады. Құжатта көрсетілген шаралар қаншалықты қабылданатыны алдағы уақытта өтетін келіссөздер барысында айқындалмақ. Бастысы – Еуропалық одақ климаттың өзгеруіне қарсы білек сыбанып күресіп жатыр.