Жайық өзені жағалауының Стелла жақ тұсы бұдан бес-алты жыл бұрын абаттандырылып, демалып отыратын орындықтар орнатылып, екі жерде төбесі күмбезделген ротонда бой көтерді.
Ішкі істер департаменті ғимаратының терезелері осы ротондарға және бұрынғы жағажайдың аумағына төніп тұр. Дәл осы жерде қалалық әкімдіктің атынан қоқыс тастауға қатаң тыйым салынатыны жөнінде қаңылтыр тақтайшалар қойылған. Мұндай жағдайға жол берілсе, жеке және заңды тұлғаларға 45-65 мың теңге аралығында айыппұл салынатыны да қоса көрсетілген.
Бұл ескерту белгілердегі жазбалар ағарып, көмескіленіп, жырым-жырым болып жапырылып кетіпті. Қоғамдық тәртіпті бақылауға тиісті бас департаменттің терезелері осы жерге төніп тұрғандықтан да ротонда жанында айта қаларлықтай күл-қоқыс көзге шалына бермейді. Асықпай тұра тұрыңыз... Жағалаудағы ағаштардың арасымен алға қарай тағы да 50 метр қадам жасап көріңізші?! Тау демесек те, төбешік болып үйілген, жан-жаққа шашылған жағымсыз, иісі мүңкіген тамақ қалдықтары мен сынған шөлмек қалбырларға, күл қалдықтарына тап болар едіңіз.
Департамент терезелерінен тасалау бұл ара сәл жазықтау екен. Сондықтан да бой жазып отыруға, тіпті қисайып жатуға болатындай кішкене кеңістік бар. Бұлай болғаны не керек, айналаның барлығы қоқыс-қалдықтардың ошағына айналса. Оның қай уақыттан бері жиналмағанын дәл басып айту қиын-ақ. Әйтеуір басты айналдырып, жүректі айнытатындай көрініс. Соған қарамастан осы қоқыстың ортасында отырғандардың қарасы да әжептәуір көрінді. Олар суға түсіп келеді де, ала келген азықтарын ішіп-жеп болған соң оның қалдықтарын айналасына лақтыруда. Контейнер қойылса ғой... Бірақ бұл ойымнан тез қайттым. Өйткені «Жабайы жағажайға» кім контейнер қояды.
Осындай көңіл күй жетегінде тұрған мені:
– Сәлеметсіз бе? Сіз жергілікті осы жердің тұрғынысыз ба? – деген әйел даусы селк еткізді. Жалт қарасам, жастары елу-елу бес шамасындағы бір ер және үш әйел адам жеңіл киінген күйінде тереңдігі тізеден ғана келетін Жайық өзенінің айдынына және айналадағы қоқыс пен қалдықтарға көз тастап тұр екен. Сауалының төркініне қарағанда, басқа жақтан келген қала қонақтары шығар деп шамаладым.
– Иә, осы Орал қаласында тұрамын, – дедім.
Бейтаныс әйелдің жүзінде таңдану ма, жоқ әлдебір нәрсеге көңілі толмаушылық па, әйтеуір сөзбен айтып жеткізгісіз жабырқау шырай орнай қалды да:
– Мыналарың қалай? – деп жанжағындағы күл-қоқыстарды нұсқады. Осы сәтте жағым қарысып қалғандай болды. Қапелімде не деп жауап қайтарарымды білмей тосылып қалдым да:
– Енді әркімнің тұрмыстық мәдениеті әртүрлі болады ғой, – деп міңгірледім.
Мұндай айран-асыр көрініске жеке өз атымнан емес, тұтастай Ақжайық жұрты атынан жауап қайтару оңай емес екендігін тұңғыш рет түйсіндім. Кәдімгідей қиналдым. Бұдан кейінгі аз-кем тіл қатысудан білгенім, олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Ертіс өзенінің жағасында тұратын қандастарымыз екен. Жайық жұртымен құда-құдандалы көрінеді. Оралға осы дәстүрлі рәсім жолымен жолдары түсіпті. Бір шай ішіп алған соң Жайық өзенін тамашалап көріп қайтуға шыққан беттері екен. Солтүстікқазақстандықтар жағалауда көп аялдамай, бұл жерден тезірек кетуге асықты.
Міне, осылайша қаламыздың қонақтары қатты ұялтты. Мүмкін жоғарыда қойылған сауал жерлестерімізге қозғау салар, санасына сәуле жүгіртер деген оймен осы жолдарды жазуды жөн деп таптым.
ОРАЛ