Исландияның төрткүндік жұмыс аптасына көшкені туралы хабар сүйіншілеп барлық жерден таралып жатқанына қарап, бүкіл әлем «жалқау» ма деп қаласың. Көбіміз сол жаңалықты күтіп, жанайқайымызды шығара алмай жүргендейміз. «Пәленше аптасына төрт-ақ күн жұмыс істейді екен, ал біз ше?» деп Еңбекминнің жағасынан алдық. Бүкіл әлемді шулатқан төрткүндік жұмыс аптасының артында не жатыр?
Әлемдегі беделді басылымдар жарыса жазған бұл жаңалықты біз де айналып өте алмадық. Ең ірі ақпараттық агенттіктер Исландия өткізген тәжірибенің нәтижелерін «таңғаларлық жетістік» деп бағалап отыр. Жұмыс уақытын қысқартып, тура сол бұрынғы жалақыны алуға кім келіспейді? Кез келген ересек адамның жасына, жынысына, ұлтына, дініне қарамастан, ортақ мақсаты бір. Ол – жеке өмір мен жұмысты қатар алып жүріп, бақытты ғұмыр кешу. Одан бөлек, осы бір ғана себептен қоғамда қаншама әлеуметтік, экономикалық мәселе туындайтынын аңғара бермейміз. Оның ішінде демография, отбасы, жастар саясаты, денсаулық сақтау, білім беру саласында қордаланған мәселелердің біразы осыған келіп тіреледі. Тіпті Лондонда жүргізілген зерттеулердің бірі қысқа жұмыс аптасының экологияға, қоршаған ортаға пайдалы екенін анықтапты.
Жұмыс уақытын қысқарту – тек демалыс не жалқаулықпен байланысты емес екені белгілі, мәселенің тамыры тым тереңде. Бұл дегеніміз – ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық тәртіптің өзгеруі, ал оның салдары қандай болатыны белгісіз. Бір жағынан, заман бір орнында тұрған жоқ. Кейбір мамандар технология мен ғылым дамып, адамның мүмкіндігі артып жатқан ортада жұмыс уақытының қысқаруы да қисынды деген пікірде. Бұл ойдың да жаны бар. Бұрын адам баласы атқарған қаншама жұмыс қазір автоматтандырылған, еңбек өнімділігі де бірнеше есе артты.
Әңгімені әріден бастағанымызбен, енді Исландия жүргізген тәжірибеге оралайық. Түсініктірек болуы үшін зерттеудің өзіне тоқталсақ. 2015-2019 жылдары Исландия жалақыны төмендетпестен, 40 сағаттық жұмыс аптасын 35-36 сағатқа дейін қысқартып, екі ауқымды тәжірибе жүргізген. Жоба нәтижесін алғаш рет Ұлыбританияның Autonomy ғылыми орталығы мен Исландиядағы тұрақты даму және демократия қауымдастығы (Alda) бірлесе талдап, баяндама жариялады. Зерттеушілер елдегі еңбекке жарамды халықтың 1 пайыздан астамы, яғни 2500 қызметкер қатысқан сынақтың нәтижесі мемлекеттік қызмет пен жеке секторға да пайдалы екенін алға тартады. Баяндамада көрсетілгендей, бұл тәжірибелердің сәтті болғаны соншалық, елдегі жұмыс күшінің 86 пайызы жұмыс уақыты қысқартылған һәм заңды түрде қысқартылып жатқан көрінеді.
Байқап отырсақ, басты назар жұмыс аптасын төрт күнге қысқартуда емес, жалпы бір аптадағы жұмыс уақытын 4-5 сағатқа азайтуды ұсынып отыр. Бұған көз жеткізу үшін желіде жарияланған 80 беттік «Going public: Iceland’s journey to a shorter working week», яғни Исландияның қысқа жұмыс аптасына өту жолына арналған баяндаманы шолып шығу жеткілікті.
Рейкьявик қаласының кеңесі жүргізген зерттеудің бірінші бөлігіне қаладағы қызмет көрсету орталығы, балаларды қорғау қызметі, кейіннен балабақшалар, қалалық жөндеу мекемелері, мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған интернат үйлерінің қызметкерлері қатысқан. Тіпті Рейкьявик қаласының мэриясы да қосылған. 2017 жылы тәжірибеге Исландия үкіметі қызығушылық танытқан. 17 мемлекеттік мекеменің ішінен елдің ішкі кірістер басқармасы, Исландияның көші-қон қызметі, ұлттық тіркеу орталығы мен Вестфьордтағы полиция бөлімінің қызметкерлері қысқарған жұмыс уақытының әсерін зерттеуге кірісті. Зерттеушілер тәжірибе соңында екі нәтижеге келді. Біріншіден, қызмет көрсету мен өнімділік деңгейі бірқалыпты сақталған және өскен, ал екіншіден, жұмысшылардың әл-ауқаты жақсарып, жұмыс пен жеке өмірді қатар алып жүрген екен.
Ал төрткүндік жұмыс аптасы деген тіркесті 80 беттік баяндамада екі жерден ғана кездестіруге болады. Онда да кіріспеде қысқарған жұмыс аптасын Еуропада басқаша «төрткүндік жұмыс аптасы» деп те атап жүргені айтылған. Сонымен бәріміз елең еткен қысқа жұмыс аптасы біз ойлағандай «қысқа» болмай шықты. Былай қарасақ, жұмыс аптасы бір күнге қысқарса, зерттеуде айтылған 4-5 сағаттың орнына қызметкерлер 8 сағат еңбектен босатылар еді. Сондықтан бұл хабардың «айқайлаған» тақырыбына емес, түпкі мақсатына көңіл бөлген жөн. Еңбек нарығына арналған көлемді зерттеудің нәтижесі жалаң сөз бен бөспе әңгіменің тасасында қалып кетпесе дейміз. Талқылап қана қоймай, жұмыс уақытын қысқартудың пайдасы еліміздегі жауапты органдар мен жұмыс берушілердің назарына ілінуіне жағдай жасайық. Өйткені бұл бір елдің тәжірибесі болғанымен, халықаралық қоғамдастыққа ой салған мәселе екені анық. Қазір әлемдегі дамыған елдердің көпшілігі өз азаматтарының жұмыста шамадан тыс уақыт өткізетінін айтып, сол уақытты қысқартудың жолдарын қарастырып жатыр. Олардың қатарында Ұлыбритания, Испания, Жапония және өзге де мемлекеттер бар.
Жалпы, неге бұл жаңалық дәл қазір бұрын-соңды болмаған маңызға ие болып отыр? Айналып келіп тағы сол пандемияны сөз қылуға тура келеді. Былтыр адамзаттың құндылықтары түбегейлі өзгерді деуге болады. Жұрт өзін, отбасын, жақындарын, денсаулығын бірінші кезекке қойып, бағалай бастады. Қашықтан жұмыс істеп, қоғамда жылдар бойы қалыптасқан тәртіпті өзгертті. Барлығы бәз баяғыдай болмауы да мүмкін. Одан бөлек Исландиядағыдай төрткүндік жұмыс аптасын ұйымдастыру оңай болмасы анық. Шамамен 350 мың халқы бар елдің тәжірибесін 330 млн тұрғыны бар АҚШ-та, не халық саны 19 млн-нан жаңа асқан Қазақстанда жүзеге асыру қиынның қиыны.
Қызметкерлердің жұмыстан тыс көбірек уақыт өткізіп, жақындарымен бірге болып, қызметінің қысымынан айырылуының пайдасын әсте жоққа шығармаймыз. Мұны дәлелдейтін зерттеулер мен тәжірибелер де көп. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) әртүрлі елдердегі бір сағаттағы еңбек өнімділігі мен орташа жылдық жұмыс уақытын салыстыра келе, бай елдерде жұмыс уақытының қысқаруы мен еңбек өнімділігінің артуының арасында тығыз байланыс бар екенін анықтаған. Бәлкім, бұл тұжырым Қазақстан секілді дамушы елдерге де қатысты болар.
Еліміздің еңбек нарығында қызметкерлердің жұмыс күнінің ұзақтығына қатысты теріс пікірлердің бары жасырын емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшінің жұмыста заңмен бекітілген уақыттан артық отыратынын айтып, сынаған еді. Сондай-ақ Елбасы ұзаққа созылатын жиындардың көбейгенін де тілге тиек еткен. Артынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жұмыс уақыты аяқталғанда меморгандардың қызметтік компьютерін өшіру секілді шаралар ұсынған-ды. Алайда шамадан тыс талапшыл басшылар қол астындағы маманға еркіндік беруге қиналатындай. Өкінішке қарай, түнге дейін жұмыс істеу көп жерде қалыпты жағдай болып кеткен. Бұл мәселені құқықтық деңгейде емес, әріптестер арасында өзара сыйластық бар, басшысы қызметкердің еңбегін әділ бағалайтын қарапайым жұмыс мәдениетін қалыптастыру арқылы-ақ шешуге болар. Төрткүндік жұмыс күні деп аузымызды айға білеп, құр дабыраға салмай, дамыған елдер деңгейіндегі еркін әрі әділетті еңбек ортасын қалыптастыруға басымдық беріп, одан кейін жұмыс уақытын қысқартуды қарастыруға болатынын айтқымыз келеді.