Қостанайлық диқандар көктемгі егіс науқанын ойдағыдай аяқтағанымен, одан кейін екі ай бойы көктен бір тамшы нәр тамбай қойды. Жаңбырсыз жаздың аптабы қылтиып шыққан дән сабағының еркін бойлап кетуіне ерік бермеді. Мұндай уақытта әдетте астығы жайқалып, теңіз болып толқып жататын топырағы құнарлы деген аудандардың өзінде егін еңкіш тартып, сабағы сарғайып, масағына шыр бітпей жатып күюге айналған.
Көптен бері дәл мұндай сараңдық танытып көрмеген табиғаттың тосын мінезіне шаруалар енді шындап алаңдай бастаған еді. Алайда 11 шілдеге қараған түні көк жүзін қарасұр бұлт торлап, ертеңінде түнере төнген аспанның бауыры иіп сала берді. Қостанайлықтар мұндайда көктен ырыс жауды дейді.
Екі күн бойы ебіл де себіл егілген ақ жауын әбден кеуіп қалған астықты алқапты жарылқап-ақ тастады. Көктемнен бері көңілі күпті диқандар қауымының осы жауыннан кейін-ақ күдігі сейіліп, үміті оянғандай болды. Дегенмен 70 күнге созылған аптаптың алқапта ізі қалды, сондықтан биылғы астық өнімді жылдағыдай жырғалтып бермейді. Былтыр әр гектардан орташа есеппен 15 центнерден өнім алған алқабы құнарлы, техникасы қуатты, технологиясы іргелі шаруашылықтардың өзі биыл әр гектардан 8-9 центнер түсім алсақ, соған да тәубе етіп отыр.
Жалпы, биыл Қостанай облысында 5 млн гектар алқапқа тұқым себілді. Оның 4 млн-ы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. 4 млн гектарға жуық жерді бидай алқабы алып жатыр. Ал майлы дақылдың көлемі 600 мың гектарға жуықтайды.
Күннің ыстығы мен топырақ қабатындағы ылғалдың аздығы ауылшаруашылық дақылдарының өсіміне айтарлықтай теріс әсер еткенін ресми орындар да мойындап отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі 3 млн 875 мың гектар дәнді дақылдың 3,8%-ы ғана жақсы, 59,1%-ы қанағаттанарлық, 35%-ы нашар жағдайда. Ал 80,7 мың гектар немесе 2,1% алқап мүлде күйіп кеткен. Мамандардың сөзінше, қазір дәнді дақылдар жедел өсе бастаған. Бүгінде 1 491 мың гектар бидай масақтап үлгерсе, 502 мың гектар алқаптың масағы толыса бастаған. Яғни егін өсімінің барлық сатысында жедел даму байқалып, бидайдың пісу қарқыны 7-12 күн алда келеді.
– Соңғы аптада облыста орташа есеппен алғанда шамамен 30 мм ылғал түсті. Бұл бидай масағының дамуына, дәннің толысуына ықпал еткенімен, өнімнің ұлғаюына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Биылғы астықтың қаншалықты деңгейде өнім беретіні бидай толық пісіп, жетілген соң ғана белгілі болады. Бір анығы – биылғы қуаңшылыққа байланысты көктемде жоспарланған өнімге қол жеткізе алмаймыз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықов.
Биылғы егіс науқаны – облыстағы ірі шаруашылықтардың бірін басқарып отырған Ыбыраш Естаев үшін елеулі кезең. Кәнігі диқан биыл елуінші рет жерге дән сеуіп отыр. Диқаншылықтың қыр-сыры мен Тобыл өңіріндегі күн райын тамыршыдай тап басып болжайтын тәжірибелі шаруа биыл жиырма мың гектардан аса бонитеті алпысқа дейін баратын құнарлы алқапқа тұқым сепкен.
– Біз егінді уақытында септік, биыл топырақ қыртысындағы ылғал тез кеуіп кетті. Өйткені жылда мамыр айының ортасында, аяқ кезінде шамалы жаңбыр бүркіп өтіп, ылғалдың мөлшерін еселеп, толтырып кететін. Ал биыл бұлай болмады, аптап ыстық мамыр айынан басталып кетті де, өткен аптаға дейін жерге бір тамшы түспеді. Күн райын әуелден аңдағандықтан, дәнді 9 см-ге дейін тереңдетіп септік. Әдеткі жылдары 5-7 см жеткілікті болатын. Биыл дән себу науқанын ерте бастаған шаруашылықтарға қиын болып тұр. Тіпті бірінші мамырдан бастағандар бар. Бұл түйенің мойнынан қисық, өйткені мұндай уақытта дән себуге болмайды. Ерте еккен егіннің сабағы тез көтерілгенімен, оған түп тастайтын кезде ылғал жетпей қалады. 22-25 күннен кейін бір түптен 4-5 бидай сабағы шығады. Ол 75 пайыз ылғалды пайдаланады. Ал бидайдың шығуына 5-ақ пайыз ылғал жеткілікті. Ерте сепкендер осыны сәйкес келтіре алмай қалады. Ал енді тәжірибесі мол шаруашылықтар тұқымды мамырдың жиырмасына қарай себеді. Өз басым көктемгі науқанды 21-22-сіне қарай бастаймын. Техникам бар, күшім көп, әйтеуір, өзіміз «қызыл жолақ» дейміз, сол 30 мамырдан әріге қалдырмау керек. Осының нәтижесінде, қазір, міне, құдайдың рахатын көріп отырмын. Осыдан бір жеті бұрын жаңбыр жауып берді. Кеңес уақытында талай жыл кеңшар басқардым, сонда 30-35 мм жаңбыр жауса, директор біткеннің бәрі бөркін аспанға атып қуанатын. Ал өткен аптада кейбір аудандарда 75 мм-ге дейін ылғал түскен, өз шаруашылығымда 42 мм жауын жауды. Сондықтан менімен қатар сепкен диқандардың бәрі биыл лайықты өнімге қол жеткізеді деп ойлаймын. Бұлай дейтінім, жаңбыр тоқтаған соң, екі-үш күннен кейін алқап басына бардық. Сарғайып тұрған масақ әп-сәтте қоңырқай тартып, сабағы көкпеңбек болған, – деді Ы.Естаев.
«Егіннің жайын еккен біледі». Тәжірибелі диқанның айтуынша, биылғы құрғақшылықтың зардабы, әсіресе, дәнді мерзімінен ерте сепкен шаруашылықтарға ауыр тиеді. Өйткені олардың дені тұқымды мамырдың басында-ақ егіп тастаған. Осылайша, сабағы ерте шығып, бас алып кеткен егін жаңбырсыз жаздың екі айлық аптап ыстығына ұрынып, әрі қарай бойлай алмай бір-ақ қарыс болып қалды. Мұндай егін енді астынан құйсаң да, үстінен құйсаң да, жарытып өнім бере алмайды. Ал дер уақытында жерге түскен дәннің сабағы бүгінде тізеден асып кеткен.
Қостанай облысына қарасты 16 аудандағы егіннің жағдайын қалт жібермей бағып отыратын Ыбыраш ағайдың сөзінше, биыл Амангелді, Арқалық өңірінде егін жоқ, Науырзым ауданында жоқтың қасы, Әулиекөл, Денисов, Жітіқара, Қамысты аудандарында да егін шығымы мәз емес. Ал Сарыкөл, Ұзынкөл, Меңдіқара, Қостанай, Федоров аудандарында егін бар, бұл өңірлер биыл аса жоғары болмағанымен, орташа өнім алады.
Қостанай облысында биылғы бидай түсімі жылдағыдан төмен болатынын Меңдіқара ауданындағы бидайдың элиталы тұқымын өсіретін «Қарқын» агрофирмасының басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов та айтып отыр.
– Бірақ мына 11-12 шілдедегі жаңбыр жақсы құйды. Облыс бойынша 50-60 мм ылғал түсті. Бірақ бидай басын жарып үлгерді. Яғни бидайдың басы жарылған соң, жауын шелектеп құйса да, масақ қауызындағы дәннің саны көбеймейді. Сондықтан бұл жаңбырдың егіннің пісіп, толысуына ғана пайдасы тиеді. Дән аз болғанымен, салмақты болады. Менің ойымша, Меңдіқара ауданында биылғы астық орташа есеппен әр гектардан 10 центнерден өнім беруі мүмкін. Бұл жаман емес. Егер егін түсімі аз болса, бидайдың бағасы көтеріледі. Сондықтан биыл баға жоғары болады деген үміт бар. Тоннасы жүз мың теңгеден артық болуы тиіс. Бұл шаруаларға тиімді. Соңғы жауған жаңбырдың, әсіресе, күнбағыс, зығыр, рапс сияқты майлы дақылдарға тиетін пайдасы зор. Бірақ бидай жылдағыдай түсім бермейді. Өйткені сұмдық қуаңшылық болды. Мұндай жаздың қашан болғаны есімде жоқ. Мамыр айынан бастап күннің ыстығы 35 градустан төмен түспей қойды, – деді әйгілі диқан.
Қостанай облысының солтүстігіне қарай орналасқан аудандардың топырағы құнарлы болғандықтан, қандай қуаңшылық болса да, бұл өңірлер өнімсіз қалмайды. Биылғы құрғақшылық облыстың оңтүстігінде жатқан Амангелді, Арқалық, Науырзым, Жітіқара, Қамысты аудандарына ауыр тиді. Бұл аудандарда, тіпті шөптің өзі күйіп кетті.
Науырзым өңіріндегі диқандардың айтуынша, биыл егін нашар. Жоғары өнім болмайды. Бидай сабағы қысқа. Қостанай төңірегінде жауған ақ жауын кейбір жерлерге сәл ғана себелеп өткені болмаса, Науырзым ауданына жеткен жоқ. Сондықтан биыл бұл аудандағы жерге түскен дән көктемде есіл кеткен қып-қызыл шығынды ақтай алмайды. Диқандар, тіпті сепкен тұқымның өзін өндіріп ала алмаймыз деп отыр. Құрғақшылық ұрып, аса ауыр жағдайға душар болған бұл өңірде егінді ерте септі не, уақытында септі не, бәрібір биыл еш қайыр болмайтын сыңайлы.
– Наурзым ауданында көктем шыққалы жаңыбыр жоқ. Алқаптарға үш-төрт күн бұрын аз ғана ала-құла жауын себелеп өтті. Бұл – мамырдан бергі екі жарым ай ішінде жауған бірінші жаңбыр. Раздольныйда мүлде жаңбыр жоқ. Науырзым ауданы бойынша биыл әр гектардан 2-3 центнер өнім алсақ жақсы. Бірақ ауа райын болжай алмаймыз, әрі қарай не болатыны белгісіз. Биыл топырақ қыртысы ерте кеуіп кеткендіктен, жерге түскен дәннің біразы шықпай қалды. Көбінің сабағы қылтиғанымен, күннің ыстығы 40 градустың үстіне шығып кетіп, бидайдың әрі қарай өсуге дәрмені жетпеді. Өйткені күннің қызуы 40 градус болса, құмды топырақтың қызуы одан да жоғары болып, сабақты күйдіріп жіберді. Көтерілген сабақтың биіктігі бір-ақ қарыс, 30-35 см ғана. Бұл өңірде тұқымын кейін еккен кейбір шаруашылықтарда бидайдың сабағы та шықпай қалды. Түгелдей күйіп кетті, – дейді шарасы таусылған диқандар.
Жалпы, Науырзым, Жітіқара сияқты оңтүстік аудандарда егіннің бітік шығуы – сирек кездесетін құбылыс. Бұл өңірлердегі диқандардың көбі соңғы жылдары тек қарызға батқаны болмаса, аузы майланып жер ырыздығына қарық болып көрген емес.
Қостанай облысы