ЭКСПО шежіресі: Париж, 1889 жыл
Франция үкіметі 1889 жылы Ұлы француз революциясына 100 жыл толу құрметіне Бүкіләлемдік көрме өткізіп, әлем жұртшылығын тағы да француздардың ғылым мен техника саласындағы жетістіктерімен таңдандыруды мақсат етті.
ЭКСПО шежіресі: Париж, 1889 жыл
Франция үкіметі 1889 жылы Ұлы француз революциясына 100 жыл толу құрметіне Бүкіләлемдік көрме өткізіп, әлем жұртшылығын тағы да француздардың ғылым мен техника саласындағы жетістіктерімен таңдандыруды мақсат етті.
Бұл Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі тарихындағы Париж қаласында өткелі отырған төртінші көрме болды. 1851 жылы Лондонда өткен көрмеге жауап ретінде француздар 1855 жылы Париж көрмесін өткізсе, 1867 жылы Марс алқабында әлемнің 42 мемлекеті өнеркәсіп саласындағы өздерінің жетістіктерін паш етті. Ал 1978 жылғы Париж көрмесінде Франция үкіметі Сена өзенінің оң жағалауында барлық мемлекеттердің ғылым мен техника саласындағы жетістіктерінің жәдігерлері паш етілген Трокадеро сарайы кешенін салғаны белгілі. ХХ ғасырда бұл сарай қайтадан кәдеге жаратылып, 1937 жылы Бүкіләлемдік көрме өткізілген болатын. Қазір ол «Шайо сарайы» деген атпен мәлім.
Ұлы француз революциясының бастауы болып саналатын Бастилияны алудың 100 жылдығы құрметіне өткізілгелі отырған бұл көрме көпшіліктің көңілінен шыға қойған жоқ. Бұл революция Франциядағы король билігін жойғандығына байланысты Еуропаның көптеген монархиялары 1889 жылғы Бүкіләлемдік көрмеге қатысудан бас тартты. Солай бола тұрса да, көрмеге АҚШ, Грекия, Норвегия, Швейцария, Жапония, Қытай, Үндістан, Мексика, Египет сияқты мемлекеттер бастаған әлемнің 30-дан астам елдері ресми түрде қатысса, Бельгия, Бразилия, Испания, Португалия, Дания, Румыния сияқты мемлекеттер үкімет субсидиясымен қатысты. Ал Англия, Италия, Ресей, Нидерланд сияқты мемлекеттерден жекелеген қатысушылар келді.
Сөйтіп, 1889 жылғы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы Париж қаласында 6 мамырдан 31 қазанға дейін желбіреді. Көрме павильондары Марс алқабында және Трокадеро сарайы алаңында орналасты. Осы екі алаңды бір-бірімен жалғастыру мақсатында Йен көпірін кеңейтуге тура келді. Ұлы төңкерістен енді есін жиған Франция билігі төрткүл дүниеге осы көрме шеңберінде бой көтеретін керемет архитектуралық нысан арқылы француз ақыл-ойын паш етуді армандады. Сөйтіп, үкімет күні бұрын қайталанбас ЭКСПО ғимаратына байқау жариялады. 1886 жылы өткен бұл байқауға дүние жүзі сәулетшілерінің 107 архитектуралық және инженерлік жобасы қатысты. Сол бәсекеде инженер Гюстав Эйфель бастаған топ жеңіске жетіп, «Эйфель мұнарасын» салу туралы шешім қабылданды. Г.Эйфельдің бұдан бұрын да металл нысандарының конструкторы ретінде атағы мәлім болатын. Сөйтіп, Париждегі Бүкіләлемдік көрменің басты нысанын тұрғызу құрметі Эйфельге тапсырылды. Болашақ жобаның авторы өзі тұрғызатын мұнара туралы сол кезде былай деген болатын: «Менің бүгінгі күннің ғылымы мен француз индустриясының құрметі үшін осыған дейін салынған жеңімпаздар аркаларының бәрінен биік те озық болатын триумфалдық арка тұрғызғым келді».
Сөйтіп, 1887 жылдың қаңтарында мемлекет және Париж муниципалитеті Гюстав Эйфельмен шарт жасасып, болашақ мұнараны оған 25 жыл мерзімге жалға береді. Мұнараны салу үшін мемлекет тарапынан 1,5 млн. алтын франк көлеміндегі субсидия бөлінеді. Бұл мұнараны салуға қажетті қаржының 25 пайызы ғана еді. Қалған қаржыны Эйфельдің өзі табуға тиісті болды. Сөйтіп, 300 жұмысшы екі жыл, екі ай және 5 күннің ішінде 120 жылдан астам уақыттан бері барша адамзатты таңдандырып келе жатқан ғажайып мұнараны тұрғызған болатын. 1889 жылдың 31 наурызында, яғни құрылыстың іргетасын көтеру үшін ор қазыла бастағаннан кейінгі 26 ай уақыт өткенде Эйфель денсаулығы тәуір бірнеше шенеунікті мұнараның басына шығатын 1710 баспалдақтан тұратын сатымен көтерілуге шақырды. Алғашқы күннен-ақ көрме символы болып саналатын мұнара құрылысының қарсыластары да көп болды. Мәселен, Ги де Мопассан бастаған Францияның атақты 47 жазушылары мен суретшілері қол қойып, үкіметке арнайы меморандум жолдады. Онда «Осы бір алып түтін мұржасы өзінің ұсқынсыз кейпімен Париждің бүкіл мемориалдық құрылыс нысандарына көлеңке түсіреді. Темір үйіндісінен тұратын бұл алып мұржа өзінің кескінсіз көлеңкесімен ғасырлардың қымбат ескерткіші болып табылатын қаламыздың ашық аспанын көлегейлейді», деп жазылған.
Алайда, бәріне уақыт өз бағасын берді. Париждіктер бірден-ақ «Темір ханым» деп ат қойып үлгерген Эйфель мұнарасының даңқы бірден асқақтай жөнелді. Бүкіләлемдік көрме жалауы желбіреген алты айдың ішінде Эйфель мұнарасына 2 миллионнан астам адам шығып үлгерді. Эйфель мұнарасының биіктігі 324 метр немесе 81 қабаттан тұратын ғимараттың биіктігіне тең. 40 жыл бойы бұл мұнара әлемдегі ең биік архитектуралық нысан болып келді. 1930 жылы Нью-Йорк қаласында салынған Крайслер Билдинг биіктігі жағынан оны басып озды. Эйфель мұнарасын шамамен 4 платформаға бөлуге болады. Алғашқысы төменгі (жерасты) платформасы, 1-ші платформа (57 метр), 2-ші платформа (115 метр) және 3-ші платформа (276 метр). Бұл платформалардың әрқайсысының өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мәселен, төменгі, жерасты қабатында мұнараны тамашалауға арналған билеттер сататын дүкендер орналасқан. Ал бірінші платформада галереялар, үшінші платформада астрономиялық және метеорологиялық обсерваториялар және физикалық кабинеттер орналасқан. Мұнараға орнатылған маяктың жарығы 10 километр қашықтықтан көрінеді.
1889 жылғы Бүкіләлемдік көрменің Эйфель мұнарасынан басқа тағы бір атап өтер кереметі «Машиналар галереясы» болды. Бұл павильонның ұзындығы 420 метр болса, ені 115 метрге созылды. Павильонның архитектурасын Фердинан Дютер мен инженер Виктор Контамен жүзеге асырды. Павильонның қабырғаларындағы алып терезелер бұл нысанның болат пен шыныдан тұрғызылғандығын паш етті. Павильонның ішіне жылжымалы платформа орнатылды. Көрмені тамашалауға келген адамдар осы платформаларға мініп, құс қанаты көтерілетін биіктіктен павильонға қойылған машиналар мен механизмдерді тамашалады. Мұнда алғаш рет автомобильдердің үлгілері таныстырылды. Атап айтқанда, Карл Бенстің үш доңғалақты және Готлиб Даймлердің төрт доңғалақты машиналары көрсетілді. Сонымен бірге, Томас Эдисонның өнертапқыштық құралдары қойылған көрме де келушілердің көңілінен шықты. Эдисонның өзі болса, осы көрмені тамашалауға арнайы келіп, француз инженерлерінің алдында сөз сөйледі. Г.Эйфель бастаған француз инженерлері атақты Эдисонның құрметіне дастарқан жайды. Осы дастарқан мәзірінің үстінде 70 жастағы Ш.Гуно өзінің музыкалық шығармаларын орындады.
Сонымен бірге, көрме шеңберінде бірнеше мамандандырылған тақырыптық көрмелер өткізілді. Оның ішінде «Еңбек құралының тарихы» атты көрмеде тас дәуіріндегі адамдардың тас балтасынан бастап, сол кездегі ғылым жетістіктері болып табылатын көлік құралдары мен электр машиналарына дейін көрініс тапты. Ал «Адам баспанасының тарихы» атты көрмеде әр дәуірдің адамдары қолданған қырықтан астам баспаналардың үлгісі көрініс тапты. Сонымен бірге, осы жәдігерлерді ұйымдастырушылар Йен көпірінің екі жағына барлық халықтардың барлық ғасырларда мекен еткен тұрғын-жайларын көрсету мақсатымен бірнеше қалашықтар тұрғызды.
1889 жылғы Бүкіләлемдік көрмені алты айдың ішінде 31 миллион адам тамашалады. Бұл 1878 жылғы көрменің көрсеткішінен екі есе жоғары. Париж көрмесін тамашалауға 1,5 миллионнан астам шетелдік қонақтар келген. 1889 жылғы Париж көрмесі маңызы мен ғылыми жетістіктері тұрғысынан бұрынғы көрмелерден көш ілгері озық шыққанын сол кездегі басылымдардың барлығы ерекше атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».