Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде коронавирустың жаңа толқыны туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Коронавирустың жаңа толқыны ең жойқын болып отыр. Соңғы күндері жүздеген азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық сатып алынды», деді Президент бүгінгі жиында.
Президенттің айтуынша, әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек.
«Еліміздің әр азаматына айтарым денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал, Үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруға тиіс», деді Тоқаев.