Биыл Жамбыл облысында шөп бағасы шарықтап тұр. Бұл өңір тұрғындары үшін күрделі мәселеге айналуда. Ағымдағы жылғы ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылықтың салдарынан шабындықтардағы өнімділік төмендеген. Бұл мал азығына қажетті жем-шөп бағасының өсуіне әсер етіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған мәселені шешу мақсатында енді өңірде әр сенбі сайын шөп жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы үндеу жолдап, қажетті шөпті жинап алу үшін барлық ішкі ресурстарды пайдалануды тапсырған.
«Бүгінгі таңда тау аңғарларынан, сай-сала, өзен арналарынан қосымша пішен дайындау жұмыстары басталып кетті. Биыл Сарысу, Мойынқұм және Талас аудандарындағы Шу, Талас және Аса өзендерінің бойындағы өнім өткен жылмен салыстырғанда жоғары болғандықтан, ірі шаруа қожалықтарына шөпті аталған аудандардан орып алу ұсынылды. Бұдан бөлек, кейбір аудандағы шаруалар өз меншігіндегі сай-салаларды халыққа бөліп беріп отыр. Осылайша шөп дайындау жұмыстары Жуалы және тағы бір-екі ауданда ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, біздің басқарма тарапынан өткен сенбіден бастап барлық аудан орталықтарында «жем-шөп сату» жәрмеңкесін өткізу қолға алынды», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.
Мал азығы бағасының негізсіз шарықтап кетуінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке бұдан былай барлық ауданда әр сенбі сайын өткізілетін болады. Мәселен, өткен жәрмеңкеде Мойынқұм ауданына жеткізілген бір бау жоңышқа 1000, пішен 500, бір орама шөп 3500 теңгеден өткерілген. Жалпы, жәрмеңкеге 1600 бау пішен, 1000 бау жоңышқа және 500 орама шөп жеткізілген. Сол сияқты, Т.Рысқұлов ауданында да өткен жәрмеңкеде 36 тонна жоңышқа, 56 тонна пішен және 28 тонна сабан сатылған.
Жамбыл облысы