Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығына арналған «Естен кетпес бейне» атты көрме өтті. Көрмеге әр кезеңде музей қорына жинақталған фотосуреттері, орден-медальдары мен төсбелгілері қойылды. С.Бәйішев атындағы кітапхана да жазушының кітаптары мен басылымдарда жарияланған мақалаларын экспозицияға қойды.
Қажығали Мұханбетқалиұлы 1942 жылы Байғанин ауданының Кемерши ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін Ақтөбе облыстық телевизиясында, кейін облыстық «Коммунизм жолы» газетінде еңбек етті. Жазушы Алматыға қоныс аударған соң «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында аға әдеби қызметкер, «Қазақ әдебиеті» газетінде проза бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы. «Жаңа фильм» – «Новый фильм» журналының бас редакторы, «Түркістан» апталығының бөлім меңгерушісі болды.
Жазушының «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Ескі достар», «Қайдасың, сен махаббат?», «Өмір соқпақтары», «Сынық терезе» кітаптары жарық көрді.Соның ішінде Махамбет Өтемісұлына арналған «Бас жұтқан бас» повесі оқырмандар жүрегінен жол тапты.
Жазушы 2012 жылы Сырым батыр жайлы «Тар кезең» тарихи романын жарыққа шығарып, 2014 жылы осы кітапқа Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы берілді. Қ.Мұханбетқали-
ұлының шығармалары орыс, украин, өзбек, түрікмен тілдеріне аударылса, өзі де П.Мериме, Р.Акутагава, С.Моэм, түрікмен жазушысы Т.Жұмағалиевтің, орыс жазушысы А.Склонның шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Қажығали Мұханбетқалиұлымен бірге қызметтес болған ақтөбеліктер, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде Байғанин даласында өткен балалық шағы туралы жерлестері естеліктермен бөлісті.
Ақтөбе облысы