Ел экономикасын әртараптандыру – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты мақсаттарының бірі. Бұл жөнінде жаңа жыл қарсаңындағы бүкілхалықтық тікелей телекөпірде де тағы бір қадап айтылды.
Ел экономикасын әртараптандыру – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты мақсаттарының бірі. Бұл жөнінде жаңа жыл қарсаңындағы бүкілхалықтық тікелей телекөпірде де тағы бір қадап айтылды. Осы орайда, «Алтын сапа» жүлдесінің иегері ретінде біздің ұжымға ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Электровоздарды жөндеу мен оны жаңғырту бағытындағы бірегей кәсіпорын саналатын зауытымыз «Индустрияландыру картасы» шеңберінде жүйелі жұмыстар атқаруда. Біз бағдарлама жарияланған күннен бастап тиімді инновациялық инфрақұрылым қалыптастыруға тырыстық. Инвестициялық құйылымдар мен өз күш-қарымымызды сарқа пайдалана отырып гальваникалық, түсті металл құю цехтарын ашып, резинотехникалық және пластмасса бұйымдарын дайындайтын бөлімшелерді кеңейттік. Сондай-ақ, компрессорлар мен редукторларды, роторларды күрделі жөндеу учаскелерін іске қосып, ұста-механикалық, электромашина цехының екінші корпусын толықтай жаңғырттық.
Инновациялық қызметті белсенді жүргізудің арқасында зауытымызда заманалық ғылым мен техника жаңалықтарына кеңінен өріс ашылды. Мұның бір мысалы ретінде ұзақ жылдар қолданыста болған «ВЛ-60» электровоздарын бүгінгі күн талабында жаңғыртқанымызды айтуға болады. Сондай-ақ, «ВЛ-80» сериялы электровоздардың жылу жүйелері мен пневматикалық тежегіштерін қуаттандыру арқылы жүк және жолаушы тасымалындағы локомотивтер сенімділікпен пайдаланылуда. Сынақтардан сүрінбей өткен машиналарымыздың дизайндық безендірілуі, басқаруға қолайлылығы көз тартады және олардың тоқтаусыз қызметіне 20 жылдық кепілдік бере аламыз. Мұның өзі бізде жасалған электровоздардың мүлдем жаңа, яғни, қазақстандық модельге сай екендігін дәлелдейді.
2012 жылы Қазақстанның қарышты трассаларына жаңа маркадағы сегіз локомотивті шығарсақ, 2013 жылы оның саны бес данаға артып отыр. Осы орайда, бұрын машинистің басқару кабинасы Украинадан тасымалданса, былтыр конструкторлық-технологиялық бюро мен экспериментті цех және құрылыс тобының мамандары аталған жабдықтарды өз қолдарымен жасап шығарып, өндіріске енгізгенін еске салған жөн. Жалпы, жаңа бағдарлама зауыт өнертапқыштарын желпініске түсіргенін айтқым келеді. Дәстүрлі бастаманың жандануы нәтижесінде электровоздарға қажетті жабдықтар мен тетіктердің 180-нен астам түрі өзімізде жасалуда. Бұдан түскен экономикалық тиімділік 43 миллион теңгені құрап отыр.
Халықаралық стандарттағы «ISO 9000» сапа сертификатымен жұмыс істейтін ұжымымыз жаңа жылда да серпінді ісімен танылып, бәсекелестікке қабілеттілігін арттыра бермек. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты талабы да осы.
Нұрмахан ПУЛАТОВ,
Атбасар электровоз жөндеу
зауытының директоры.
Ақмола облысы.