«Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлаушылары қол гранатасын лақтыру жаттығуын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, барлау бөлімшелерінің жеке құрамы «Қарабатан» полигонында РГД-5 жарықшақты қол гранатаны лақтыруға арналған атыс жаттығуына қатысты.
Атыраудағы №41433 әскери бөлімінің командирі, подполковник Есболат Нұрекешевтің айтуынша, жаттығу алдында әскери қызметшілер гранаталардың жалпы құрылымы, қолдану ережелері, қауіпсіздік шараларының талаптары мен лақтыру техникасымен танысты. Жаттығудың шартына сәйкес, 25 метр қашықтықтағы үш фигуралы нысананы жою қажет. Ал, «Гранатаны лақтыр» пәрменінен кейінгі әрекет 30 секундтан аспауы керек.
«Жеке құрам жоғары дайындық пен жақсы нәтиже көрсетті. Мерзімдік әскери қызметтегі жауынгерлер үшін бұл сынақ қызықты болды» дейді Есболат Нұрекешев.