Интернеттің қазақстандық сегментіне жүргізілген ақпараттық қауіпсіздік мониторингі нәтижесінде Telegram арналардың бірінен 744 мың қолданушының жеке деректері жазылған файл табылды. Оның 30 мыңы қазақстандық номерге тіркелген аккаунт. Бұл туралы «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Табылған файлда әлеуметтік желі қолданушыларының жеке идентификаторы, аты, тегі, телефон нөмірі және «өзім туралы» бағанына жазған сипаттамасы жазылған.
Telegram каналының авторы табылған файлды 1 миллионнан астам қолданушысы бар «Глаз Бога» платформасының клиенттік базасы ретінде сипаттайды. Аталған платформа - сұрау бойынша әлеуметтік желілерден, мессенджерлерден, іздеу жүйелерінен және басқа да дереккөздерден пайдаланушы туралы ақпарат жинап беретін ТМД-дағы ең үлкен сервис.
«Бұл дербес деректерді киберқылмыскерлердің пайдалану қаупі жоғары. Нақты айтқанда олар мұны адамдардың жеке және банктегі деректерін алу мақсатында қоңырау шалу және хабарлама жіберу үшін пайдалануы мүмкін. Осыған байланысты біз барлық интернет қолданушыға кибергигиенаны сақтаудың маңыздылығы туралы ескертеміз. Интернетке жеке деректерді енгізген кезде қырағылық танытып, жеке ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеуді сұраймыз», деп жазылған баспасөз хабарламасында.