• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Шілде, 2021

Гуантанамо түрмесі жабылады

1023 рет
көрсетілді

Куба аралында орналасқан Гуантанамо түрмесі мен әскери базасы жабылады. Бұл туралы Ақүйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки хабарлады. 

АҚШ билігі тарапынан түрлі қылмыстар, терроризм бойынша айыпталған қылмыскерлерге ар­налған, Кубадан мерзімсіз уа­қыт­қа жалға алған лагерьдің жұ­мы­сын тоқтату туралы шешім 19 шіл­деде қабылданды. Гуантанамо қала­сынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан түрмеде бүгінде 39 кісі жазасын өтеп жатыр.

Түрме 2002 жылы ашылып, оған Ауғанстаннан 20 қылмыскер жет­кізілген-ді. Қылмыскерлер – «Талибан» содырлары, террорис­тік актілерге қатысты деп айыпталды. Одан бөлек 2002-2006 жы­л­­д­ар арасында Ауғанстан мен Ирак­та қолға түскен 750-ден ас­­там адам осы түрмеге қамал­ды. Олар­дың барлығы – «Тали­бан» жә­не «әл-Каида» радикалды ұйым­­­дары­­ның өкілдері еді. Біраз уа­қыт­­тан кейін 250-і еліне қайтарылды.

2009 жылы Барак Обама мемлекет басшысы қызметіне кіріскен бойда түрмені жабу туралы тапсырма берді. Әйткенмен, президент бұйрығы орындалмады. Ал Дональд Трамп президент болып сайланғаннан кейін бұрынғы президент бұйрығының күшін жойып, тіпті аты шулы түрмеге қайтадан қылмыскерлерді қамау­ға рұқсат берді.

Түрмеден босатылғандардың көбі, өкінішке қарай, бұрынғы өмірлеріне қайта оралды. 2007 жылы бостандыққа шыққан Саид Али аш-Шихри еліне, яғни Йеменге оралып, йемендік «әл-Каиданың» көшбасшыларының бірі болды. Түрмеде болған тағы бір қылмыскер Ибрахим ар-Ру­байш исламистердің танымал идеологіне айналды.

Әлемді шулатқан 2011 жылғы 11 қыр­күйектегі террористік акті­ге қатысты тұлғалардың соты осы Гуантанамода өтті. 

«Халықаралық амнистия» ұйымы басқа да құқық қорғау­шы­лармен бірге Гуан­танамода отыр­ған қылмыскерлерді тергеп, адам құқықтары бұзылады деген пікірге келді. Ұйым түрмеде күш көрсетіліп, жазасын өтеп жат­қан­дар ұрып-соғылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар оларды ұйықтатпай, музыка даусын қатты қойып та азаптаған. Пен­тагон бұл айыптаулармен келіс­пей, көрсетілген қысымды шектен шыққан деуге келмейді деп ақталған.

Гуантанамода жазасын өте­ген­дер уақыт өте бостандыққа шы­ға­рылып қана қоймай, кей кезде олар басқа елдерге жіберілген. Осы­лайша, 2015 жылы аты шулы тү­р­меде болған 5 қылмыскерді Қа­зақ­стан қабылдауға келісім берген.

Асим Табит Абдалла әл-Ха­лаки, Мұхаммед Али Хусейн Ханаян мен Сабри Мұхаммед Иб­р­ахим әл-Кураши есімді йемен­діктер, Адель әл-Хакими мен Абдалла бин Али әл-Луфти есімді тунистіктер Қазақстанға әкелінген.

Олар Гуантанамода 10 жыл­­дан астам уақыт өткізіпті. Қыл­мыс­­кердің бесеуі де 2001-2002 жыл­­дары Пәкістанда қолға түс­кен. Олар «әл-Каида» терро­рис­тік ұйы­мымен байланысы бар деп тұт­қын­далған. Деген­мен, бе­сеуіне де нақты айып тағы­лып, үкім шықпаған. Сондық­тан АҚШ үкіметі оларды босату­ды жөн көрген. Кейін белгілі бол­ған­дай, олар өз Отанына емес, ха­лық­аралық бағдарлама аясында Қазақстанға аттандырылды. Біздің Сыртқы істер министрлігіміз оларға пана іздегендер мәртебесі берілетінін хабарлады.

Енді АҚШ-тың президенті Джо Байден түрмені толықтай жабу керек деген тоқтамға келді. Америка үкіметі түрмеде жазасын өтеп жатқан 56 жастағы Марокко аза­маты Абдула Латиф Насирді елі­­не қайтару туралы шешім қа­был­­дады. Вашингтонның мә­лім­­­де­­ме­сіне қарасақ, енді бұл қыл­­мыс­­кер АҚШ-қа қауіп төндірмейді.

Түрмедегі 39 қылмыскердің тек 10-ының ғана репартацияға құқығы бар. Тағы 17 адам ісінің қайта қаралуына өтініш білдіре алады. 10 адам – әскери комиссия тергеуінде. Тек 2 адам ғана – ресми үкімі шыққандар.

Ақүйдің баспасөз хатшысы: «Дәл қазір нақты уақытын айта алмаймыз. Бұл үрдістің қан­шаға созыларын болжау қиын. Деген­мен, түрмені жабу – негізгі мақ­сатымыз», деп мәлімдеді.