12 шілдеде Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті Денисов ауданында үш адамның сібір жарасын жұқтырып, Қостанайдағы инфекциялық ауруханаға түскенін хабарлаған. Департамент мамандарының айтуынша, науқастарға қауіпті індет малдан жұққан.
Келесі күні облыстық ветеринария басқармасы Денисов ауданындағы Свердлов ауылдық округіне қарасты Приречный ауылындағы мал бордақылаумен айналысатын «Алтай» серіктестігіне тиесілі ірі қаралардан сібір жарасының қоздырғышы табылғанын мәлімдеді. Іргелі шаруашылықтың 20 шақты малы қырылып қалған соң, 30 маусымда ветеринарлар ПТР әдісімен диагностикалық зерттеу жүргізген. Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментіне қарасты аса қауіпті инфекциялар бөлімінің бастығы Людмила Налобинаның сөзінше, індет ошағына дер кезінде аурудың таралуын болдырмау шаралары жасалып, өлекселерді арнайы инсинераторларға апарып өртеу, малдарды қамайтын орындар мен өлекселер жатқан жерлерді зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Облыс орталығындағы инфекциялық стационарға түскен үш адам сібір жарасын осы шаралардың ішінде жүріп жұқтырып алуы да мүмкін.
– Науқастар қазір арнайы ем алып жатыр. Бұл адамдар Приречный ауылындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеген. Олар сібір жарасын мал бағып жүріп немесе мал сойып, оны мүшелеп жатқанда жұқтыруы мүмкін. Эпидемиологтер мен ветеринар дәрігерлер сібір жарасының қоздырғышын анықтап, індет ошағында эпидемия мен эпизоотияға қарсы профилактикалық іс-шараларды жүргізіп жатыр. Індет шарпыған аумақта болған адамдар анықталды, олардың бәрі бактерияға қарсы профилактикалық ем алып жатыр. Одан кейін оларға сібір жарасына қарсы вакцина егіледі. Бұдан өзге індет ошағы анықталған жоқ. Әдетте қауіпті індет сібір жарасынан қырылған мал көмілген жерлерден жұғады. Өкінішке қарай, мал бағуға тыйым салынғанына қарамастан, тұрғындар мұндай жерлерді жайылымға айналдырып алатын жағдайлар жиі кездеседі. Алайда бұл ферманың маңайында ескі сібір жарасының көмінділері жоқ. Сондықтан індеттің таралуына күннің аптап ыстығы себеп болуы әбден мүмкін, – деді Л.Налобина.
Ветеринар мамандардың болжамынша, жыртқыш аң-құстар мен дала кеміргіштері сібір жарасы бациласының спораларын басқа жақтан әкелуі әбден мүмкін.
Қазір «Алтай» серіктестігінің меншігіндегі төрт малқора мен оның маңайы толық зарарсыздандырылып, қораның қабырғалары мен шарбақтарын, малға жемшөп беретін ақырларды ақтау жұмыстары аяқталды. Мұның сыртында, індет ошағындағы қоралардың барлығы, мал жайылатын алаңдар мен жазғы мал тұрақтары, сондай-ақ мал қырылған орындар екі рет зарар- сыздандырылған.
Облыстық ветеринария басқармасының ресми мәліметі бойынша, Денисов ауданының басқа елді мекендерінде, жалпы Қостанай облысында эпизоотиялық жағдай тұрақты. 12 шілдеден кейін індет ошағының маңайында мал өлімі тіркелген жоқ. Қазір індет ошағы карантинге жабылды. Вакцина егілген малдың бәрі ветеринар мамандардың бақылауында. Індет толық жойылып, қорытынды зарарсыздандыру жүргізілгеннен кейін 15 күн өткен соң карантин алынады.
Қостанай облысы