Ауыл болашағы жақсылыққа ұйытқы бола білетін, халқын ілкімді істерге бастап, баянды шаруаға бағыттайтын ауылдық округ әкімдеріне байланысты екендігі әлімсақтан белгілі. Сондықтан да жұрттың ақжарылқап күннен үміті зор.
Мәншүк ауылы – етек-жеңі кең пішілген елді мекен. Ауыл шаруашылығына арналған 25868 гектар жер бар, 12 ұжымдық шаруашылық жұмыс істейді. Бір серіктестік пен 5 жеке кәсіпкер ауылдастарына жұмыс тауып беріп, нәпақаларын айырып отыр. Ауылдағы 955 тұрғынның 455-і дауыс бермек.
Ауыл әкімі болып сайланудан ауылдық округтің бұрынғы әкімі Ғани Исаев үмітті. Ауыл әкімі болып тұрған кезінде біршама шаруаның басын қайырыпты. Жас мамандарға арналған бес пәтерлік жатақхана, балабақша, ауыл клубы мен мектебін жылумен қамтамасыз ететін қазандық салынған. Ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткізілген. Тұрғындар қазір жасанды жамылғы жабылған футбол алаңы мен кең де жарық дәмхананың игілігін көріп жүр.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мәди Елубаев ауыл әкіміне үміткермен кездесіп, бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық нысанды бірге аралап көрді. Жергілікті әкімді сайлауға байланысты ұйымдастырылған жиынға қатысып, саяси науқанның мән-маңызын түсіндіріп берді.
Кездесу барысында ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері егжей-тегжейлі сөз болды. Мәжіліс депутаты алдағы сайлаудың мәні туралы ауыл тұрғындарына таратып айта келіп, Nur Otan партиясының елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына аянбай атсалысып жатқандығына тоқталды. Әсіресе ел экономикасының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмысшылардың еңбекақыларының толымды болуы, бәсекеге қабілетті отандық өнімді көбейту, жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері – партия алға қойған міндеттер. Жетекші партияның демеуімен әркімнің мүмкіндігіне орай алдынан ақ жол ашылып, кеңістігі кеңейетіндігі тілге тиек етілді. Содан кейін ауыл әкімдігінен үміткер Ғани Қуантайұлы сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Ауыл тұрғындары өз таңдауын жасауға ықыласты. Олар туып-өскен елді мекендерінің алдағы тағдырын кімге сеніп тапсыратынын енді өздері шешетіндігіне қуанышты.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы