• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Коронавирус 23 Шілде, 2021

Тәртіпті сақтауды тапсырды

155 рет
көрсетілді

Қостанай облысында коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Өңірдің эпидемиялық ахуалы мәз емес. Соңғы мәлімет бойынша, облыста бір күн ішінде 141 адамнан COVID-19 табылып, індет жұқтыру қарқыны 0,76 пайызға өскен. Науқастардың дені – Қостанай, Рудный және Арқалық қалалары мен Қостанай ауданы­ның тұрғындары. Бұл туралы індетке қарсы күрес жөнін­дегі жедел штабтың кезекті отырысында да айтылды.

Штаб отырысында Дени­сов, Жангелдин, Ұзын­көл аудандарының әкімдері өз өңірлеріндегі эпидемиялық жағдай туралы баяндады. Ал мониторингтік топ өкілдерінің сөзінше, облыстағы көптеген бизнес нысаны әлі де болса тәртіпке бағынбай отыр­ғанын мәлімдеді. Мысалы, мониторингтік топтар 1 мау­сым мен 16 шілде ара­лығында 3 666 тексеру жүр­гізіп, 178 нысанның карантин талаптарын бұзғанын анықтаған.

Жиын барысында жедел штаб мүшелеріне карантин талаптарының сақталуын ба­қылауды қатайтуды қадап тапсырған аймақ басшысы індетке қарсы екпе жасатқандардың күн санап есе­леніп келе жатқанын айтты.

– Соңғы мәлімет бо­йын­ша 222 мыңнан аса адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдады. Бүгінде облыс халқының 44%-ы екпе жасатты. Ал 114 мыңға жуық адам, яғни облыс тұрғындарының 22,4%-ы вакцинаның екінші компонентін қабылдады. Бүгінде облысқа вакцинаның бірінші компонентінің 259 500 дозасы, екінші ком­поненттің 183 250 дозасы жеткізілді. Қазір инфек­циялық ауруханада 586 адам емделіп жатыр, – деген Архимед Мұхамбетов облыс тұрғындарын уақтылы екпе жасатып алуға үндеді.

Облыстың бас санитар дәрігері Ермұхан­бет Дәулетбаевтың айтуынша, Қостанайдағы инфекциялық аурпуханада емделіп жатқан науқастардың көбі вакцина салдырмаған.

– Соңғы апта ішін­де аймақта індетке шалдық­қандар саны күрт өсіп, COVID-19 жұқтыру көрсет­кіші күніне 53-тен 141-ге дейін жетті. Бүгінде облыста орналасқан 22 стацио­нардағы орындардың 44%-ы­ толды. Қазір жансақтау бөлі­міндегі 100 төсектің 34-інде науқастар жатыр. 22 науқастың жағдайы ауыр. Науқастардың көбі – 60-70 жас аралығындағы адамдар. Ауыр науқастардың ешқайсысы вакцина қабыл­дамаған. Алайда екпе сал­дырған адамдар да ауырып қалуы мүмкін. Мұндай науқастар шамамен 0,7% болады, – деді Е.Дәулетбаев.

Қостанай облысында 3 сәуірден бері 18 547 адам індет жұқтырып, 17 014 науқас емделіп шыққан.

 

Қостанай облысы