Соңғы 10 күннің ішінде солтүстікқазақстандық полицейлер 53 мас жүргізушіні ұстағаны мәлім болды. Шілде айында өткізілген облыстық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі осындай.
«Ал жыл басынан бері облыс жолдарында көлік құралдарын масаң күйде басқарған 117 жүргізуші анықталды», дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. Ал «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасының мақсаты – жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендету. Жыл басынан бері облыста 80 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 12 адам қаза тауып, 99 кісі жарақат алған. 11 жол-көлік оқиғасына мас жүргізушілер кінәлі болып, олардың кесірінен 2 адам көз жұмып, 15 адам жарақаттанған.
Осы жедел-профилактикалық іс-шара аяқталған күннің ертеңіне Петропавл қаласының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаев көшесінде жол ережесін бұзған «Audi» автокөлігімен келе жатқан 23 жастағы жүргізушіні тоқтатқан. Жігіттен алкоголь иісі аңқып тұрған. Медициналық куәландыру оның орта деңгейдегі мас екенін көрсеткен. Сол күні сот шешімімен тәртіп бұзушыға 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек ол алдағы 7 жылда көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Алайда көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың заңсыз рульге отыру фактілері де азаймай отыр. Мәселен, 11 шілдеде Петропавлдағы Шухов көшесінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «ВАЗ-2114» көлігімен келе жатқан масаң күйдегі 33 жастағы қала тұрғынын тоқтатқан. Деректер базасына қарағанда, ол жүргізушілік куәлігінен айырылған азамат екен, ал қазір қолындағы құжаты басқа адамдікі болып шыққан. Бұл заң бұзушылыққа байланысты жалған құжат жасау қылмысы бойынша да іс қозғалды. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 385-бабы – «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сонымен қатар масаң күйде көлік басқарғаны үшін сот шешімімен құқық бұзушыға 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Мінген көлігі арнайы тұраққа қойылды.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының 10 күнінде жол қозғалысы тәртібін бұзудың 4,5 мыңнан астам дерегі анықталған. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтардың арасында маневр жасау ережелерінің 131 бұзушылығы, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетудің 72 фактісі және дәл соншама апаттық жағдай тудыру фактісі, сондай-ақ жылдамдықты асырудың 389 фактісі анықталған.
Солтүстік Қазақстан облысы