Нәби Қайырды 2007 жылдың 27 сәуірінде дүниеге келген. Кішкентайынан спортқа жаны жақын, әсіресе футбол десе ішкен асын жерге қоятын Нәби 6 жасында футбол секциясына барды.
Нақты айтқанда, балдырғанды атасы, жазушы-журналист Қайырды Назырбаев астанадағы №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол секциясына жаздырған еді. Ерінбей, жалықпай талабы таудай немересін жаттығуға апарып жүрді. Нәбидің әкесі Арман да баласының футболға деген құштарлығын байқап, қажетті құрал-жабдықтарды, оқулықтарды әперіп тұрды.
Нәби Алматы, Шымкент, Зерендідегі футбол турнирлеріне қатысып, тәжірибесін шыңдай түсті. Қарсыластар қақпасына бірнеше рет доп соққанда отбасы мүшелері ерекше қуанды.
Арман қызмет бабымен 2019 жылы Киев қаласына қоныс аударды. 12 жастағы Нәби қарап отырсын ба, бастапқыда аула клубтарында бағын сынады. Тәжірибесі толысқан талапты өспірім «Динамо» командасына қабылданды. Мұнда негізінен 16 жасқа дейінгі балалар доп тебетін.
2019 жылдың жазында Арман Қайырдыұлының отбасы Хорватияға қоныс аударды. Нәби ол жаққа барған соң жергілікті «РНК Сплит» клубына қабылданды. Клуб биылдың өзінде Dalmatinko cup турнирінде ширек финалға дейін жетсе, тағы бір турнирде екінші орынға ие болды. Бұл жетістікте қазақстандық жас футболшы, болашағынан үміт күттіретін Нәби Қайырдының да мол үлесі бар.
Футболдан Қазақстанның есесі кетіп, еңсеміздің түсіп жүргені көпшілікке белгілі. Нәби сияқты талантты жастарды өсе келе ел намысын қорғауға шақырсақ, ұтарымыз анық.
– Нәбидің еліне деген ықыласы ерекше. Оның арманы Қазақстанның футболын әлемдік дәрежеге жеткізуге үлес қосу, – дейді бізбен әңгімесінде Қайырды Назырбаев.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері
ӨСКЕМЕН