Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөз сөйлеген Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман елдегі эпидемиологтардың тапшылығын растады, деп жазады Egemen.kz.
А.Шарманның айтуынша, бүгінгі індет елдегі эпидемияның әлсіз тұстарын көрсетті. Иммунолог қазіргі таңдағы кадр тапшылығына байланысты эпидемиологиялық бақылау мәселелерін шешу өте қиын деген пікірде.
«Мен 40 жылдық тәжірибесі бар иммунологпын және өз кезеңінде жұмыс істеген эпидемиолог пен вирусологтардың қандай екенін білемін. Өкініштісі сол, қазір көбісі қызметте емес. Қызметтің бұл саласы өте маңызды. Сондықтан біз жарты жыл бұрын дәрігерлер тобымен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, бұрын болған гигиена және эпидемиология мектебін қайта құру туралы үндеу тастадық. Бұл болашақта эпидемия жағдайында эпидемиолог пен вирусологтардың мықты кадрлық әлеуетін қалыптастыру үшін қажет. Алайда, біз үшін бұл сала бүгін қажет. Сондықтан қазіргі уақытта індет таралуын жақсы қадағалап, кәсіби мамандармен вирусты жеңе алатын эпидемиологтар даярлануда», деді А. Шарман.
Ғалым ел аумағында бұрын болған әлеуеттің жоғалғанын өкінішпен еске алды. Бірақ қазір оны қалпына келтірудің ерекше мүмкіндігі бар. Бұл үшін адам ресурстарына қомақты инвестициялар қажет.
«Медициналық университеттерде эпидемиология және профилактикалық медицина мәселелерімен тікелей айналысатын қоғамдық денсаулық сақтау мектептерін қайта құру қажет. Бұл өте маңызды: біз аурулардың алдын алуға неғұрлым көп инвестиция салсақ, адамдар соғұрлым аз ауырады және емдеуге аз қаржы жұмсалады», деді А. Шарман.