• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Шілде, 2021

Ақтөбе облысында 34 ауылдық округ әкімдері сайланады

623 рет
көрсетілді

Бүгін Ақтөбе облысының Аққұдық ауылы мен 34 ауылдық округінің әкімдері сайланбақшы. Қазір 74 сайлау учаскелерінде ауыл әкімдеріне дауыс беру басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда,  жергілікті уақытпен 11.30-де  сайлау учаскелерінде тіркелген 11 мың 433 сайлаушы  дауыс беріп үлгерді. Сайлауға қатысу белсенділігі жағынан Шалқар, Қарғалы, Әйтеке би, Мәртөк, Хромтау аудандарының тұрғындары озып тұр.

Аудан әкімдерін сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға облыс бойынша 196 полиция қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ 74 полиция қызметкері облыс орталығынан 12 ауданға бюллетендерін сайлау учаскелеріне жеткізуге қатысты.   

Байғанин ауданының Көлтабан, Сартоғай, Қызылбұлақ ауылдық округтері әкімдері, Әйтеке би ауданының Т.Жүргенов, Әйке, Жамбыл, Үшқатты, Тұмабұлақ, Аралтоғай, Қайрақты ауылдық округтерінің әкімдері сайланбақшы.

Мұғалжар ауданы бойынша Қайыңды ауылдық округінің әкімі болуға 3 үміткер тіркелген. Олар «Ақжол» демократиялық партиясының атынан Джали Тлепбайұлы Абдиев, «Nur Otan» партиясы атынан Нұрболат Жоламанұлы Жалғас және өзін-өзі ұсынған Руслан Әділұлы Төребеков. 1225 тұрғыны бар Қайыңды ауылдық округінің Алтынды және Қайыңды елді мекендерінің 712 сайлаушысы өз таңдауларын жасайтын болады.

Қобда ауданының  И.Құрманов, Сарбұлақ, Талдысай, Жарсай, Терісаққан ауылдық округтерінде де жаңа әкім сайланбақшы. Осы ауданда 8 сайлау учаскесі ашылған.