• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Шілде, 2021

Қорықты велосипедпен аралайды

217 рет
көрсетілді

Қостанайлық әуесқой велоспортшылар Науырзым қорығына велосипедпен барып қайтуды жөн көріп отыр. Шараны ұйымдастырып жатқан «Қостанай велоқауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Қанат Сағымбаевтың сөзінше, саяхатшылар сапар барысында ұзынырғасы 440 шақырымды жүріп өтпек.

«Қостанайдың маңайындағы көрікті жерлердің көбін араладық. Енді шалғайда жатқан Науырзым қорығына барып қайтуды көздеп отырмыз. Алайда бұл саяхатқа екінің бірі қатыса алмайды. Өйткені қорық алыс, жол ауыр, біз велосипедпен ғана жүріп отырамыз. Сондықтан мұндай сапарға шығатын адамның төзімді болуымен қатар, оның көлігі де сенімді болуы керек. Егер сендерге ілесе аламын дейтіндер болса, біз қарсы емеспіз. Тек Науырзымға дейін 200 шақырымнан астам қашықтықты басып өтіп, одан соң қорықтың ішінде тағы 200 шақырым жол жүретінімізді ескертеміз», деді саяхатты ұйымдастырушы.

Велосаяхатшылар 31 шілдеде Қостанайдан шығып, 1 тамызда Науырзымның тұмсығына ілігеміз деп жоспарлап отыр. Олар қорықты екі күн бойы аралап, бірнеше экомаршрут бойынша жүріп өтпек.

«Бізге жолдан әуесқой автожүргізушілер де қосылады. Қарамеңдіге жеткен соң, жергілікті тұрғындармен кездесу өткіземіз. Ауыл жастарын туған жердің тамылжыған тұмса табиғатын бізбен бірге тамашалауға шақырамыз», деді Қ.Сағымбаев.

Велосаяхат Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының 90 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.