• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Сайлау 26 Шілде, 2021

Ауыл тарихындағы айрықша оқиға

233 рет
көрсетілді

Қостанай облысында 23 ауыл, 2 кент, 40 ауылдық округтің тұрғындары ауыл әкімдерін тікелей сайлау арқылы анықтады. Өңірде таңғы сағат 7:00-ден бастап барлығы 173 сайлау учаскесі жұмысқа кірісті.

Облыстық сайлау комис­сия­сының мүшесі Әлия Дуанбаева­ның айтуынша, сайлауға барлығы 147 үміткер түскен. Аймақтағы бар­лық сайлау учаскесінде Ор­талық сайлау комиссиясының нұс­қаулығына сай дауыс беру ка­бинеттері жасақталып, кандидат­тар туралы мәліметтер, комиссия құрамы, сот, прокуратура ор­ган­­дары­ның телефон нөмірлері көр­­­сетілген қажетті ақпараттық стенд­­­тер, дауыс беру кабинетіне ен­­ген соң сайлаушының өзін-өзі қа­­лай ұстауы керектігіне дейін тәп­­т­іш­теп түсіндірілген ережелер ілін­­ген. Сайлау учаскелерінде ко­ро­­­на­­­вирусқа қарсы санитарлық сақ­­тық шараларының жан-жақты қа­рас­­тырылғанын да айта кеткен жөн.

Біз тарихи маңызы ерекше сая­си науқанның барысын көзбен көріп, сайлаушылармен тілдесіп көру мақсатында таңғы сағат жетіден кете облыс орталығына жа­қын орналасқан Қостанай ауданы­на қарасты Садчиков ауылдық округіне бардық. Мұнда 1 640 сайлаушы тұрады. Ауылдық округ әкімі сайлауына үш кандидат түсіп отыр. Үміткерлердің екеуі өзін өзі ұсынған. Ал біреуі – «Ақ жол» демократиялық пар­тиясының өкілі.

Сайлау учаскесі ауылдық мектепке орналасқан екен. Есік алдында қаңтарылған көліктер, кіресілі-шығасылы сайлаушылар көп. Құжаттарымызды көрсетіп, ішке еніп, сайлау учаскесінің төрағасы Александр Рябичевке жолықтық.

– Таңғы сағат алтыдан бастап жұмысқа кірістік. Сейфті ашып,  комиссия мүшелеріне сайлау бюллетеньдерін үлестіріп бердік. Олар бюллетеньдерді тағы бір санап алды. Байқаушылар мен сенімді тұлғалар тіркеліп болған соң, 6:30-да сайлаушы бюллетень салатын жәшіктерге мөр бастық. Сағат тура жетіні соққанда, еліміздің Гимні орындалып, сайлау учаскесін аштық. Санитарлық нормаға сәйкес бұл сайлауға 4 байқаушы қатысып отыр. Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысып жатыр. Қазір сағат 7:40-ты көрсетіп тұр, осы уақыт аралығында 50-ден астам сайлаушы дауыс беріп үлгерді, – деді Александр Яковлевич.

Сайлау барысында қандай да бір заңға қайшы дүниелердің, кемшіліктердің болмағанын байқаушылар да айтып отыр.

– Сайлау учаскесі белгіленген уа­­қытта ашылды. Кіреберісте дә­рі­­герлер кезекшілік етіп тұр, ол әр дауыс берушінің дене қызуын өл­шеп, тексеріп өткізеді. Сай­лау­шы­­лар тарапынан да, сайлауды ұйым­­дастырушылар тарапынан да еш­бір заң бұзу әрекеті болған жоқ, – деді «Партиялық емес бақылау ор­­та­­лығының» өкілі Аңсаған Жүрсінов.

– Сайлау учаскесі ашыл­ға­лы осында жүрмін. Облыстың бас санитарлық дәрігері шығарған қаулының талап-ережелері то­лық сақталуда. Сайлаушылар кіре­берісте қолдарын антисептик­пен тазалап кіруде, сондай-ақ барлық дауыс берушілерге жеке қорғаныш заттары – бетперде, медициналық қолғап, тіпті қаламға дейін беріліп жатыр. Одан кейін жеке куәлігін көрсеткен дауыс берушіге бюллетень беріліп, сайлаушылар өзі таңдаған кандидатқа дауыс­тарын беріп жатыр. Ешбір заң бұзушылық орын алған жоқ, сайлау ел заңнамасына сәйкес өтіп жатыр, – деді сайлау бары­сын бақылап отырған «Ақ жол» пар­тиясының өкілі Галина Дудина.

Садчиков ауылының тұрғыны Алтын Ержанова сайлау барысын үміт­керлердің бірінің сенімді адамы ретінде бақылап отыр екен.

– Сайлау заң талаптарына сай өтіп жатыр. Тұрғындар көп келіп жатыр. Бұл науқанның басты мақсаты бәріне түсінікті. Бүгін ауыл халқы өзі жақсы білетін, іскер, тәжірибелі азаматты таңдауға тиіс деп ойлаймын. Болашақ әкіміміз ауылымыздың бүгіні мен ертеңін тең ойлап, барлық күш-жігерін салып, осы елдің көркеюіне, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына, жұмыс орындарының көптеп ашылуына бар күш-жігерін жұм­сайды деген сенімдемін, – деді байқаушы.

Сайлау учаскесіне ерте кел­гендіктен, ауылдық округ бойын­ша ең бірінші дауыс берген тұр­ғынмен тілдесудің сәті түсті. Үш баланың анасы Светлана Черепанова өзі таңдау жасаған үміткерге сенетінін жеткізді.

– Мен бүгін сайлауға ең бірін­ші болып келдім. Дәл 7:00-де осы жерде болып, өз таңдауымды жасадым. Төрағаның қолынан сыйлық алдым. Жалпы, біздің ауылымыз үшін бұл сайлаудың маңызы зор. Өйткені бұған дейін ауыл әкімін аудандық мәсли­хат сайлайтын. Енді халық өзі сайлаған соң, осы ауылды жақсы білетін, жанашыр, жергілікті азамат әкім болатын шығар деген үміттеміз. Мысалы, менің үш балам бар, бірақ ауылда мектеп жанындағы балалар орталығы жұмыс істеп тұр­ғаны­мен, әлі күнге дейін жеке бала­бақша жоқ. Болашақ әкім осы мәселені шешуге күш салады дег­ен үміт­темін, – деді С.Черепанова.

 

Қостанай облысы