Осыдан он жыл бұрын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Kazsat-2 байланыс және хабар тарату жерсерігі ұшырылған еді. Жекеменшік жерсерікті ұшырудағы мақсат жалғыз – елімізді жоғары деңгейлі интернет және байланыс қызметімен қамтамасыз ету. Обалы не керек, бұл тарихымызда қолға алынып, мәресіне аман-есен жеткен, пайдасын тигізіп те жатқан бірегей жоба болды. Айтпақшы, ғарыш аппаратының қызмет ету аймағы біздің елді ғана емес, күллі Орталық Азияны қамтиды.
Қазір осы Kazsat-2-нің қызметін ел аумағында 13 мыңнан астам жер стансасы бар 15 негізгі қазақстандық оператор пайдаланып отыр. Спутник іске қосылғаннан кейін байланыс операторларына байланыс қызметтерін ұсыну, ақпараттық қызмет аясын кеңейту, электронды үкімет, интернет және ұялы байланыс жұмысын жақсарту мүмкіндігі айтарлықтай өсті. Жер серігінің белсенді өмір сүруі 12,5 жылға есептелген. Техникалық ресурсы 14,5 жылды құрайды. 2021 жылдың 16 шілдесіндегі жағдай бойынша ғарыш кемесінің жүктемесі 70 пайыз деңгейінде екен. «Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2021 жылдың 16 шілдесіндегі ақпар бойынша жерсерік 3654 тәулік бойы ұшып жүр, осы уақыт аралығында 13 мың жерсеріктік басқару сеанстары өткізілді, байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарын басқаруды қамтамасыз етуге кем дегенде 40 инженер қатысты» делінген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінде.
Бүгінде екі аппараттан (Kazsat-2, Kazsat-3) және «Ақкөл» (Ақмола облысы), «Көктерек» (Алматы облысы) деп аталатын екі басқару кешенінен тұратын Kazsat ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі стратегиялық және ақпараттық қауіпсіздікке кепілдік бере отырып, елімізді байланыс және хабар тарату қызметтерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр.
Соңғы жылдары қазір ғарышта жүрген Kazsat-2-ні алмастыратын KazSat-2R жерсерігін құру туралы сөз бола бастаған. Тіпті жаңа жерсеріктің ғарышқа 2024 жылы ұшатыны, оны Airbus компаниясы жасайтыны да белгілі болған. Бұл мақсатқа мемлекет 40 млрд теңге қарастырған еді. Алайда ел бұл салмақты жобадан бас тартатын сияқты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстан KazSat-2R жобасын тоқтату арқылы миллиардтаған қаржыны үнемдеп қалады. Бұл туралы ведомство басшысы президентпен кездесуінде де айтты. Мұның есесіне қазір KazSat-2-ні төмен орбиталық жерсеріктеріне алмастыру үшін Starlink, Oneweb және SES жобаларымен келіссөз жүргізуде.
«Бізде KazSat-2 және KazSat-3 байланыс жерсеріктері бар. 2024 жылы KazSat-2 жұмысын тоқтатады. Әуелде біз оны алмастыруды ойлағанбыз, алайда Starlink және Oneweb сияқты төмен орбиталы жерсеріктердің дамуы жағдайға басқаша қарауға әсер етті. Мен KazSat-2R жобасын қарастырмауды ұсындым. Өйткені әлемде жаңа технологиялар дамып жатыр. Геостационарлық спутниктер қажетті жылдамдықты бере алмайды. Яғни KazSat-2 жерсерігі 8 мегабит берсе, төмен орбиталы жерсеріктер гигабитке дейін жылдамдық бере алады. Екеуінің айырмасы жер мен көктей. Сол себепті біз уақыты өткен технологияларға ақша салмауымыз керек», деген еді Б.Мусин.
Халықаралық жобалармен келісім жасаламын дегенше KazSat-2-нің міндетін KazSat-3 атқара тұрады. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаевтың айтуынша, KazSat-2 өз жұмысын аяқтағаннан кейін (шамамен 2024-2025 жылдары) мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың желісі KazSat-3-ке ауыстырылады. Сондай-ақ цифрлы телерадио тарату, елдің қорғаныс жүйесін қамтамасыз ету де KazSat-3-тің мойнына жүктелмек. Шамамен 2029 жылға таман Kazsat-3-те ғарыштағы сапарын тәмамдайды деген жоспар бар.
Министр айтып отырған Starlink – әйгілі SpaceX компаниясы жасаған жаһандық спутник жүйесі. Ол интернеті мүлдем жоқ, қымбат немесе сенімсіз жерлерді жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етеді. Жалпы, Starlink-ті самғатудағы бірегей мақсат – күллі жер жүзін интернетпен қамту еді. Ол үшін жерге жақын орбитаға 12 мың спутник шығарылуы тиіс (10 млрд долларды керек етеді). Қазір тек 1800-і ғана шығарылған және олар сынақ жағдайында жұмыс істеуде. Барлық қажетті жерсеріктері түгел шығарылған соң SpaceX интернет таратуға рұқсат алу бойынша келіссөздерді бастайды. Алайда ондай рұқсатты алуды әр ел жеке жүзеге асыруы тиіс және бұл процесс тым ұзаққа созылуы мүмкін. Әзірге Starlink интернетінің жүктеу жылдамдығы 135 Мбит/с, интернетті беру жылдамдығы 25 Мбит/с болып тұр. Сигнал сапасы айтарлықтай тұрақты емес. Қаншалықты көп спутник ұшырылса, сигнал сапасы да соншалықты тұрақтала түседі.
Мусиннің де үміт етіп отырғаны осы – Starlink. «Бұл ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылмаған ауылдық елді мекендерді, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, бизнес-қауымдастықты кең жолақты интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Әрбір елді мекенді интернетпен қамту үшін SpaceX-пен келіссөз жүріп жатыр. Телепорт стансасын Алматы маңына орналастыру және сынақ үшін бес елді мекенге қосу туралы алдын ала келісім бар» деген еді бір сөзінде.
Қазір ауыл түгіл қаланың өзінде интернет жиі тартпай қалып жатады. Speedtest Global Index дерегі бойынша еліміздегі мобильді интернет жылдамдығы 53,38 Мбит/секундты құрайды. Интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан әлемде 86-орында тұр. Осы тұрғыдан алғанда Б.Мусиннің KazSat-тан бас тартуын, Илон Маск жобасына үміт артуын түсінуге болатындай.