• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 27 Шілде, 2021

Індеттен сақтанудың ұтымды жолы

338 рет
көрсетілді

Екпе көпке текке салынып жатқан жоқ. Мұны еліміздің әрбір азаматы іштей шындап түйсініп келе жатқан сыңайлы. Өйткені бүгінде әу баста ел ішінде қаулап кеткен екпе төңірегіндегі алыпқашпа әңгіме кәдімгідей саябырсып қалды. Бұқараның дені енді індетке төтеп берудің жалғыз жолы вакцина қабылдау екенін дұрыс түсіне бастағандай. Бұған Қостанай облысында қарқынды жүріп жатқан вакциналау үдерісі дәлел бола алады.

COVID-19-ға қарсы вакциналау шаралары басталғалы бері өңірде 26 мемлекеттік, 5 жекеменшік медициналық мекеме екпе жұмыстарымен айна­лысып жатыр. Тұрғындар вак­цинаның біріншісін де, екін­шісін де осы мекемелердегі арнайы жабдықталған кабинеттерде қабылдауда. Мұның сыртында, 181 стационарлық және көшпелі екпе пункттері жұмыс істейді. Медициналық мекемелерде вакцина сақтауға арналған 104 тоңазытқыш бар. Қазір бұл құрылғыларда вакцинаның 173 мың дозасы сақталып тұр. Облыс­тық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, ақпан айының басынан бастап бүгінге дейін өңірге вакцинаның 259 мың 500 бірінші компоненті, 183 мың 250 екінші компоненті әкелінген. Оның ішінде Спутник V вакцинасының 209 мың доза бірінші, 132,75 мың екінші компоненті, сондай-ақ 4 мың адамға жететін QazVac дозасы, Hayat-Vax вакцинасының 32,5 мың адамға жететін 65 мың дозасы, CoronaVac-тың 14 мың тұрғынды вакциналауға болатын 28 мың дозасы бар.

– Облыста бүгінге дейін 231 мыңға жуық адам вакцина қабылдады. Екпе сал­дыр­ғандардың алдыңғы шебінде мұғалімдер тұр. Соңғы мәлімет бойынша, өңірде 16 070 педагог, 10 708 медицина қызметкері, 7 429 полиция және төтенше жағдай қызметкері, 4 359 студент, 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші, 23 504 созылмалы ауруы бар науқас, 162 443 өзге санаттағы азаматтар вакцина қабылдады. Олардың 130 мыңы екінші компонент салдыр­ды. Өңірде вакциналау шараларына тиісті дайындықтан өткен 426 медицина қызметкері қаты­суда, – деді облыстық денсау­лық сақтау департаменті басшы­сының орынбасары Анжела Бек­сұлтанова.

Емханалардың сыртында, облыс орталығындағы ха­лық көп шоғырланатын қоғам­дық орындарда, мәселен, Kostanay Рlaza сауда-сауық орта­лығында, «Астықжан» супермаркетінде, City Kostanai бизнес-орталығында, Руд­ный қаласының орталық әмбе­бап дүкенінде жекелеген екпе кабинеттері жұмыс істеп тұр.

Шектеу талаптарының қатая түскеніне қарамастан, өңірдің эпидемиялық ахуалы мәз емес. Қостанай облысы – «қызыл аймақта». Өңірлік жедел штаб мәліметіне сүйенсек, 25 шілдеде облыс бойынша COVID-19-дың 181 жағдайы тіркеліп, бір тәуліктің ішінде науқастар санының өсу қарқыны 0,94%-ға жетті. Жалпы, облыста ең алғаш­қы тұрғын індет жұқтырған былтырдың 3 сәуірінен бастап бүгінге дейін COVID-19-дың 19 мың 378 жағдайы тіркеліп, 17 558 науқас емделіп шыққан.

 

Қостанай облысы